«Мүйіз тарақ» әңгімесін оқи бастағанда көз алдыңа бірден үш қоғамдық формация текшеленіп келіп тұра қалады. Бірінебірі жымдаса жалғасқан, ымыралас, ықпалдас бейнеленген, кейіпкер өмірінің кезеңдері бойынша кестеленіп, өзара келісіп алғандай бірін-бірі алмастыра жүреді.
О баста кейуананың күнделікті күйбең тіршілігін суреттеуден басталған әңгіме жазушының бала күнінде туған ауылында көз алдынан өткен осы оқиғаны еске алуымен аяқталады. Бірақ жазушы жаңа заманның, жаңа қоғамның биігінен көз тастап отырғанда да алдында бейнеленетін екі қоғамдық формацияға баға беруге тырыспайды. Тіпті кейіпкерлердің өзін жақсы мен жаманға бөлмей, адал мен арамға алаламай, тек олардың іс-әрекеттері арқылы оқырманға өзінше ой қорытуға мүмкіндік береді. Характерлерді детальдар арқылы ашады.
Адам өмірінің өтуін, жастықтың кекселікке, кекселіктің мосқалдыққа, мосқалдықтың қарттыққа ұласуын, тіпті қоғамдық формациялардың өзгеруін, ұлт өмірінің қысылтаяң шақтарын, адамдардың құрбандыққа баруын, тіпті сатқындық пен әлімжеттілік, зұлымдық пен ашкөздіктің өзін төрт деталь арқылы бізге ашып береді. Оның біріншісі – күміс тарақ.
Біз күміс тарақ арқылы кейіпкер өмірінің алғашқы кезеңіне, шекараның арғы бетіне, Рымкеш кейуананың қыр гүліндей құлпырған жастық шағына барамыз. Қытай қазақтарының Мао билеген шақтағы өміріне көз салып тұрамыз. Сол өмірден беріге қарағанда Қазақ елі – бұрынғы Кеңестік Қазақстан «арғы бет» болып саналады. Бұл сәтті жазушы «Бұлықсып бойжеткен шағында ағасы Тұрсынахметтің сыйға тартқан күміс тарағын ұстап жүретін. Е, ол да бір заман екен ғой», деп тұспалдап береді.
Күміс тарақ – жастықтың, тазалықтың, адамдарға деген сенімнің, аға мен қарындас арасындағы сүйіспеншіліктің, туған жерге деген махаббаттың белгісі ретінде көрінсе, әңгіме барысында зәлімдіктің, ашкөздіктің, құмарлықтың, шолақ белсенділердің шалағай ойының, кеңестік жүйенің ескіге шүйлігуінің, ұлттық жад пен архетиптік санаға шабуылдың қара таңбасына айналып шыға келеді:
«Ол тараққа сүзіле қарап, еш қымсынбастан тістеп те көрді. «Күміс». Сосын осындайдағы әдетіне көшіп ұзақ былдырлады. Артынан майысқақ қазақ сөйледі. Ол да қайдағы пәлені жаудырып, біраз бұрқылдады. Ұққаны: мынандай тарақты ұстау қате екен. Түбірімен саяси қате. Мұның түбін тергеп-тексеру қажет. Қайдан шыққанын анықтау ләзім. Әйтпесе қиын, өте қиын. Жә, нәшәндік жолдас бір жолға кешірім етеді. Нәшәндік жолдас мейірімді, өте кең адам ғой. Сондықтан ескінің сарқыншағы саналатын тарақтың көзін құртқан абзал». Шай құйып отырған келіншектің күміс тарағы саяси қателік атанып, құрбандыққа осылай шалынып кетеді. Арғы бетте ағасы, бергі бетте тарағы талқыға түсті.
Жазушы алғашқы екі қоғамдық жүйенің – коммунистік идеяның ұқсас ойлау жүйесін осылайша көрсетеді.
Жазушы өзінің кейіпкері Рымкеш пен күйеуінің келген жерін, бекіген мекенін «Ұлықтар күн шапағы Жоңғардың (яғни Жоңғар Алатауының) алқаракөк шыңдарына түйреліп, Алтын шаңырақ тауының иығына қона бергенде жінігіп жетіп келді», деп суреттейді. Осы сөйлемдегі «жінігіп» деген сөзге ерекше назар аударайықшы. «Жінігіп» дегенде біздің көз алдымызға апыл-ғұпыл асығыс жүрген құдайы қонақтай көрінер адамдардың бейнесі емес, желіккен, екі иығын жұлып жеген, жемтігіне құлдилай құлаған құстай, пиғылы бұзық, пейілі нас, баса-көктей, міндетсіне келген адамдардың тобы келіп тұра қалады. Бір сөзбен келуші меймандардың жүріс-тұрысын ғана емес, мінез-құлқын да жайып салуды жазушының шеберлігі деп атауымыз керек.
Екінші деталь: құлын. Әлгі қонақтардың ішіндегі дөкейі құлын етіне жерік болып шығады. Келерден бұрын кісі жіберіп, дастарқанға құлын етін қоюды бұйырған көрінеді.
Рымкеш күйеуі екеуі құлындарды ерекше жақсы көретін, оның себебі: бір перзентке зар болып жүрген қос мұңлықтың қолдан сүт беріп өсірген жетім құлындары бар еді. Жазушы оны: «Енді, міне, сол құлынды жейтін қонақ келе жатыр» деп күрсініске толы сарказммен береді. Осы құлынды қонаққа шалу мен кейін қос мұңлықтың жалғыз ұлы құздан ұшып өлуін қатар қойғанда, ойымызға Қарабай мен Сарыбайдың маралдың киесі ұрған мезеті еріксіз оралады.
Үшінші деталь: орамал. Орамал қазақ ұғымында әйелдің қадірі мен киесі ретінде бейнеленеді. Жазушы оны: «әйелдің шашы шашылмауы керек. Әйелдің шашы жерде шашылып жатса, бұ фәни жалғанды ерте тастап кеткен ұрпағы әр талын жинап, қиналып жүретін көрінеді», деп сол ұғымға сүйене сөз етеді. Ал келген қонақтар болса, «Сәбет әйелі ошақтың басынан озғалы қашан. Сіз де қысылмай еркін отырыңыз. Сәбет әйелдері еркін, ашық болуы керек. Сол үшін алдымен мына басыңыздағы жаулықты сыпыра салыңызшы. Қытайдағы іріп-шіріген әйелдер болмаса, біздің қазақ-сәбет әйелдері мұндайды қазір бұйым көрмейді. Қане, жұлып тастаңыз, құрысын!» дейді. Әйел амалсыз жаулығын сыпырып тастайды. Осы жаулықты сыпыру мен кейін жалғыз ұлының әйелі яғни келіні керенау шығып, ошақ бұзып, отын тастап, кетіп қалуын қатар қойғанда, көп жайдың салдары алғашқы себептерде жататынын аңғарамыз. Жалпы, жазушы осындай әр деталь арқылы себеп пен салдарды ашады, параллельдер пайым тудырады.
Төртінші деталь: терек. Жазушы шымнан соғылған үйдің жанында өскен, кезінде баласы Тойшан еккен жас шыбықтардың қаулап өсіп, кейін алып теректерге айналғанын көрсетеді. Осы теректердің өсуі арқылы өмірдің өтуін бейнелейді. Жас шыбықты жел жығып, я болмаса жапырағын қозы-лақ жеп кетпесін деп қоритын ағашы қазір үйдің төбесінен үрей тудыра судырлап тұрады. Осы теректің судыры арқылы жалғыздықтың үрейін сезіндіреді. Әңгіменің өн бойында кейуана жұмыстан келер ұлын тосып, ас даярлап жүреді. Бірақ оның ұлы өмірде жоқ екені, оның бәрі жай ғана елес, жалғыздық пен құсадан туған елес екені әңгіме соңында ғана ашылады. Тек терезе сыртындағы теректің, жалғыз ұлы еккен теректің бұтақтары терезені қаққанда байғұс ана ұлым келіп қалды екен деп елегзиді, елеңдейді.
Жазушы кейіпкер психологиясын, кезең тынысын, жалғыздық пен кәрілік, құсалы қайғы мен ұмытшақ көңілді дәл суреттеп, нақты көрсету үшін әдеби троптарды кеңінен әрі еркін қолданады. Соның бірі – кейіптеу. Яғни жансыз дүниеге жанды дүниенің қасиетін көшіріп қолдану. Мұны біз «ас үйдің бір қабырғасына қапталдаса мінген пеш», «кемпір шоқаңдаған қалпы тошалаға сүңгіп кетті де, қазан сүйреп қайтты», «сосын шоқаңдай жылжып барып тоқ шәугімді бауынан босатқан», «дәлізге бара жатып қара шелекті қаңғырлатып ерте шықты» деген жолдардан анық аңғарамыз. «Қабырғаға мінген пеш» дегенде оның бір сәтте мысық бейнесіне, «сүйрелген қазан» дегенде табандап жүрмей қойған қозы мен лақ, «тоқ шәугімді бауынан босатты» дегенде күшікті босатқандай, «қара шелекті ерте шықты» дегенде баланы ерте шыққандай әсерде қаламыз. Мұның бәрі – жалғыздық күйі. Жалғыз кейуананың көңіл дүниесін, оның әрбір затпен адамша сөйлесіп жүруін осы кейіптеу әдісі арқылы шебер берген.
Дәурен Қуаттың «Мүйіз тарақ» әңгімесі – кісі көңіліне аласапыран күй кештіретін, кейіпкер қайғысы арқылы ұлттық трагедияларға өтетін, бөлшек арқылы бүтінді көрсететін, жаңа қазақ прозасының талабына толық жауап беретін, он бет арқылы ондаған жылдар туралы ой тудыратын шығарма.