Нұр-Сұлтанда Медициналық сақтандыру қорының елордадағы филиалы мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшыларының қатысуымен «МӘМС: медициналық қызметтер, КВИ және медицина қызметкерлерінің үстемеақысы» тақырыбында онлайн-брифинг өтті.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, елорда бойынша 2021 жылға арналған сатып алу жоспары негізінде халыққа медициналық көмек көрсету үшін 17,2 млрд теңге, оның ішінде тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі аясында 9,2 млрд теңге, ал медициналық сақтандыру пакетіндегі медициналық қызметтерге 8 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта қор Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 108 медициналық қызмет жеткізушімен келісімшарт жасады, оның 71-і – жекеменшік клиника. Жыл өткен сайын халыққа медициналық қызмет көрсететін жекеменшік қызмет жеткізушілердің үлесі артуда. Бұл пациенттің үздік клиниканы таңдауына мүмкіндік береді. Медициналық қызмет жеткізушілер тізімін қордың fms.kz сайтынан қарауға болады. Аймақтық бөлікте қарастырсақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы жекеменшік медициналық қызмет жеткізушілердің үлесі – 66%.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Сovid-19 және вирустық пневмониямен күресуге жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуді жалғастыруда. Елордада 2021 жылдың 5 айында осы індетпен күресуде аянбай көмек көрсеткен 22 517 медицина қызметкеріне 8,9 млрд теңгеден аса үстемеақы төленді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорда филиалының директоры еңбек жағдайларының қауіптілік дәрежесіне байланысты медицина қызметкерлерін көтермелеу сомасы 20, 10 және 5 ЕТЖ құрайтынын, ең жоғары мөлшерлеме инфекциялық стационарлар мен реанимациялардың дәрігерлеріне, орта және кіші медициналық персоналына, провизорлық стационарлардың қызметкерлеріне, жедел медициналық көмектің, оның ішінде МСАК жанындағы дәрігерлер мен фельдшерлерге, ең төмен мөлшерлеме карантиндік стационарлардың, шұғыл стационарлар мен МСАК ұйымдарының қабылдау бөлімшелерінің қызметкерлеріне, зертханалардың мамандарына, санитарлық-эпидемиялық қызметтің қызметкерлеріне берілгенін атап өтті.
Осыған сәйкес қауіптің 1-тобы бойынша 8 861 қызметкерге 5,7 млрд теңге сомасында (бір қызметкерге 850 000 теңге), қауіптің 2-тобы бойынша 5 456 қызметкерге 2 млрд теңге сомасында (бір қызметкерге 425 000 теңге), қауіптің 3-тобы бойынша 8 200 қызметкерге 1,3 млрд теңге сомасында (бір қызметкерге 212 500) үстемеақы төленді.
– Осы жерде айта кетейік, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржы операторы рөлін атқарады. Егер медицина қызметкерінде үстемеақы есептеу бойынша сұрақтар туындаса, жедел штаб жанындағы өңірлік комиссияға жүгіну қажет. Өңірлік комиссиялар ай сайын үстемеақы алушылардың тізімін жасайды және оларды ӘМСҚ-на жібереді. Комиссия құрамына Өңірлік бас мемлекеттік санитарлық дәрігер, Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры филиалының, жергілікті денсаулық сақтау басқармасының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коронавирус инфекциясымен күрес аясындағы іс-шараларды қаржыландырудың жалпы сомасы 2021 жылдың 5 айында 16,38 млрд теңгені құрады, деді Н.Қабдықапаров.
Жиын барысында ол коронавирус инфекциясы және пневмониямен ауырған елорда тұрғындары медициналық көмекті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан тегін алатынын атап өтті. Қор еліміздегі оңалту шараларын, оның ішінде ковидпен ауырғаннан кейінгі оңалту шараларын дамытуды барынша қолдайды, бұл қауіпті созылмалы аурулардың ерте сатыда дамуының алдын алуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы оңалту қызметтерін көрсететін 45 медицина ұйымымен келісімшарт жасаған. Олардың ішінде жекеменшік 20, мемлекеттік 22, республикалық 3 медицина ұйымы бар.
Жалпы, медициналық оңалту үш кезеңнен тұрады. Біріншісі, ауруы асқынып тұрған науқастарға, хирургиялық операция жасатқан, жарақат алған адамдарға арналған. Бұл стационарлардың құрылымдық бөлімшелерінде жүргізіледі. Егер пациентті ауруханаға жатқызу қажет болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін және негізгі ауру емделіп болғаннан кейін пациент оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жіберіледі. Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдары, мамандандырылған оңалту орталықтары мен көпбейінді стационарлар базасында өтеді. Бұл кезең ауру басталған сәттен бастап тоғыз ай ішінде жүргізілуі қажет. Курстың ұзақтығы мен жиілігі нозологияға, науқастың денсаулық жағдайына, тағы да басқа факторларға байланысты. Үшінші кезеңде медициналық оңалту емхана-амбулатория деңгейінде, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында, шипажайлар мен курорттарда, үйдегі стационар жағдайында, сондай-ақ қашықтан жүргізіледі. Курстың жиілігі мен ұзақтығы пациенттің денсаулығына қарай белгіленеді.
Коронавирус инфекциясымен немесе орташа, ауыр және аса ауыр деңгейдегі пневмониямен ауырған пациенттер Медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен оңалтудан өте алады. Азаматтар үйінде емделді ме, әлде ауруханада емделді ме, оған қарамайды. Медициналық оңалтуға жолдама реабилитолог маманның қатысуымен аурухананың немесе емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы бойынша беріледі. Оңалту қажеттігін бағамдау барысында мынадай көрсеткіштер тексеріледі: тыныс алу органдарының қызметі (сатурация деңгейі, КТ/рентгенографиядағы өзгерістер), күнделікті өмірге қабілеті (Бартел индексі). Елордада 2021 жылдың 5 айында 3,23 млрд теңгеден аса сомаға (оның ішінде күндізгі стационарларда – 35 584, тәуліктік стационарларда – 131 924) оңалту қызметтері көрсетілді. Амбулаториялық-емханалық деңгейде 204 млн теңге сомасына 252 001 қызмет көрсетілді.
Індеттің жеңіл түрімен ауырған науқастар ПТР-тест нәтижесіне қарамастан, тек емдеуші дәрігерінің тағайындауы бойынша ыстық түсіретін дәрілер мен антикоагулянттарды өзі тіркелген емханадан ала алады. МӘМС жүйесі, медициналық көмек алу, тағы да басқа сұрақ туындаған жағдайда Қордың елордалық филиалына 1406 байланыс орталығы немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы SaqtandyryBot, Қордың fms.kz сайты арқылы хабарласуға болады.