• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 08 Шілде, 2021

Проблемалар тізілімі бекітілді. Әсіресе, батыс өңірлердегі экологиялық ахуал алаңдатарлықтай

2141 рет
көрсетілді

Өзендердің ластануы мен құрғап қалу проблемалары, арналарда заңсыз құрылыстар салу фактілері, елді мекендерді сумен жабдықтаудың мардымсыз жағдайы Nur Otan партиясының Экологиялық кеңесінің отырысында талқыланды.

Баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша партиялық алаңда Nur Otan-ның өңірлік экологиялық кеңестері ұсынған 200 түйінді мәселенің тізімі қаралды. Оларды жүйелі түрде шешу үшін отырыс қорытындысы бо­йынша Ұлттық және өңірлік деңгейдегі эко­логиялық проблемалардың тізілімі бекітілді.

Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Дүй­сенбай Тұрғановтың айтуынша, бүгінде Аты­рау облысындағы жағдай күрделі. Өңір негізінен Жайық және Ойыл, Сағыз бен Жем өзендерінен су алады.

«Осы өзендердегі су көлемінің азаюы жер асты көздерінің сарқылуына, елді мекен­дерді сумен жабдықтаудың нашарлауына, шабындықтар мен жайылымдардың шөлейт­тенуіне алып келеді. Яғни халық саны 2 миллион адамнан асатын батыс өңірдің экологиясы мен ауыл шаруашылығы өндірісіне айтарлықтай теріс әсер етеді», деді ол.

Су тапшылығы мен құрғақшылық салдарынан мал жаятын және шөп шабатын жерлер нашарлап, мал шығынына әкелді. Мәселен, Маңғыстау облысында 2020 жылы мал өлімінің 4883 жағдайы тіркелсе, биылғы бірінші тоқсанда 1332 бас мал шетінеген. Осындай жағдай Атырау облысына да қауіп төнідіріп тұр.

«Жем-шөп пен суару көздерінің жетіс­пеу­шілігінен ауыл тұрғындары қазірдің өзін­де ұстап отырған малдарынан құтылуға мәжбүр. Жайық өзенінің жайы үлкен алаң­даушылық туғызады. Оның бассейнінде көлемі 10 млн. текше метрден астам 12 ірі су қоймасы және күрделі құрылыстары бар 80-ге жуық су торабы салынды. Бассейннің барлық шағын өзендерінде 3100-ге жуық жер бөгеті жүйесіз тұрғызылып, Жайық суының деңгейіне орны толмас зиян келтірді», деп дабыл қақты Дүйсенбай Тұрғанов.

Сонымен қатар бассейн бойындағы өнер­кәсіптік кәсіпорындар суды мұнай өнімдерімен, ауыр металл қосындыларымен және хлорорганикалық пестицидтермен, ал адамдар қоқыс пен қалдықтармен ластап келеді. Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің ақпараты бойынша, Жайық өзенінің ағысын зерттеген кезде оның жылдан-жылға кеміп бара жатқаны анықталған.

Экологиялық кеңес өкілдері су ағын­дарын қорғау мәселесінде салалық ведомство­лар сылбырлық танытты деп санайды. Оған бүтін бір аймақ үшін тіршілік нәрінің не­гізгі көзі болып отырған Жайық өзені­нің ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысан­дарының тізіміне енбей қалуы дәлел.

Сондай-ақ Жем, Ойыл және Сағыз сияқ­ты өзендерде де ағынның өте аздығы бай­қалады. Оның басты себептердің бірі – Ақтөбе облысының аумағында өз бетін­ше салынған бөгендер мен бөгеттер. Дүй­сен­бай Тұрғановтың айтуынша, Ақтөбе облысының Мұғалжар, Қобда, Темір және Ойыл аудандарының аумағын шолып шық­қан кезде Ойыл өзенінің жоғарғы ағысы мен бас­сейндерінде әртүрлі нысандағы 57 гид­ро­техникалық құрылыс анықталды. Олар­дың 8-і – республикалық меншікте, 3-уі – ком­муналдық меншікте, 34-і – иесіз бөгеттер.

Осыған байланысты Ақтөбе облысының әкімдігіне су көздерін тазалау және барлық заңсыз гид­ротехникалық құрылысты бұзу ұсынылды.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов бүгінде аталған жұмыстар басталып, өңірде экологиялық жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп жатқанын айтты. Оның ішінде, Елек өзенін хромнан тазарту басы ашық мәселе күйінде қалып отыр.

Жиын барысында Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов салада кадрлардың жетіспейтіндігіне назар аударып, көбінесе үш облыста бір-ақ инспектор жұмыс істейтінін алға тартты.

Отырыс қорытындысы бойынша бір­қатар ұсыныс айтылды. Енді аталған мәселелерге орай тиісті шаралар қабылдануы керек.