Ел өңірлерінде «Елбасы жылуы» ауқымды қайырымдылық іс-шарасының екінші кезеңі басталды. Ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған.
Іс-шараның мақсаты – аз қамтылған көпбалалы және ерекше күтімді қажет ететін балалары бар отбасыларға көмек көрсету. Оларға ұн, картоп, жеміс, күріш, қарақұмық, шай, қант, күнбағыс майы сияқты азық-түліктер, гигиеналық заттар және басқалар жеткізіп беріледі. Қайырымдылық акциясына іліккен әр отбасы 130 килограмға дейін тауар ала алады.
Айта кетейік, бұл іс-шара екінші рет өткізіліп отыр. Ол алғаш рет осы жылдың сәуірінде ұйымдастырылған еді. Ол кезде азық-түлік өнімдері және аса қажет басқа да тауарларды Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарынан 681 отбасы алған.
Бұл жолы қайырымдылық іс-шарасы Тараз, Талдықорған, Орал қалаларында, сондай-ақ Алматы және Ақмола облыстарында тұратын 1 000 отбасыны қамтиды.
– Мұқтаж жандарға көмек көрсетуге ұмтылу – халқымызға тән қасиет. Коронавирус пандемиясы біздің қоғамда қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыруға дайын жандардың көп екенін тағы бір рет көрсетті. Ондай адамдардың қатарына «Дегдар» қорының қызметкерлерін, LIDER KZ еріктілер қозғалысының мүшелерін жатқызуға болады. Олар Нұрсұлтан Назарбаев Қорымен бірге аймақтарда «Елбасы жылуы» іс-шарасын ұйымдастыруға көмектесіп жүр, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.
Оның айтуынша, «Елбасы жылуы» – коронавирус пандемиясынан зардап шеккендерге қолдау көрсетуге бағытталған бастамалардың бірі. «Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған Birgemiz қорының жұмысы барысында миллиондаған жерлесіміз қаржылай да, азық-түлік түрінде де көмек алып, медициналық заттармен қамтылды. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қатаң карантиннің алғашқы күндерінен-ақ медициналық заттар сатып алуға, медицина қызметкерлерін қолдауға 200 миллион теңге бөлді. Содан кейін Қор емдеу мекемелеріне коронавирус инфекциясынан қорғанатын медициналық құралдарды, өкпені жасанды тыныстандыру (ӨЖТ) аппараттарын алып берді».
«Дегдар» қорының директоры Лаура Ахметова осы іс-шара туралы былай деді: «Жобаның бірінші кезеңі оның маңызы зор екенін көрсетті. Адамдар біздің көмегімізді алғыстарын жаудыра отырып қабыл алды.
Біздің халқымыз қашанда бір-біріне қолғабыс жасау дәстүрімен мықты. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен «Дегдар» қорының бастамасы еліміздегі көптеген қайырымды жанның игі ісі арқылы жалғасын табады деп сенемін».