• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Шілде, 2021

Экономикалық байланыс әлсіремеуі тиіс

952 рет
көрсетілді

Орталық Азияның мүддесі бір, қарым-қатынасы берік болуы тиіс дегенді жиі айтамыз. Түбіміздің бір екендігі, геосаяси тұрғыда бір-бірімізге тәуелді екеніміз осылай айтуға да мәжбүрлейді. Соңғы кезде Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қатынастарды алдыңғы орынға шығарғандаймыз. Дегенмен Орталық Азия елдерімен экономикалық байланыс та әлсіремеуі тиіс.

Сауда және интеграция ми­нистрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанның ОА елдерімен сауда айналымы 4,6 млрд долларды құрапты. 2020 жылы Өзбекстан мен Тәжікстаннан келетін тауар саны азайып, есесіне бұл елдерге тауар тасымалдау көлемі артты деген дерек айтады ведомство. Өзбекстанға жасалған экспорт 6,9 пайызға өсіп, 2,1 млрд долларды құраса, Тәжікстанға тауар тасу 6,1 пайызға өсіп, 693 млн доллар болыпты.

2021 жылдың төрт айында Қазақстан Өзбекстанға 899,2 млн­ доллардың өнімін жіберген. Бұл былтырмен салыстырғанда 21 пайызға жоғары көрсеткіш.  Қазақстан негізінен жеміс-жи­дек, көкөністерді импорттайды. Импорттау үлесі бойынша да Өзбекстан бірінші орында. Қазақстан көрші елден 783,1 млн доллардың тауарын сатып алыпты. Әрине, экспорт пен импорттың арасы онша алшақ емес. Біз үшін экспорттың өскені тиімді. Осы бағытта өзбек және тәжік елдерімен әртүрлі қазақстандық өнімдерді жеткізуге қатысты 6 келісімшартқа қол қойылған. Құны 3 млн долларды құрайды.

Алыс-берістің артуы, оның қолайлы жағдайда өрістеуі үшін түрлі әкімшілік, кәсіптік кедергілер жойылуы тиіс. Мәселен, өзбек тарапы 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін қазақстандық өнімдерді сатып алу кезінде бірқатар тауарларға акциздер қолданған, бұл өзара сау­да көлеміне жақсы әсер еткен жоқ. Қосымша құн автомобиль бензині, дизель отыны, мазут, мотор майы, компрессорлық майлау майы, турбиналық майлау майы, кір жуғыш машиналардың бөліктері, кондитерлік өнімдер, ұн секілді тауарларға қосылған. Бұл барьер 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшін жоймақ. Яғни өзбек тарапы енді акциздерді қолданбайды. Биыл төрт айдың өзінде өзбек еліне жалпы сомасы 50,3 млн доллар болатын 85 тауар позициясы экспортталыпты. Оларға импорттың акциздік салығы қолданылған.

Еске салсақ, осыған дейін қазақ­стандық бизнес Ташкентте 52 млн долларлық 7 келісімшартқа қол қойған еді. Соның нәтижесінде өзбек дүкендерінің сөрелеріне 50 млн доллар көлеміндегі қа­зақстандық өнімдерді жеткізу туралы келісім жасалған. Сауда және интеграция министрі Ба­қыт Сұлтановтың айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан – Ор­талық Азияның бір-бірін үйлесім­ді түрде толықтыратын екі ірі экономикасы. «2021 жылдың 5 айында мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 1,5 миллиард долларды құрады. Бұл өткен жылғы көлемнен 46 пайызға жоғары, ал ең бастысы, дағдарысқа дейінгі 2019 жылғы индикатордың 20 пайызға жуық жоғары», деген еді ведомство басшысы.

Өзбекстан тауар айналымының 50 пайызының біздің ел аумағы арқылы өтіп жатуы да өзара сауда-саттықты мидай араластырып дамытуға сеп болып отыр. Азия Даму Банкінің бағалауы бойынша аймақтар арасындағы транзиттік сауда 2019 жылдың деңгейімен салыстырғанда 2025 жылы 35, ал 2030 жылы 65 пайызға артпақ.

Дүниежүзілік банктің болжауы бойынша биыл әлем экономикасы 5,6 пайызға, оның ішінде Орталық Азия елдерінің экономикасы 3,7 пайызға өседі. Халықаралық ұйым экономикалық өсім бойын­ша жетекші рөлге Өзбекстан (4,8 па­йыз) бен Тәжікстанның (5,3 пайыз) ие болатынын айтады. Тіпті қырғыз елінің де өсімі (3,8) бізден жоғары болмақ. Қазақстанның өсім деңгейі 3,2 пайыз деп көрсетілген. Әрине, реалды жағдайдағы жетекші рөлдің қазақ пен өзбекке тиесілі екенін білеміз. Министрдің де «Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азия­ның бір-бірін үйлесімді түрде то­лықтыратын екі ірі экономикасы» деп айтуы, екі елдің өңірдегі ең ірі бәсекелес екенін аңғартады. Халықаралық эксперттердің ай­туынша, Орталық Азиядағы өсім­­ге себеп болып отырған бас­ты фактор – инвестициялық тар­тым­дылық. Аймақта табиғи қаз­ба байлықтардың көптігі, сау­далық емес секторларға арнал­ған жаңа нарықтардың болуы, макро­экономикалық тұрақтылық, ішкі нарықтың ауқымдылығы, арзан жұмыс күшінің қалыптасуы және бизнес ортаның күшейіп келе жатқаны шетел инвесторларын қызықтырмай қоймайды. 2019 жылы тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) 32,2 млрд долларды құраса, 2020 жылы пандемия салдарынан ОА-ға бағытталған тікелей инвес­тиция көлемі 20,7 млрд доллармен шектелді.

«Қазір ОА елдері инвестициялық климатты жақсарта отырып бір-бірімен белсенді бәсекелесуде. Бұл өңір беделіне оң әсер етеді. Соңғы жылдары Өзбекстан жоғары нәтижелерге жетіп отыр. Бұл ел дағдарысқа дейін ТШИ бойынша өңірде көшбасшы болды. Бір жылда сыртқы инвестиция сомасы бірден 2,3 есе артып, 4,2 млрд долларды құрады. Инвесторлар Өзбекстандағы мұнай өңдеу, мұнай өндіру және химиялық өнеркәсіп салаларына қызығады. Әсіресе, Қытай, Ресей, Германия, АҚШ қызығушылық танытқан. Қазір мемлекет инвестициялық климатты одан әрі жақсарту бойынша жұмыстар жүргізуде. Қолға алынған шаралар елдің бизнесті жүргізу бойынша жасалған ха­лық­аралық рейтингтегі позиция­сын нығайта түсті. 2020 жылы Өзбекстан 7 сатыға жоғарылап, 69-орынға жайғасты. Бұл өңірдегі үздік көрсеткіштердің бірі. Ал Қазақстан  даму жылдамдығы және инвестиция тарту тұрғысынан Өзбекстанға жол беріп отырғанына қара­мастан 28-ден 25-орынға көтерілді», делінеді Finprom ақпа­ратында.

Ресейлік «Независимая газета» басылымына берген сұх­батында президент кеңесшісі, реформалар бойынша жоғары кеңес төрағасының орынбасары Сума Чакрабарти 30 жылда Қазақстан өз экономикасын түзу жолға салды деп есептейтінін айтады. Дегенмен табиғи ресурстарға иек артқанды доғарып, нақты табыс әкелетін секторларға мойын бұруы керек деген ойды жеткізеді.

«Мемлекет ауыл шаруа­шы­лығы, туризм секілді салаларды дамытуды ойластырғаны жөн. Осы салаларға қайтсек шетел инвестициясын алып келеміз деген жоспармен бас қатыру қажет. Эко­номиканы әртараптандыру – басты мақсат. Өңірдегі екінші ірі экономика Өзбекстанға тиесілі. Олар реформалауды 2017 жылы бастап, қазір біршама белсенді жүргізіп жатыр. Енді осы ОА-дағы екі ірі экономика өздеріне «біз бірігіп не істей аламыз» деген сұрақ қоюы керек. Жеке дамығанға қарағанда екеуі бірігіп үлкен жетістіктерге жете алады. Бұл ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығы өңірлік хаб ретінде үлкен рөл ойнайды», дейді сарапшы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елдер ара­сын­­дағы ынтымақтастық бәсекеге жол ашады. Ал бәсеке түбі – нәти­же.

«Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы негізгі мемлекеттер. Екі ел арасындағы кең ауқымды әріптестік экономикалық бәсекелестікке бастайды. Бұл тура­лы бір сәтке де естен шығар­мау қажет. Қазақстан өзінің көш­басшылық позициясын сақтауға міндетті. Ол үшін елде тұрақтылық болуы керек», деген еді Мемлекет басшысы. 

Қалай болғанда да Қазақстан мен Өзбекстан экономикасының дамуы екі елге де пайда әкеледі. Олардың өзара сауда қатынасына кедергі келтіретін түйткілдерді жоюы, түзу пиғылға негізделген әріптестік орнатуы және геосаяси тұрғыда туындауы мүмкін қауіптерден қорғану мақсатында ортақ экономикалық байланыс құра алуы – қазіргі күннің ең маңызды шаруасы болғалы тұр.