• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Шілде, 2021

Ырғыз ауданының төрт түлігі ащы су ішуге мәжбүр

1143 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысының Байғанин, Ырғыз, Шалқар аудандарының шаруашылықтары биылғы жазда аптап ыстық пен қуаңшылықтың зардабын әбден сезінді. Әсіресе Ырғыз ауданының Аманкөл, Тәуіп, Жайсаңбай ауылдық округтерінің елді мекендері мен шаруа қожалықтарына мал суару қиынға түсті. Қыста ылғал мөлшері аз, көктемде жауын-шашын болмай, сәуірде Ырғыз өзені тасымады.

Айырқызылдың жерасты суы неге азайып барады?

Соның кесірінен шағын-шағын өзен арналары бөлініп, көлшіктер құрғап, ағынсыз сулар жап-жасыл түске боялды. Борсыған суды жайылымдағы мал жиіркеніп ішпейді. Жаз бойы ащы су ішкен Құтикөл ауылының қой-ешкісі мен жылқысының қабырғалары ырсиып, еріндері жарылып, жүндері түсіп, жү­деп кетті. Ауыл жұрты өрістен қайт­қан малын суаруға суат таппады. Қуаңшылық мамыр-маусымда күшіне мінгенде, шілденің басында жауған жаңбырдан жер де, мал да ентігін басқандай болғанымен, бұл алдамшы құбылыс екен.

Ырғыз ауданының тұрғыны, ауыл шаруашылығының ардагері Асылбек Сарин тығырықтан шығар жол дала құдықтарын қазу деп санайды. Оның ай­туынша, осыдан отыз жыл бұрын Ырғыз ауданында далалықта 180 құдық болған. 1970 жылдары өрістегі мал отарын суару үшін дала құдықтары қазіргі Әйтеке би ауданы Басқұдық елді мекенінен бастап, белгілі бір ара қашықтықты сақтап қазылды. Кеңес заманында малды құдықтан суарып, өзен бойын таза ұстап, жағасына бейсауат малды жуытпайтын.

«Аудандағы құрылыс-монтаждау мекемесі мамандары құдықтарды қарап, уақтылы тазартып отыратын. Далалықта құдықтар қазғанда, су 8 метрден бастап, 15-16 метрге дейін шықты. 1990 жылдардан бастап осы дүние қараусыз қалды, су көздері бітеліп, тас науалар мен бетондалған сақиналар қолды болды. Менің шамалауымша, бүгінде сол 180 құдықтан бес-алтауы ғана қалып, оларды кейбір шаруа қожалықтары пайдаланып отыр. Біз қазір де сол 180 құдықтың орнын көрсете аламыз», дейді ол.

Аудан тұрғындары өткен жылы мал­дың суаты үшін далалықтан артезиан­дық құдықтар қазу керек деп ұсыныс көтергенде, аудан әкімі құдық қазуға мем­лекеттен субсидия керек деген. Оның үстіне Ырғыз өзенінің тартылуынан жер­ас­ты тұщы су қоры да азайып кетті.

Ілкі заманнан Ырғыз халқы тұщы суды аудан орталығынан батысқа қа­рай 20 шақырым жердегі Айырқызыл құмдарынан алады. Айырқызыл құм­дарының іргесінен Ырғыз өзені ағады. Солтүстігінде шығыс Мұғалжар ойпаты, оңтүстік-батыс бөлігінде Торғай ойы­сымен байланысқан ұзындығы 25 ша­қырым, ені 5-10 шақырымға созыла­тын осы құм белдеуінде протерозой ке­зе­ңінен тұщы су қоры жиналған. Бұл – 1-6,8 метр тереңдіктегі тығыз саз қабаттарынан шығатын натрий сульфатты тұщы су. «Айырқызыл су айдау мекемесі» 1975 жылдан бері 11 ұңғыдан су алса, қазір оның сегізі ғана қалған. Жерасты су қоры азайып кеткендіктен, су белгілі бір уақытта ғана айдалады. Ырғыз елді мекенінде су таңертеңгілік мезгілде екі сағат қана ағады. Шеткі көше тұрғындарына су жетпей қалады.

Айырқызыл құм белдеуіндегі жерасты сулары мен Ырғыз өзені бір-бірімен байланысты. Бұл жөнінде Ақши ауылының тұрғыны, мектеп директоры Рамазан Шайқақовтың өз байламы бар: «Көктемде Ырғыз өзені қатты тасыған­да, Ақши ауылындағы құдықтардың су деңгейі көтеріліп, су қайтқанда төмендейді. Бүгінде ауылдың әрбір үйі­не су тартылған, жұрт бұрынғыдай су тасы­майды. Құдықтан тек мал суарамыз. Алайда ауладағы құдықтарымыздың суы жасыл түске боялып, борсып барады. Оны мал да ішпейді», дейді ол.

1991 жылға дейін «Ырғыз суландыру жүйесі» мекемесінің құзырында болған Ақшидегі «Айырқызыл су айдау бекеті» 2003 жылдан «Қазсушар» шаруашылық құқығындағы РМК өңірлік филиалы­ның меншігіне өтті. Содан бері осы мекеме иесіз қалғандай. Себебі «Қазсушар» өңірлік филиалының Ақтөбеде жалғыз ғана өкілі бар, бас кеңсесі Атырау қала­сында. Ақтөбе облысында жерасты су­ла­рының қазіргі жай-күйін бақылап-қор­ғайтын мекеме жоқ.

Бұрын ауылдағы шлюз, дамбалар Ырғыздағы су шаруашылығы мекемесіне қарағанда, осы мекеменің мамандары жыл сайын бөгеттердің жіңішкерген тұстарына құм төгіп, қамыс байлап, шама келгенше жөндеп отыратын. Бөгеттер де аудандық су шаруашылығы мекемесінің құзыретінен алынып тасталған соң иесіз қалды. Аудан орталығына, Нұра, Аманкөл ауылдық округтеріне ауыз су жеткізіп отырған аудандық су шаруашылығы ме­кемесінің жұмысшылары бірнеше ай бойы еңбекақыларын ала алмай жүр. Коммуналдық мекеменің басындағы жағ­дай осы.

Ақтөбе облысындағы стратегиялық тұщы су қорлары бейберекет талан-таражға түсті. Мұндай жағдай Айырқызыл құмдарына ғана емес, Мұғалжар мен Темір аудандары аумағында орналасқан «Көкжиде» құмдарына да қатысты. Көк­жиде құмдарының тұщы су қорын алты мұнай компаниясы есепсіз пайдаланып, 12 ұңғысын тұщы сумен шайып отыр. Мұнай компаниялары күніне 10 мың текше метр тұщы суды өндірістік мақсатқа пайдаланады.

Ақши ауылы Айырқызыл құмдарының бауырында орналасқан. Бұрын тасжолмен келе жатқанда биік-биік құм жоталары алыстан көрініп, ойдағы Ақши ауы­лы көрінбейтін. Бүгінде алыстан құм жоталары емес, Ақши көрінеді. Өйткені құм төмен түскен. Қойнауынан тұщы су алған сайын Айырқызыл шөгіп барады.

Аудан тұрғындары Ырғыз өзенінің тартылуын, көктемде тасымау себебін Мұғалжар қыраттарынан бірнеше жыл­дан бері қиыршық тас өндіріп жат­қан компаниялардың жыртқыштық әре­кеттерінен көреді. Он шақты жыл бұ­рын Мұғалжар қыраттары қопарыла бастағанда, тау басындағы бұлақтардан бастау алатын дала өзендері – Жем, Темір, Ырғыз, Қобда, Ойыл, Ордың суы азая бастады. Содан бастап осы өзендердің арналары толмайтын болды. Өйткені тауды бұзып, тасты талқандаушылар су көздері – бұлақтар мен жыраларды бітеп, өндірістік қалдықтарын су жолдарына үйіп тастаған.

 

Ақши бөгеті

1951 жылы суармалы шаруашылықты кеңейту мақсатында аудан орталығынан 40 шақырым жерден биіктігі 1,7-2 метр 12 жерден білік темірмен құрсауланған, құм мен саздан үйілген Ақши бөгеті тұрғызылды. Бесжылдықтың жоспары бойынша 10 мың гектар суармалы жерден 160 мың тонна қысқы мал азығын жинау жоспарланды. Бөгетке жиналған су оқтын-оқтын көлтабанға жайылатын.

Соғыстан кейінгі кеңестік шаруа­шылықты қалпына келтіру жылдары ауыл адамдарының қолымен тұрғызыл­ған құрылыс уақыт өте келе ауа райы­ның әсерінен мүжіле берді. 1955 жылы инженер Бицай өзен бойын бірнеше шақырымға дейін жаяу аралай жүріп, өзеннің жер бедері төмен тұсына екі бөгет салды. 1980 жылдары ескі бөгеттің орнына су ағатын бес бетон сақиналы бөгет тұрғызылды. Көктемде Ырғыз тасығанда, Бицайдың «бес шлюзінің» әрқайсысынан 18 куб/сек жылдамдықпен су тоқтаусыз ақты. Су жиналғанша бөгеттің бес шлюзі бекітіліп, жайылмаға толған соң ғана көлтабанға жіберілетін. Көктемде су аз келсе, жаз бойы су шабындыққа аз-аздан жіберіліп тұрды. Ақши бөгетінен сулан­дырылатын, аумағы 9 144 гектар көлтабаннан ауданның барлық ша­руашылығы мал азығын жинады. Қуаң­шылық жылдары осы аумақтан әр гек­тарына 4-5 центнерден шөп шабылса, су мол келген жылдары 200 мың тоннаға дейін жиналып, шабындықтың бидайық шөбімен Ырғыз ауданының ша­руашы­лықтары қамтамасыз етілді. Бүгінде су келмеген соң бұл жердің шөбі сиреді.

1998, 2008, 2014 жылдары Ырғыз өзені қатты тасыды. 1998 жылы сәуірде су ескі бөгетті бірнеше жерден бұзып, содан бері осы жерде су тұрмайтын болды. 2014 жылы Ақши бөгетіне күрделі жөндеу жүргізіліп, Бицайдың «бес шлю­зі» алынып тасталды да, оның орны­на төртбұрышты су тосқыш астау тұр­­ғызылды. Содан бастап бөгеттің арғы бе­тіндегі су бергі бетіне өтпейтін болды. Су жиналу деңгейін дұрыс өлше­мегендіктен, астауға көтерілмей, бөгеттің арғы ба­сын­­дағы су жылға-жылғамен далаға ағып кетіп жатты. Шабындық аумағы түгел шаң. Суың жоқ болса, суар­малы шаруа­шылық неге керек?

Ақши ауылы бөгетті жөндеймін деп мүлдем құртып кеткендердің ісіне қат­ты ашулы. Олар Бицайдың бес шлюзін қалпына келтіру керек екенін айтады. Шы­нында да жетпіс жылға жуық уақыт бойы Ырғыз ауданының құты болған Ақши бөгетінің «Қазсушар» мекемесі­нің құзырына берілгеннен бастап бағы тайды.

Судың өз арнасы бар. Дала өзендері әдетте жолай қосылатын шағын жылға­лармен, бұлақтармен, сай-саладағы көлшіктермен толығады. Құрылыс жұ­мыс­тары кезінде шағын су көздері бітеліп, бастауы көмілген соң ол жерден енді қайтып шықпайды. Бастауын Мұғалжар қыраттарынан алатын Ырғыз өзеніне Батыс Орал сілемдеріндегі бұлақтармен толығатын Өлкейік, Шалқар тұсынан ағатын Шетырғыз өзенінің шағын саласы – Талдысай құяды. «Самара –Шым­кент» тасжолын жөндеу кезінде Құ­ры­лыс елді мекенінің тұсынан жаңа кө­пір салы­нып, Талдысайдың ескі арнасы кө­мі­ліп қалған. Осылайша, Ырғыз өзенін қо­ректендіретін тағы бір су көзі жабылды. Талдысай Ырғыз өзенін ғана емес, онымен қолтықтаса жатқан Айырқызыл құмдарына да баратын. Айырқызыл жерасты тұщы су қорының азаюына да Талдысай арнасының көмілуі әсер еткен.

 

Құрдымға барып құритын су

Ырғыз өзені Ақши ауылының үстімен өтіп, Тәуіптен әрі қарай ағып, Нұра мен Жайсаңбай ауылының тұсында Торғай өзенімен қосылып Құрдымға құлайды. Құрдым – Жайсаңбай ауылдық округі аумағындағы ұзындығы 80 шақырым болатын ойыс. Құрдымға барып құритын суды тоқтату үшін Жайсаңбай ауылының тұсындағы Қыл мен Қожа бөгеттері са­лынды. Бұл – ерекше қорғалатын «Ыр­ғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерват аумағы. Торғайдың суы көпіршіп барып жер астына сіңетін Құрдымда қазір су жоқ. Өйткені Қостанай облысы аумағындағы қаптаған бөгесіндердің кесірінен Торғайдың суы Жайсаңбайға жетпейді. Бұрын Қыл мен Қожаға Тор­ғай суы толғанша жиналып, содан кейін ғана бөгет ашылатын. 2016 жылы су қатты тасығанда, табиғи қорық аума­ғындағы ұсақ-ұсақ сексен көлдің арнасы толса, қазіргі кезде Торғай суларымен толығатын 60-қа жуық шағын көл­шік қана қалды. Биылғы жазда Тәуіп, Құтикөл, Жайсаңбай ауылдары тұрғындары мал ішетін су таппай қалды. Аманкөл ауылдық округіндегі Соркөл де тартылды. Еріген қар суы мен көктемгі жауынмен тұшып, Ырғыз өзенінің жыл­ғаларымен толығатын Соркөлден Құти­көл ауылының төрт түлігі су ішетін. Биылғы қуаңшылықтан Соркөлдің суы азайып, бөлініп-бөлініп, балығы қы­рылды. Ащылығы сол, мал ішуге да жарамсыз. Құтикөл ауылының жұрты бүгінде көшуді ойлап отыр. Ауылда мал ұстай алмаса, жұрт қайтып күн көреді?

Осы айтылған түйткілді мәселелер елі­міздің жер бетіндегі және жерасты су ресурстарын қорғауды күн тәртібіне қойып отыр. Бәлкім Су шаруашылығы министрлігін қайта құрып, стратегиялық тұщы су қорларын талан-таражға салу­ды тоқтатып, ғалымдар мен су маман­дарының кеңесіне тоқтармыз. Өйткені суымыздың сұрауы болмай кетті...

 

Ақтөбе облысы