Жоғарғы Палата депутаттары облыстардағы тұрғындармен кездесулерін жалғастырып, өздері атқарған жұмыс туралы, соның ішінде халық көтерген өзекті мәселелердің қалай шешіліп жатқандығы жайлы баяндады, деп хабарлады Сенат пен Мәжілістің баспасөз қызметтері.
Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысының Исатай және Құрманғазы аудандарының тұрғындарымен кездесті. Сенатор ауыл тұрғындарына Палата қызметінің қорытындылары туралы айтып, өткен сессия барысында қабылданған заңдардағы негізгі жаңалықтар туралы жан-жақты хабардар етті. Ол сондай-ақ осы уақыт ішінде Үкімет басшысының атына бірнеше депутаттық сауал жолдағанын атап өтті. Олар Атырау облысының тұрғындары көтерген проблемалық мәселелерге арналған болатын.
Сенатордың биылғы мамыр айында өңірге сапары барысында Қызылүй және Жасқайрат ауылдарының тұрғындары газ құбырын тарту мәселелерін айтқан еді. Ғұмар Дүйсембаев осы мәселені шешуге атсалысқанын атап өтті. Соның нәтижесінде қазіргі кезде қажетті қаржы бөлініп, тиісті рәсімдер өткізілді. Жүздесу кезінде мемлекеттік меншіктегі Нарын су арнасын күрделі жөндеу мәселесі де талқыланды. Бұл су арнасы 4 елді мекен тұрғындарының малы жайылатын жайылым алқабын сумен қамтамасыз етеді.
Құрманғазы ауданының Асан, Азғыр, Балқұдық және Сүйіндік ауылдарында мемлекеттік шекарадан жеңілдетілген тәртіппен өту шарттарын жақсартуға қатысты сұрақтар сенаторға көбірек қойылды. Қазір өңір тұрғындары шекараны шектеулі уақытта тек жеке автокөлікпен және 30 килограмм жүкпен ғана кесіп өте алады. Сенатор бұл мәселе Қазақстан мен Ресейдің Сыртқы істер министрліктері деңгейінде ғана емес, екі елдің Үкімет басшылары тарапынан да қаралып жатқанын атап өтті. Ғұмар Дүйсембаев, сондай-ақ бұл мәселе Қазақстан Парламенті Сенатының және Ресей Федерациясы Кеңесі Федералдық Жиналысының Төрағалары мен депутаттарының кездесулері кезінде де көтерілгенін еске салды.
Ауыл тұрғындары көтерген тағы бір мәселе – жолдардың сапасына қатысты болды. Сенатор мәселені жергілікті жерде зерделеу үшін жол мамандарымен, мердігер ұйымдардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, «Атырау-Астрахань» автомобиль жолының құрылыс барысымен танысты. Депутат жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы жоғары болуы маңызды екеніне мердігер ұйымдардың назарын аударды.
Сенатор ауыл тұрғындарымен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, сондай-ақ аудандар мен облыс басшылығымен барлық кездесуі барысында Сенаттағы және тиісті сала мамандары атқарған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова Қызылорда облысына сапары барысында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау полигонының жұмысымен және модульдік инфекциялық стационар құрылысының салыну барысымен танысты.
Белкөл кентінде болған кезде осы елді мекен аумағында орналасқан әрі аумағы 20 гектар болатын полигонның қоршалмағаны және санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні атап өтілді. Сонымен қатар бұл полигон қоқыс сұрыптау кешенімен жабдықталмаған. Қызылорда әкімінің айтуынша, полигонды толық қалыпқа келтіру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлу қажет. Ақмарал Әлназарова қала тұрғындарының денсаулығына және өңірдің экологиясына зиян келтірмеу үшін осы бағытта бірлескен жұмысқа дайын екенін атап өтті.
Сенатор сондай-ақ 200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасының салыну барысымен танысты. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары аяқталды, бірақ нысан әлі пайдалануға берілмеген, себебі мемлекеттік сараптамадан өту тоқтатылған. Ақмарал Әлназарова эпидемиялық ахуалдың шиеленісуі жағдайында бұл жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті.
Сенатор Бекболат Орынбеков Жамбыл облысының аудандарына жасаған сапары барысында ауылдық сайлау учаскелерінде болды. Ол ауыл әкімдерін тікелей сайлау мен жергілікті органдардың дербестігін нығайтуға бағытталған және еліміз Президентінің бастамасымен әзірленген Сенат қабылдаған заңдар туралы ауыл тұрғындарына егжей-тегжейлі айтып берді. Сенатор осыған байланысты сайланған ауыл әкімдеріне зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.
Бекболат Орынбеков сондай-ақ облыстың бірқатар әлеуметтік нысанын аралады. Меркі ауданындағы жаңа спорт кешенінің жұмысымен танысқан Сенат депутаты мұндай нысандар бұқаралық спортты дамыту үшін маңызды екенін атап өтті.
Сенатор Меркі және Талас аудандарындағы мектептерде болып, педагогтармен Мемлекет басшысының мектептерді дәстүрлі оқыту жүйесіне қайтару жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын талқылады. Білім ұйымдарын қысқы жылыту маусымына дайындау қажеттігіне назар аударды.
Сенатор Талас аудандық орталық ауруханасында да болды. Дәрігерлер медициналық қызметкерлер түгелдей екпе алғанын хабарлап, аудан тұрғындарын вакциналау барысымен таныстырды.
Сенатор Тұрар Рысқұлов ауданына барған сапарында Қонаев және Әбілқайыр ауылдарына газ құбырын жеткізу жұмыстарының барысын тексерді. Бекболат Орынбеков мердігер ұйым өкілдерімен кездесуде аталған ауылдардың барлық тұрғынын қысқы жылыту маусымы басталғанға дейін табиғи газбен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Мәжіліс депутаттары Ерлік Тайжанов пен Дмитрий Колода Солтүстік Қазақстан облысындағы электр-техникалық жабдықтарды өндіру зауытына барып, кәсіпорын басшылығымен проблемалық мәселелерді талқылады.
Бүгінде Петропавл электр-техникалық жабдық зауыты өз айналымын арттыруда. Бұған дейін осы бұрынғы шағын литражды қозғалтқыштар зауытының ғимараттары бос тұрған. Ал қазір мемлекеттің қолдауының және инвестор қаражаттарының арқасында цехтар жұмысын қайта бастайды. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, кәсіпорын келесі жылдың басында толық қуатына шығады. Объектідегі реконструкциялау өндіріспен қатар жүргізілуде.
Бұл жоба Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген болатын. Трансформаторлар мен өзге де электр техникасын өндіруге инвестиция ретінде 12 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Оның 8-ін қазақстандық Alageum Electric компаниясы салды. Шамамен 4 млрд теңгені мемлекеттік инвестициялар құрады. Қаражаттың көп бөлігі игерілген. Кәсіпорын жабдықтар сатып алып, 2020 жылдың мамыр айында басталған өндірістік үй-жайларды қайта жөндеуден өткізді. Осы жылдың соңына қарай зауытта 3 мыңға дейін трансформатор шығару жоспарлануда.
Қазір нысанда 140 адам жұмыс істейді. Осы жылдың соңына дейін мұнда 310 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Кәсіпорын директоры Мақсат Үсенбаевтың айтуынша, коронавирус індетіне байланысты құрылыс кезінде кадрлардың жетіспеушілігі басты проблемаға айналған. Осы мәселе зауыт толық іске қосылған кезде де туындауы мүмкін. Кадрлардың жетіспеушілігі өндіріске әсер етпеуі үшін қазір Жұмыспен қамту орталығымен өзара іс-қимыл жолға қойылған.
Ерлік Тайжанов пен Дмитрий Колода кәсіпорын басшылығына аталған мәселені кадрларды қайта даярлау есебінен шешуге болатынын айтты.