• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 27 Шілде, 2021

Жансақтау бөлімінде орын жоқ

510 рет
көрсетілді

Індет қайта күш алып барады. Былтырғыға қарағанда коро­на­вирустың таралуы едәуір артқан. «Қызыл аймақта» тұрған еліміздің бұл аурудан аман тұрған аймағы жоқтың қасы. Әсіресе, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы асқынған ахуал оңалар емес. Елордада ауруханаға күніне 200-ден аса адам түсіп жатыр. Ал індет жұқтырғаны анықталып, үйінде оқшауланған тұрғындар қаншама?

Бүгінгі таңда елордада ин­фек­циялық стационарларда 2 940 науқас ем қабылдап жатыр. Инфекциялық төсектік орын жүк­те­месі 83%-ды құрайды. Жан­сақтау бөлімінде 240-тан аса адам жатыр, оның 49-ы ӨЖЖ ап­­паратында жатыр. Ал жансақтау бөліміндегі төсектік орын жүктемесі – 84%. Күніне 200-ден аса адам ауруханаға түсіп жатыр.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, жансақтау бөліміне КВИ-ға қарсы вакцина алмаған пациенттер түсіп жатыр. Стационарға жеткізілгеннен кейін олардың денсаулығы екі-үш күнде өте ауыр күйге дейін нашарлайды.

«Біздегі жансақтау бөліміндегі тө­сектік орындар толуға шақ тұр.­ Коро­навирус инфекциясына қар­­сы екпе алмаған, ауыр күй­де жат­қан 248 пациент бар. Оның ішінде 77 адам өте ауыр халде жатыр. Науқастардың басы-қасында жүргендіктен, бұл көрсеткіш қатты алаңдатып отыр. Біз өткен жыл­ғы ең ауыр күй­ге жетейін деп қал­дық», дейді басқар­ма басшысы.

Ол ауыр күйде жатқандар арасында қарт кісілер ғана емес 35 жас­тағы науқастар да бар екенін атап өтті.

«Вирус жаңа штамдарға мутацияланып отырады, әрқайсысы жас­тар арасында жиі жұға бастайды. Қазір жастар да, тіпті балалар да аурудың ауыр күйіне ұшырай бас­тады. Екі-үш күн ішінде пациент­тердің денсаулығы нашарлағаны соншалық, жасанды тыныс алу аппаратын­сыз өмір сүре алмайтын күйге жетеді. Жансақтау бөлімінде бар­лық пациенттің мұн­дай жағдай­ға түсуінің себебі – вак­цина­ланбаған. Бірақ олар мұны кеш түсінді», деді Т.Мұратов.

Осыдан екі күн бұрын COVID-19-бен күрестің алдыңғы шебінде жүрген елордалық дәрігерлер БАҚ арқылы ауруханадағы жағ­дайды көрсеткен еді. Кадрлардың бірінде әрең дем алып жатқан ер адамның кеудесі көрсетілген. Пациенттің өздігінен дем ала ал­май, арнайы аппаратқа қосылға­нын көруге болады.

Науқастардың бірі – зейнеткер Мәдина Сыздықова ауруханада жұбайымен бірге жатқанын, қазір екуінің де жағдайы едәуір жақ­сарып қалғанын айтты. «Жұбайым екеуміз қауіпсіздік шараларын сақтап жүргенде бәрі жақсы болатын. Көпшілікке коронавируспен ауыр­ған адам ретінде бұл ауруға жүрдім-бар­­дым қарауға болмайтынын ескерт­кім келеді. Бұл вирус өте қауіпті. Қорқатындай-ақ қауіп­ті», дейді ол.

Бұл ретте инфекциялық ста­ционарға қайта бейімделген Көп­­­бейінді қалалық балалар ауру­ханасының инфекционист дәрігері Айнұр Омарова қала тұрғындарына үндеу жол­дады. «Жағдайдың ауыр екенін алдыңғы шепте күресіп жүр­ген бізден естігендеріңізді қалаймын. Ауыр науқастар көп, реани­мациялық төсектің біреуі де бос емес. Індет жұқтырған бала­лар көп. Өз денсаулығыңды, өзге­лердің ден­саулығын қорғаудың жолы – санитарлық нормаларды сақтау және вакцина салдыру. Вакцина ғана аурудың ауыр күйінен және ӨЖЖ аппаратына кіріптар болудан қорғайды», дейді дәрігер.