Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформалардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі – ауыл әкімдерін тікелей сайлау елімізде ұйымшылдықпен, халықтың айтарлықтай белсенділігі жағдайында әрі қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтті деуге толық негіз бар. Мұны облыстық сайлау комиссиялары жариялаған дауыс беру қорытындылары туралы ресми деректер айғақтап отыр.
Ақмола облысы
Астаналық облыстың 95 сайлау округінде ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін сайлау өтті. Сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 75,7 пайызы дауыс беруге қатысты. Барлық сайлау округінде әкімдер сайланды.
Nur Otan партиясы ұсынған 76 үміткердің 74-і, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының 1 кандидаты, «Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған 5 үміткердің 2-уі, «Адал» саяси партиясы ұсынған 1 кандидат, Қазақстан халық партиясы ұсынған 6 үміткердің 3-уі жеңіске жеткен. Сондай-ақ өзін өзі ұсынған 201 азаматтың 14-і әкім болып сайланды.
Сайланған 95 әкімнің 50-і – қайтадан сайланып, тұрғындар сенімін ақтаған тұлғалар. 15 сайланған әкім – әйел.
Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысы бойынша сайлаушылардың 79 пайызы ауыл әкімдерін сайлауға қатысып, дауыс берді.
35 ауылдық округ әкімдігіне 105 кандидаттың 63-і саяси партиялар атынан үміткер болды. Nur Otan партиясынан – 28, «Ауылдан» – 16, «Ақ жолдан» – 9, АDAL партиясынан – 4, Қазақстан халық партиясынан – 4, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан 2 үміткер ұсынылды. Сондай-ақ 42 азамат өзін өзі ұсынған.
«Дауыс беру қорытындысы бойынша Nur Otan партиясынан – 28, «Ауыл» партиясынан – 2, «Ақ жол», АDAL, Қазақстан халық партиясының әрқайсысынан бір-бір адам әкім болды. Бұған қоса, өзін өзі ұсынған 2 адам әкім атанды. Сайланған әкімнің бесеуі – әйел. Сайланған әкімдердің ең жасы 26-да.
Алматы облысы
Жетісу өңірінің тұрғындары 235 кандидаттың ішінен 71 азаматты әкім етіп сайлады. Дауыс беруге сайлаушылардың 67,5 пайызы қатысты.
Сайланған әкімдердің 57-сі – Nur Otan партиясы ұсынған азаматтар, үшеуі – «Ауыл» партиясының өкілдері. Сондай-ақ өзін өзі ұсынған 11 азамат жеңіске жеткен.
Сайланған 71 әкімнің 39-ы – бұрынғы әкімдер. Екеуі – әйел. Олар Сарқанд ауданының – Аманбөктер, Ақсу ауданының Ойтоған ауылдық округтерін басқаратын болады.
Атырау облысы
Мұнайлы өңірдегі ауылдық округтер әкімдерінің сайлауына дауыс беру құқығы бар тұрғындардың 74,4 пайызы қатысқан.
18 ауылдық округ әкімінің лауазымы үшін 52 үміткер саяси бәсекеге түсті. Дауыс берудің нәтижесінде Nur Otan партиясынан – 15, ADAL партиясынан 1 адам жеңіске жетті. Бұған қоса, өзін өзі ұсынған 2 үміткер әкім болып сайланды.
Батыс Қазақстан облысы
Батысқазақстандық сайлаушылардың 81,3 пайызы ауыл әкімдерінің тікелей сайлауына қатысып, өздері таңдаған кандидаттарға дауыс берді
Ақжайық өңірінде 31 ауылдық округтің әкімдігіне 81 үміткер таласты. Олардың 39-ы баламалы бәсекеге саяси партиялардың атынан түсті. Атап айтқанда, Nur Otan-нан – 25, «Адал»-дан – 5, «Ауыл»-дан – 4 адам, Қазақстан Халық партиясынан – 3 адам, «Ақ жол» мен ЖСДП партияларынан – 1 адамнан үміткер ұсынылды. Қалған 42 үміткер – өзін өзі ұсынғандар.
Сайланған әкімдердің 22-сі – Nur Otan ұсынған азаматтар. Сондай-ақ «Ауыл» мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан бір-бір өкіл әкім болып сайланды. Өзін-өзі ұсынғандардың 7-уі баламалы сайлауда жеңіске жетті.
Сайланған әкімдердің 17-сі – осы қызметті бұрын да атқарып, көпшіліктің сеніміне ие болған тұлғалар.
Жамбыл облысы
Облыстық сайлау комиссиясының хабарлауынша, ауыл әкімдерінің тікелей сайлауына дауыс беру құқығына ие тұрғындардың 90,6 пайызы қатысқан.
38 ауылдық округ әкімдігіне 111 кандидат тіркелген. Барлық округте әкімдер сайланды. Олардың 13-і – бұрын да осы лауазымды еншілеп, ел сеніміне ие болғандар.
Nur Otan партиясы ұсынған үміткерлердің 31-і жеңіске жетті. Сондай-ақ «Ауыл», «Ақ жол», ADAL және Қазақстан Халық партиясынан бір-бір үміткер ауыл әкімі атанды. Бұған қоса, баламалы сайлауда 3 өзін өзі ұсынған азамат топ жарды. Жаңадан сайланған әкімдердің ішінде 3 әйел бар. Олар Жуалы ауданының Қарасаз, Жамбыл ауданының Ақбастау, Байзақ ауданының Сарыкемер ауылдық округтерін басқаруға кіріседі.
Қарағанды облысы
Облыстық сайлау комиссиясы ауыл әкімдерін сайлауға қатысқан қарағандылық сайлаушылардың 75,8 пайызы дауыс бергенін мәлімдеді.
75 сайлау округінде тіркелген 257 кандидаттың 79-ын саяси партиялар ұсынған. Олардың 61-і ауылдықтардың қолдауына ие болған. Соның ішінде Nur Otan ұсынған 61үміткердің 56-сы, «Ауыл» ұсынған 3 кандидаттың барлығы, «Ақ Жол» ұсынған 3 азаматтың 1-уі, ADAL-дың атынан тіркелген 3 кандидаттың біреуі жеңіске жеткен. Қазақстан Халық партиясы ұсынған 9 кандидаттың ешқайсысы сайлаушылардың көпшілігінің дауысына ие бола алмаған. Содай-ақ өзін өзі ұсынған 178 кандидаттың 14-і ауылдықтардың қолдауына ие болып, әкім атанып отыр.
Сайланған әкімдердің 17-сі өздері басқарып келген ауылдық округ басшысы болып қайта сайланса, 7 адам басқа ауылдық округтердің әкімдері болған. Үш әкім – әйелдер.
Қостанай облысы
Астықты өңірдегі ауылдық округтер әкімдерін тікелей сайлауға сайлаушылардың 84,4 пайызы қатысып, өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланған.
65 сайлау округі бойынша әкімдікке 148 кандидат тіркелген.Олардың 59-ын саяси партиялар ұсынған. 5 сайлау округінде кандидаттар тек өзін өзі ұсыну арқылы сайлауға түскен. Nur Otan-нан – 52, «Адал»-дан – 2, «Ауыл»-дан – 2, «Ақ жол»-дан 2 үміткер жеңіске жетті. Өзін-өзі ұсынған 88 азаматтың 7-інің баламалы сайлауда шоқтығы биік болды.
Сайланған 65 әкімнің 46-сы өздерінің сайлау округтерінде халық сеніміне ие болды, 3-уі – басқа ауылдық округтің әкімі болғандар. Сайланған әкімдердің 8-і – әйел.
Қызылорда облысы
Сыр бойындағы ауылдық елді мекендердің сайлау құқығына ие тұрғындарының 83,5 пайызы өз таңдауларын жасады.
40 ауылдық округте әкім қызметіне 122 адам үміткер болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша Nur Otan партиясынан – 30, «Ауыл»-дан – 2, ADAL-дан – 2, Қазақстан халық партиясынан – 1 кандидат бәсекелестерінен басым түсіп, әкім атанды. Сондай-ақ өзін өзі ұсыну жолымен 5 азамат ауылдық округтің басшылық тізгінін қолына алды.
Маңғыстау облысы
Өңірдің ауылдық жерлеріндегі сайлаушылардың 82,4 пайызы ауыл әкімдерін сайлауға қатысты.
10 сайлау округ бойынша сайлау бюллетеньдерге 25 үміткер енгізілді. Соның ішінде бес сайлау округінде – 2 кандидаттан, бес сайлау округінде – 3 кандидаттан. Сайланған әкімдердің орташа жасы – 41,5. Ең кішісі – 26 жаста. Сайланған 10 әкімнің жетеуі – мемлекеттік қызметші. Оның ішінде 2 әкім қайта сайланды.
Павлодар облысы
Ауыл әкімдерін сайлауға 2 ауыл мен 42 ауылдық округ сайлаушыларының 76,9 пайызы қатысты.
Сайланған 44 әкімнің 34-і Nur Otan партиясынан ұсынылғандар. Сондай-ақ «Ауыл» партиясы ұсынған 2 кандидат жеңіске жетті. «Ақ жол» мен ADAL-дан бір-бірден үміткердің бағы жанды. Өзін өзі ұсынған 6 азамат бәселестерінен басым түсті. 29 бұрынғы әкім тұрғындардың қолдауына ие болып, қайтадан сайланды. Сайланған әкімдердің 7-уі – әйел.
Солтүстік Қазақстан облысы
Қызылжар өңіріндегі ауылдық елді мекендерде тұратын сайлаушылардың 87 пайыздан астамы сайлауға қатысқан.
Сайлау 71 сайлау округінде өтті.Nur Otan партиясынан ұсынылған – 55, Қазақстан Халық партиясынан – 3, «Ауылдан» – 3, «Ақ жол»-дан – 2, ADAL-дан 1 кандидат әкім атанды. Өзін өзі ұсынған 146 кандитаттың 7-уі жеңіске жетті. 42 әкім қайта сайланды. 19 әкім – әйелдер.
Түркістан облысы
Облыстың ауылдық елді мекендері сайлаушыларының 79 пайызы сайлауға қатысты. Түркістандықтар 60 ауылдық округ әкімін 166 кандидаттың арасынан таңдады.
Сайланған 43 әкім – саяси партиялар ұсынған үміткерлер. Соның ішінде Nur Otan партиясынан – 41, «Ауыл» мен ADAL-дан бір-бір кандидат халық сеніміне ие болды. Бұған қоса, баламалы сайлауда өзін өзі ұсынған 17 азаматтың жұлдызы жанды.
Шығыс Қазақстан облысы
Шығыс өңірде 77 сайлау округі бойынша ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтті. Дауыс беруге сайлаушылардың 90,9 пайызы қатысты.
Әкім лауазымына үміткерлер саны 232 болды. Сайланған 77 әкімнің 60-ын Nur Otan партиясы, 11-ін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, 2-уін ADAL партиясы ұсынған. Сондай-ақ «Ақ жол» демократиялық партиясы мен Қазақстанның Халық партиясынан бір-бір адам жеңіске жетті. Бұдан басқа, өзін өзі ұсыну арқылы 2 адам сайланды.
Дайындаған
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Egemen Qazaqstan»