Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформалар аясында өткен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауының қорытындысы бойынша Nur Otan партиясының кандидаттары және өзін өзі ұсынушы партия мүшелері округтердің 86 пайыздан астамында жеңіске жетті.
Облыстық сайлау комиссиялары жариялаған мәліметтер бойынша, Nur Otan партиясының мүшелері болып саналатын 627 кандидат әкім болып сайланды, оның 65-і – өзін өзі ұсынған нұротандықтар.
Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, үгіт-насихат кезеңінде Nur Otan кандидаттары 1,2 млн сайлаушыны қамтыған 45 мыңнан астам кездесу мен іс-шара өткізген. Олардың үштен бір бөлігі онлайн форматта болса, қалғандары санитарлық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылған. Сайлауалды үгіт науқаны барысында партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 1,5 мың өтініш келіп түсіп, олар жергілікті жерлерде жедел шешілген.
Жеңіске жеткен нұротандықтардың 35 пайыздан астамы – жаңа сайланғандар. Олардың арасында білім беру саласының өкілдері, кәсіпкерлер, фермерлер бар. Сайланған әкімдердің 65 пайызы – осы қызметті абыроймен атқарып, халық қайтадан сенім көрсеткен тұлғалар. Кандидаттардың орташа жасы – 46 жасты құрады. Әйелдердің үлесі – 11,5 пайыз. 35 жасқа дейінгі жастар – 14,2 пайыз. Жеңіске жеткен нұротандықтардың көпшілігі – бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және таяуда өткен партияішілік праймеризге қатысушылар.
Барлық кандидат бұған дейін партияның Саяси менеджмент мектебі базасында семинарлардан өтіп, қажетті ұйымдастырушылық, әдістемелік және басқа да қолдаумен қамтамасыз етілген. Әрқайсысының тиісті аумақтың мүмкіндігін ескере отырып, партияның қолдауы арқылы қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген сайлауалды бағдарламасы болды. Бұл олардың сөзі мен ісінің алшақтығын болдырмауға мүмкіндік береді.
«Партиямыздың Лидері Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, нұротандықтардың басты қағидаттары – жауапкершілік, командалық рух, партия идеалдары мен құндылықтарына беріктік. Nur Otan-ның міндеті – тек сайлауда жеңіске жету ғана емес, ауылдардың дамуына жүйелі жағдай жасау, азаматтардың нақты мәселелерін шешу. Партия өз кандидаттарын ұсына отырып, бірінші буын әкімдердің ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықпен өзара әрекеттестіктің жаңа мәдениетін қалыптастыра отырып, заманауи тәсілдерді енгізу үстінде», деп атап айтты партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook-тегі парақшасында.