Nur Otan партиясы «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталып, әрбір өңір, қала және аудан бойынша қабылданған 217 жол картасы аясында бүгінде берілген уәделердің республикалық деңгейде 7 пайызы, ал өңірлерде 5 пайызы орындалды.
Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірлерде 4,6 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 37,6 мың пәтер салынды, сондай-ақ 8,4 мың орындық 25 мектеп және 4 мың орындық 66 балабақша, 800 келушіге арналған 9 медициналық нысан ашылды. 630 млрд теңге инвестиция тарту арқылы 48 кәсіпорын іске қосылып, 107 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.
Сайлауалды уәделерді іске асыру аясында Ақтөбе облысында 104 ауылдық елді мекен газбен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, Мұғалжар ауданының Жұрын ауылында құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жақында бұл елді мекенге таза ауыз су жеткізілді, енді тұрғындар «көгілдір отынның» игілігін көретін болады. Өйткені Қандыағаш – Жұрын – Қаракөл бағыты бойынша газ құбырын салуға облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Шымкент қаласында 32 мектептің құрылысы басталды. Жаңа оқу жылында үш ауысымда оқытатын орта білім беру ұйымдарының саны 14-тен 9-ға дейін қысқаруға тиіс.
Қызылорда облысында жыл соңына дейін 5 апатты көпірді жөндеу жоспарланған. Өңірде облыстық маңызы бар тас жолдағы көпірлердің біріне қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы көктемгі су тасқыны салдарынан Жалағаш ауданында облыстық маңызы бар «Жалағаш – Жосалы» автокөлік жолын су басқан. Жыл сайын облыстың Жалағаш, Қармақшы, Қазалы, Арал аудандарының 200 мыңнан астам тұрғыны облыс орталығына осы тас жол арқылы барады. Биыл бұзылған учаскелерді қалпына келтіруге 98,2 млн теңге бөлінді, 1 километр тас жол төселіп, 4 су өткізу құрылғысы орнатылды.
Алматы облысында партиялық уәдеге сай Сарыбай би, Долан және Еркін ауылдарында үш амбулатория ашылды. Еркін ауылында жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын жаңа екі қабатты ғимаратта сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа амбулаторияда УДЗ, ЭКГ-ден өтуге, сондай-ақ тіс дәрігерінің қабылдауына келуге мүмкіндік бар. Амбулатория Еркін және Көктал ауылдарының тұрғындарын қоса алғанда, барлығы 18 мың адамға қызмет көрсететін болады.
Долан және Сарыбай би ауылдық округтеріндегі жаңа амбулаторияларда дәрігерге дейінгі және дәрігерлік қабылдау, гинеколог, тіс дәрігері, емшара және физиотерапиялық қабылдау кабинеттері, емшара бөлмесі бар.
Батыс Қазақстан облысында 2025 жылға дейін 8 мыңға жуық отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оралда 90 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Одан бөлек, облыстың әрбір ауданында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталды, оның екеуі Жалпақтал және Подстепное ауылдарында маусым айының басында есіктерін айқара ашты. Оларда күрес, волейбол, футбол, баскетбол секілді спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, 160 орындық көрермен залы қарастырылған. Нысанның аумағында шағын футбол және жүгіру алаңдары салынды.
Сонымен қатар жыл басынан бері Nur Otan-ның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде депутаттар, партия мүшелері – мемлекеттік органдардың басшылары 14 мыңнан астам қабылдау өткізіп, 74 мыңнан астам қазақстандықты қабылдады. Өтініштердің 96 пайызы бойынша оң шешімге қол жеткізіліп, консультативтік, құқықтық және басқа да көмек көрсетілді. Қалған 4 пайызы орындалу үстінде.
Өткен жылдың соңында онлайн-режімде өткен қабылдаулардың бірінде партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Ақтөбе облысының 24 жастағы тұрғыны Айбек Қосмағамбетовтің өтінішін тыңдаған болатын. Қобда ауданының Талдысай ауылының тұрғыны сол кезде елді мекенде жолдың жоқтығын айтып, шағымданған.
Бауыржан Байбек өз кезегінде Айбек Қосмағамбетовке депутаттар таяу уақытта өтетін сессияда елді мекендегі жолды жөндеуге қаражат бөлу мәселесін қарайтынын айтқан еді.
Nur Otan фракциясының депутаттары өтінішті қарағаннан кейін биыл ауылдағы жалпы ұзындығы 2,6 км болатын екі жолға орташа жөндеу жүргізілді. Ә.Молдағұлова атындағы көшені жөндеуге облыстық бюджеттен 65,5 млн теңге, ал Абат Байтақ көшесіне – 140,2 млн теңге бөлінген. Бүгінде асфальт төсеу және жүргіншілер жолдарын жайластыру жұмыстары атқарылуда.
Сондай-ақ Nur Otan-ның елордалық филиалына «Қазақауыл» шағын ауданының тұрғыны газдандыру мәселесін шешу туралы өтініш айтқан. Өйткені осы ауданның 150 үйі газ желісін тарту жобасына кірмей қалған екен. Астананы және ел өңірлерін газдандырудың ауқымды жобасына Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бастамашы болғанын ескере отырып, Партиялық бақылау комиссиясы елорданың Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Құлұшев пен тұрғындардың кездесуін ұйымдастырды. Нәтижесінде «Қазақауыл» шағын ауданын газбен қамту желісін тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және газдандыру жұмысын биылғы төртінші тоқсанда бастау ұйғарылды.
Батыс Қазақстан облысында нұротандықтар Орал қаласынан 140 шақырым қашықтықта орналасқан Сырым ауданының Жымпиты ауылы тұрғындарының көлік мәселесін шешуге көмектесті. Олардың өтінішіне орай қазір Жымпиты – Орал бағытында тұрақты автобус қатынай бастады және мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен отбасылардың балалары тегін тасымалданатын болды.
Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы үйлердің бірінің тұрғындары жарты ғасырдан бері табиғи газ тартуды сұрап келген. Ғимарат сонау 1965 жылы жатахқана ретінде пайдалануға берілген, ал 90-жылдары тұрғындар пәтерлерін жекешелендіріп алған. Осы мәселені шешу үшін тұрғындар Nur Otan партиясының жергілікті филиалына жүгінді. Нәтижесінде қалалық бюджеттен қаражат бөлініп, барлық пәтерге газ тартылды.
Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс арналарының бірі арқылы жүгіне аласыз:
- Call-центр: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);
- WhatsАpp: 8 700 800 4441
- E-mail: komek@nurotan.kz.
- Отбасы, әйелдер мен балалар мәселелері, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет бойынша «111 Жедел қызметі».