Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтқан болатын. Сондай-ақ Президент кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін тезірек шешу керектігін міндеттеді. Жолдауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мысалы, жуырда 74 отбасы жалдамалы пәтерге ие болды. Олардың ішінде 39 отбасы – әлсіз топ санатындағы, 28 отбасы – көпбалалы және жетеуі ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар санатындағы азаматтар.
Баспана мәселесінде әлеуметтік көмектің маңызы зор
Биыл үшінші мегаполисте сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтермен 976 адамды қамтамасыз ету көзделген. Жыл басынан бері 8 айда 682 тұрғын баспаналы болды. Оның ішінде 300 жалдамалы пәтер жұмыс істейтін жастарға, 25 пәтер жетім балаларға, 176 пәтер көпбалалы отбасыларға, 181 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына берілген. Қалған 294 пәтер тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған соң тапсырылады.
«Бүгінгі таңда қала бойынша 45 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Олардың 20 мыңға жуығы – мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, 8 мыңы – көпбалалы аналар, 16 мыңы – әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтар және 1800-і – жетім балалар. Ай сайын қалада 600-700 адам баспана кезегіне тіркеледі. Пәтер кезегінің жылжуы шамалы баяулағаны рас. Осыған орай кезекте тұрған азаматтарды тезірек баспанамен қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағдарлама дайындалып, қазір талқыланып жатыр. Аталған бағдарлама іске асырылған уақытта пәтер алушылар саны арта түседі деген сенімдеміз», дейді Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжанов.
Өткен жылы жалпы саны 1 596 азамат жалдамалы баспанамен қамтылған. Оның ішінде жұмыс істейтін жастарға 904 пәтер берілсе, 692 пәтер тұрғын үй кезегі санаттары бойынша азаматтарға тапсырылды. Бүгінде арендалық тұрғын үйлер белгіленген тәртіппен кезек арқылы көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған. Ал бюджеттік ұйым қызметкерлеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында несиелік бағдарламалар арқылы ұсынылуда. Сондай-ақ биыл мұқтаж азаматтарға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа 1 млн теңгеден тұрғын үй сертификаты беріле бастады.
«Қазіргі таңда тұрғын үй сертификатына 404 өтінім түсіп, 50-ге жуық азаматтың тұрғын үй сертификатын алуға өтініші мақұлданды. Аталған мемлекеттік қызмет толығымен электронды форматқа көшірілген. Сонымен қатар «Отбасы банктің» «5-20-25» бағыты бойынша сатылған кредиттік тұрғын үйлерден қалған 730 пәтер биыл саудаға шығарылды. Қазіргі таңда сатылған 721 пәтерден бюджетке 6 992,4 млн теңге түсім түсті. Бұл пәтерлерді алған азаматтардың 291-і тұрғын үй кезегіне тіркелгендер», дейді А.Рысжанов.
Сондай-ақ жыл басынан бері «7-20-25» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы 1 037 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Жоспарға сәйкес биыл 60 кредиттік тұрғын үй, яғни 3 824 пәтер пайдалануға берілмек. Шымкент қаласы бойынша соңғы 3 жылда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 3 346 азамат баспаналы болған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқылы елімізде пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 млн шаршы метрден асып, тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеп жатқаны айтылған еді. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту және қолжетімді мүмкіндіктер жасау мақсатында ипотекалық несиелендірудің жаңа бағдарламаларын енгізуге бастамашы болды. Мысалы, 2019 жылы Елбасының бастамасы бойынша жеңілдік мөлшерлемесі 2% және бастапқы жарнасы 10% болатын «Бақытты отбасы» жаңа бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағыт бойынша соңғы 2 жыл көлемінде 584 отбасы кредиттік негізде тұрғын үймен қамтылған. Биыл аталған бағыт бойынша 2020 жылға бөлінген лимит негізінде «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған 589 азамат несиелік баспанаға қол жеткізеді деп күтілуде. Бұдан бөлек «5-20-25» бағыты арқылы, жеңілдетілген несиемен 1 373 азамат армандаған баспанасына қол жеткізді. Оның 715-сі – тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде тұрған азаматтар. Биыл «Шаңырақ» қанатқақты жобасы аясында 27 тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғын үй кезегінде тіркелген 1 728 азаматты пәтермен қамту жоспарлануда», дейді қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы.
Бүгінде несиелік тұрғын үйлерді мемлекеттік органдармен тіркеу жұмыстары басталған. Несиелік бағыттағы пәтерлер толығымен тұрғын үй басқармасының теңгеріміне өткізілген соң азаматтар сатып алу туралы келісімшартын жасайды. Аталған бағыт бойынша биыл «Отбасы банк» өзінің интернет ресурстары арқылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар арасында 27 тұрғын үйді сату бойынша өтінімдер қабылдаған болатын. Бірінші кезеңдегі 576 пәтер бойынша осы жылдың наурыз-сәуір айлары аралығында конкурс өткен. Нәтижесінде, 590 өтінім қабылданып, 288 азаматтың өтінімдері мақұлданған. Екінші кезең бойынша 512 пәтерге 1 084 өтінім, үшінші кезеңге сәйкес, мамыр-маусым аралығында өткізілген конкурс нәтижесінде 640 пәтерге 1 240 өтінім қабылданған. Қазіргі таңда банк тарапынан конкурсқа қатысқан азаматтардың төлем қабілетін растау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек барлық қалған несиелік бағыттағы пәтерлер бойынша аталған 3 кезең біткеннен кейін тағы конкурс өткізу жоспарлануда.
«Тұрғын үй қатынастары» заңына сәйкес, тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сертификаты ұсынылуда. Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастаған. Алдыңғы жылы 21 азаматқа 20,4 млн теңгеге, 2020 жылы 101 азаматқа 100 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілсе, биыл қайтарымсыз негізде 500 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттары табыс етілмек. Басқарма басшысының мәліметіне қарағанда, коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген үйлерді жекешелендіру бойынша, 2018 жылдан бастап бүгінге дейін 427 азамат пәтерлерін жекеменшікке алған, жекешелендіруден бюджетке 567 371 888 теңге түскен.
Ал баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен берілген арендалық тұрғын үй – кезекте тұрған халықтың тілегін орындаған бағдарлама. Шымкент қаласы бойынша 2010-2020 жылдары аралығында, яғни соңғы 10 жылда кезекте тұрған 4893 азамат сатып алу құқығынсыз арендалық баспанамен қамтылған. Биылғы сәуір айында тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде тұрған 161 азаматқа сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер қолданысқа берілсе, мамыр айында өткізілген комиссия отырысының хаттамасына сәйкес 147 азамат пәтермен қамтылу туралы шешім шыққан. Бұл бойынша қазіргі таңда ішкі құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта 369 азаматты пәтермен қамту көзделген. Бұдан бөлек жұмыс істеп жүрген жастар бағдарламасы бойынша өткен жылы – 904 азамат, 2021 жылы 300 азамат сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтермен қамтылды. Алдағы уақытта бұл бағытта 900 пәтер сатып алу жоспарлануда.
Еліміз бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына енетін Шымкент қаласында өткен жылы 649,1 шаршы метр баспана салынса, биыл бұл көрсеткішті 1 млн шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейін тасытып, абыройын асқақтататын үлкен белеске баланып отыр. Тұрғындар саны арта түскен қалада баспанаға сұраныстың төмендемесі анық. Бұл орайда құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда тиімді тәсілдерді қолдану бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне, салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықталуы басты назарға алынған. Осы саладағы инвестициялық әлеуетті дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыру және өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру мақсатында «Тұрғын-үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 132 көппәтерлі үйді жөндеуден өткізсе, былтыр 76 көпқабатты тұрғын үйде жөндеу жұмыстарын аяқтаған. Сондай-ақ ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы саналатын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы тұрғын үй бағытында да кеңінен қолданылып келеді. Азаматтар кезекке тұру, тұрғын үй кезегін көру немесе бағдарламаларға қатысу мақсатындағы өтінім жіберу сынды бірнеше қызметті ешқайда бармай-ақ онлайн ала алады.
Экспорттық әлеует артып келеді
Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері таразыланған Үкімет отырысында Шымкент қаласының барлық көрсеткішінде өсім динамикасы бар екені айтылды. Оның ішінде биылдың қаңтар-шілде мерзіміндегі аралықта өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Шымкент қаласының өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіші – 104,8 пайызға, ауыл шаруашылығы саласы – 103, құрылыс жұмыстары – 114,6, пайдалануға берілген үйлер көлемі – 107,9, сауда саласы – 104,2, көлік саласы – 103, жеке инвестиция тарту көлемі 149,5 пайызға артқаны атап өтілді. Құрылыс саласында Шымкент қаласы үздік бестіктің қатарына еніп, былтырдың тиісті кезеңімен салыстырғанда құрылыс көлемі 14,6 пайызға өскен. Шымкент қаласының кен өндірісімен байланысты емес салалар бойынша инвестициялық белсенділігі 22,8 пайызға жеткені айтылып, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде азық-түлік өндірісі, байланыс және ақпарат, ауыл шаруашылығы, сауда, жылжымайтын мүлік операциялары, көлік салаларында дамудың оң көрсеткіштері қалыптасқан.
Ұлттық экономиканы шикізат экспортына тәуелділіктен арылту – стратегиялық маңызға ие міндеттердің бірі. Бұл орайда тәуелсіздік жылдарында өзге өңірлермен қатар Шымкентте де өнеркәсіпті өркендетіп, экономиканың нақты секторын дамыту үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында бүкіл өндірісі тоқырап, тоқтап қалған қала бүгінде ішкі нарыққа ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де түрлі тауарлар экспорттайтын деңгейге көтерілді. Мысалы, бүгінде үшінші мегаполисте белсенді жұмыс істейтін 35 экспорттаушы-кәсіпорын бар. Қала әкімдігінің мәліметінше, өткен жылы 654 млрд 200 млн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Яғни Шымкенттің жалпыөңірлік ішкі өнімінің 25 пайызын өнеркәсіп саласы құрайды. Сондай-ақ өнеркәсіптің дамығанын шымкенттік кәсіпорындардың былтыр 150 млрд теңгенің шикізаттық емес тауарын экспортқа шығарғанынан да аңғаруға болады. Қаладағы негізінен мұнай өңдеу, машина жасау, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі және фармацевтика салаларында жұмыс істейтін 35 кәсіпорын Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран, Латвия, Ауғанстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдеріне түрлі тауарлар жөнелтеді. Қаланың негізгі экспортталатын тауарларының қатарына мұнай және мұнай өнімдері – 16,1 пайызды, ұн – 13,4, портландцемент және цемент өнімдері – 11,3, мақта талшығы – 6,6, күнбағыс майы – 5,7, мұнай газдары – 4,6, тоқыма бұйымдары 3,6 пайызды құрайды. Ал ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 70 млн долларды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,5 млн долларға артқан. Нақты көлем индексі 126 пайыз болып отыр.
Өз өнімін еліміздің өзге өңірлеріне ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де шығарып келе жатқан компаниялардың бірі «Шымкентмай» акционерлік қоғамы соңғы онжылдықта жаңарып, жаңғырып жұмысын жетілдіре түскен. Тауар түрі көбейіп, мақта майының қатарына біртіндеп күнбағыс, соя, мақсары және рапс майлары қосылды. Майды физикалық өңдеу арқылы тазартылған май қышқылдарын алып, соның негізінде кірсабын өндірісін жолға қойды. Бүгінде «Шымкентмайдың» құрамында жасанды ағартқыштар мен синтетикалық хош иістендіргіштер жоқ «Хозяйка» және Freshko сауда белгілерімен танылған кірсабындары үлкен сұранысқа ие. «Шымкентмай» компаниясы өткен жылы 32 мың тонна өсімдік майы мен 6 800 тонна кірсабын өндіріп, оның басым бөлігін Ресей, Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан және Түркияға экспорттаған. Жалпы кәсіпорын өз табысының 70,5 пайызын экспортқа жөнелткен қаражатының есебінен тауып отыр. Өнеркәсіптік компаниялар жұмысының жақсаруына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мемлекеттік бағдарлама аясында экспорттаушыларға көмек көресту бойынша келісімдерге қол қойғаны да септігін тигізуде.
Бүгінде 35 экспорттаушы-кәсіпорынның 29-ы мемлекеттік қолдаудың жоғарыда айтылған түріне өтінім берген. Оның қатарында Ferrum-Vtor, «Шымкент темір», Pioneer Grain Produkt, Grain House-555, Turan Skin, «Қайнар» және «Каз Мед Пром» секілді ірі әрі табысты компаниялар да бар. Сыртқы сауда айналымы, оның ішінде экспортталатын өнім көлемі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңындағы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есе артқан үшінші мегаполисте өнеркәсіпті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта бұл көрсеткіштердің жақсара түсуіне ықпал етері анық. Қала әкімі Мұрат Әйтенов нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту бағытындағы жұмысты жандандыра түсуде қалада құрылып жатқан екі бірдей агро-индустриалды аймақты пайдалануға басымдық беріп келеді. Бүгінде 10,2 млрд теңгеге 10 жоба жүзеге асырылған. Инвестицияның артуына индустриялық аймақ, көлік-логистикалық аймағы және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы зор үлес қосуда. Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің бізге берген мәліметтеріне жүгінсек, биыл 6 айда қала экономикасына 131,8 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 18,9%-ға артқан. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 165 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар 2021-2025 жылдары жалпы құны 2,6 трлн теңге болатын 282 инвестициялық жоба іске асырылып, 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 2021 жылы жалпы құны 166,7 млрд теңге болатын, 2,5 мың жаңа жұмыс орнымен, 68 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланған.
«Оңтүстік» индустриалды аймағында 72 жоба іске қосылып, онда 4,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды және оған 62,0 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. Ал «Тассай» индустриалды аймағында жалпы құны 26,3 млрд теңгелік 17 жоба іске қосылып, онда мыңға жуық жұмыс орындары ашылды. Көлік логистикалық аймағында 32,5 млрд теңгеге 53 жұмыс орнын құрумен 8 жоба іске асырылуда. Бүгінде 15,9 млрд теңгеге 225 жұмыс орнын құрумен 3 жоба жүзеге асырылған. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестиция көлемі 42,9 млрд теңге тұратын 25 жоба іске асырылып, 2,3 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Шымкенттегі қос индустриалды аймақтың территориясы 427 гектарды құрайды. Оған 90 млрд 100 млн теңге инвестиция құйылған. Нәтижесінде, индустриялық аймақтар құрылғалы онда орналасқан кәсіпорындар 260 млрд теңгенің өнімін өндіріп, оның 110,9 млрд теңгелік өнімін шетелдерге экспорттаған. Индустриалық аймақ қатысушылары 5 500 адамды жұмыспен қамтып, мемлекеттік бюджетке 19,5 млрд теңге салық төлеген. Соның нәтижесінде қаланың экономикасы тұрақталып, халықтың жұмысқа орналасуы арқылы әлеуметтік мәселесі шешімін табуда.
Сондай-ақ басқарма басшысы бүгінде Шымкенттегі «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтары өндіріс орындарына жүз пайыз толғанын айтады. Ендігі кезекті қала экономикасының әлеуетін барынша арттыру мақсатында тағы 4 индустриалды аймақ ашу жоспарланып отыр. Оның бірі – «Жұлдыз» индустриалды аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелері салынуда. Мұнда шамамен құны 200 млрд теңге болатын 60 ірі заманауи кәсіпорын ашылады деп күтілуде. Аймаққа инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Бүгінде 100 млрд теңгеге 25 инвестициялық жобалардың пулы жасақталған. Келісімдерге сәйкес биыл 10 жобаның құрылысы басталады. Ал ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағында құны 23 млрд теңге болатын 1 810 жұмыс орнымен 21 жоба іске асады. Аумағы 136 гектар заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешенінде 30 млрд теңгеге 2 мың жұмыс орнымен 20 жоба іске асады. Шымкент қаласында ашылатын төртінші – «Стандарт» индустриалды аймағында шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады деп жоспарланған. Заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады. Аймақта 180 млрд теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылуы көзделген.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов инвесторларға қолайлы жағдай жасауға, инвестициялық жобаларға ерекше мән беріп келеді. Бұл орайда қала әкімі тиісті мекеме басшыларына индустриалды аймақтарда қолға алынған жобаларға тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізіп, мәселелерін шешуде мемлекеттік қолдаулар көрсетілуін тапсырды. Апта сайын өткізілетін инвестштабта берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақыланады.
Шымкент