«Дельта» штамы дүние жүзін дүрліктіріп, коронавирус инфекциясының қайта күшеюіне алып келіп жатыр. Өкінішке қарай, індет таралуының бұлай қарқын алуы Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Кейінгі айларда ауру жұқтырғандар күрт көбейіп, адам шығыны да аз болмады. Дегенмен елімізде 1 тамыздан бастап коронавирустың таралу индексі 1,11-ден 0,97-ге, яғни 14%-ға төмендепті. Қауіптің қатерін түсіне түскен халықтың вакцина салдыру белсенділігі де арта бастағаны байқалады. Осы қарқын сақталса, қыркүйек айында вакцина салдырған азаматтарымыздың саны 10 млн-ға жетеді деген үміт бар.
Бұл ретте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметі алаңында жан-жақты мағлұмат берді.
– Эпидемиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан және еліміздің 16 өңірі «қызыл аймақта» орналасқан. «Жасыл аймақта» – Түркістан облысы ғана. Соңғы үш апта ішінде Қазақстанда эпидемиялық ахуалдың біртіндеп тұрақтануы байқалады, бір аптаның ішінде орташа есеппен 53 мыңға жуық жағдай тіркелуде, осы аптаның төрт күнінде КВИ-дің оң нәтижесімен 28 588 жағдай және КВИ-дің теріс нәтижесімен 1 376 жағдай тіркелді. 1 тамыздан бастап елімізде коронавирус инфекциясының таралу индексі 1,11-ден 0,97-ге, яғни 14%-ға төмендеді. Инфекциялық төсектік орынмен қамту 52%-ды, реанимациялық төсектік орынмен қамту 48%-ды құрайды. Инфекциялық төсектік орындарының жоғары қамтылуы Ақтөбе облысында – 71%, Қызылорда облысында – 66%, Алматы қаласында – 63%, Алматы облысында – 60%, – деді А.Цой.
Сонымен қатар министр КВИ-ға қарсы вакциналау процесі жалғасып жатқанын, бүгінгі таңда вакцинаның 11,1 млн дозасы пайдаланылғанын атап өтті. Бірінші компонентпен 6 276 224 адам вакцина салдырды, бұл тиісті халықтың 63%-ын құрайды. Екінші компонентпен 4 913 196 адам қамтылды. Бұл ретте А.Цой қыркүйекке қарай 10 млн қазақстандықты вакцина салдырады деген жоспардың жайы қалай болып жатқанына тоқталды.
– Қандай жағдай болмасын, қыркүйек айында барлық азамат вакцина салдырады деп үміттенеміз. Көріп отырғандарыңыздай, мемлекеттік органдардан басқа, белсенді ұстанымы бар көптеген азамат әлеуметтік желілерде вакцина салдырудың қажеттігі туралы жаза бастады. Демалыс кезеңі аяқталып, азаматтар жаппай жұмысқа шығатын кезде вакцина салдыру белсенділігі артады деген үміт бар. Яғни қыркүйек-қазан айларында бұл қарқын күшейетін шығар. Ал біз азаматтарды вакцина салдыруға шақырудан шаршамаймыз, – деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар министрлік осы күзде ревакциналау мәселесін шешпек. А.Цой Қазақстанда вакциналау ақпан айында басталғандықтан, ойлануға, дәлірек айтқанда, халықаралық тәжірибе мен зерттеулерді зерттеуге уақыт бар екенін мәлімдеді.
– Вакциналау бағдарламасы ақпан айында басталды, адамдардың басым бөлігі мамыр-шілде аралығында вакцина салдырды. Қазақстанда вакцина алған азаматтардың иммунитеті айтарлықтай күшті. Халықаралық тәжірибені зерттеуге әлі де уақыт бар: бұл қалай өтті, қандай вакциналар, әртүрлі вакциналарды салдыруға бола ма, қандай мерзіммен? Себебі қазір нақты ұсыныстар жоқ, тек бастапқы клиникалық зерттеулер ғана бар, біз дәлелденген ақпаратқа сүйенуіміз керек. Толық зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, барлық құзыретті органдарға жүгіндік, – деді министр.
Жақында елімізге ДДҰ-да аккредиттелген Қытайдың Sinopharm вакцинасының 1 млн дозасы әкелінді. Егу пункттеріне 659 400 доза вакцина жеткізілді, өткен аптада вакциналау басталды, 38 161 адам вакцина салдырды. Қазір егу пункттерінде барлығы 1,3 млн бірінші компонент және 940 мың екінші компонент вакцина бар.
Министр жоғарыда қыркүйек айында вакцина салдыру қарқыны арта түсетінін алға тартты. Осы орайда аталған айда жаңа оқу жылы басталатынын, дәстүрлі оқыту режіміне оралатын мектептерде қауіпсіздік шаралары қалай сақталатынын айта кеткен жөн. Бұған қатысты мәліметтерді Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният берді.
– Денсаулық сақтау саласы бойынша санитарлық-эпидемиялық қызметкерлер әкімдіктермен бірігіп, мектептердің оқу жылына дайындығын тексеруде. Бұл шара 25 тамызға дейін жалғасады. Бүгінде 354 мектептің дайын емес екені анықталды. Тексеру барысында мектептердің санитарлық-эпидемиялық талаптарға сай болуына назар аударылады. Атап айтқанда, ғимараттардың санитарлық-эпидемиялық жағдайлары, балалар мектепке келгенде арақашықтықты сақтау туралы айқын белгілердің және қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлердің болуы, сондай-ақ мектепке кіреберісте балаларды өткізуді бақылау қалай жүргізілетіні тексеріледі. Қазіргі кезде бас санитарлық дәрігердің қаулысының жобасы әзірленуде. Онда сыныпта бір бала КВИ жұқтырса, науқаспен байланыста болғандықтан сыныпты толықтай карантинге жіберу қарастырылған, – деді А.Ғиният.
Оның айтуынша, ДДҰ да балалардың мектепке баруына кеңес беріп отыр екен. Қанша індет болса да, дамыған елдер, соның ішінде Германия, Ұлыбритания, Франция, Швейцария, Бельгия сияқты елдер балаларды оқытуды тоқтатқан жоқ. Елімізде оқу жылы басталған соң мониторингтік топтар, эпидемиологиялық қадағалау комитеті мектептерді тексеріп тұрады. Ауырып қалған балаларды, байланыс топтарын, ошақты тексеру үшін олар әр мектепке кіреді. Егер қойылған санитарлық-эпидемиялық талаптар сақталмаса, Әкімшілік кодексінің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес айыппұл салынады. Атап айтқанда, жеке тұлғаларға – 30 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық ұйымдарға – 230 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1 600 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
– 1 қыркүйектен бастап Ashyq қосымшасы мектептерде де енгізіледі. Бұл ретте мектепке Ashyq арқылы кіруге оқушылар емес, қызметкерлер міндетті болып отыр. Мұнда науқаспен байланыста болған немесе ПТР-тестпен індет жұқтырғаны анықталған мұғалімдер мен қызметкерлерді мектептерге жібермеу маңызды. Ал ата-аналар балаларын мектептің кіреберісіне апарады, одан әрі оқушылар өздері барады. Егер белгілі бір ата-ананы мектепке шақыртса, онда ол қосымша арқылы кіреді, – деп нақтылады ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова.