Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «100 жаңа есім» жобасының биылғы, төртінші маусымы қорытындыланды. Ал жоба басталғалы бері оған республиканың түкпір-түкпірінен 5 мыңнан астам үміткер қатысып, өз жетістіктерінің тарихын ортаға салған еді. Олардың ішінде республикаға танымал тұлғалармен қатар, нелер игі істерді үндемей тындырып жүрген жайсаң жандар бар. Нәтижесінде, төрт маусымда барлығы 193 азамат жеңімпаз атанып, әртүрлі саладағы өз жетістіктерімен көзге түсті. Мұның өзі бойға біткен дарынымен, кемел ақыл-парасатымен, қажырлы еңбегімен заманауи қазақстандық қоғамды қалыптастыруға үлес қосқан тұлғалар қатары қалыңдай түскендігін аңғартқандай.
Бұл жоба жайында Елбасы: «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», деген болатын. Еліміздің әр өңіріндегі түрлі салада жетістікке жеткен талантты жастарды насихаттауды мақсат еткен тың жоба арқылы егеменді елдің іргесі берік қаланып жатқан тұста жастар елдің жаңа тарихын жасауы керек. Игі бастаманың негізгі мұраты да осы.
«Қазақстанның 100 жаңа есімінің» биылғы жеңімпаздарының арасында жас музыкант Арыстан Әбілдин де бар. 18 жастағы қарағандылық талант иесі жазған кавер әлемдік Shazam-ға іліккен болатын. Сонымен қатар ол – танымал рэпер Jah Khalib ұйымдастырған музыкалық байқаудың жеңімпазы. Айта кетейік, «Мәдениет және спорт» аталымында жеңіске жеткен жас дарын үшін 2 790 үміткер қатысқан конкурста топ жару – үлкен жетістік.
Өнерпаздар отбасында өскен ол музыкаға бала кезінен әуестенген. Әкесі музыка мектебінің директоры болса, анасы – хор жетекшісі. Бес жасынан бастап фортепиано мен барабанда ойнай бастапты. Ата-анасы музыкант болған соң перзентінің өнерден алыс кетпеуі заңдылық шығар.
Жастайынан өмірлік жолын айқындаған Арыстан өз шығармашылығы туралы: «Алғашқы авторлық әнімді сүйікті қызыма арнаған едім. Оны әлеуметтік желі қолданушылары жоғары бағалап, музыкамен мақсатты түрде айналысуыма жігер берді. Бұл мені жаңа шығармаларға шабыттандырды», дейді.
Colorit лақап атымен өнер көрсететін өнерпаз TikTok және Instagram әлеуметтік желілерінде танымалдыққа ие болды. Ол қазақстандық, ресейлік және шетелдік әртістердің әндеріне кавер жазады. Оның роликтері миллион қаралымға жетіп, жанкүйерлер саны күн санап артып келеді. Ол жазған шетелдік әуендер нұсқасына Егор Крид, Клава Кока және басқа да танымал әртістер бейнекөрініс түсіріп жүр.
Әлеуметтік желілердегі осындай нәтижеден соң Арыстан Әбілдиннің тарапына танымал ресейлік Black Star және Sony Music лейблдан ұсыныстар түскен. Қазір музыкант Zivert, Feduk, Иван Дорнды насихаттаумен айналысатын P.M.I. Music музыкалық ұйымымен келісімшартқа отырды. Көктемде шағын жеке альбомы жарыққа шықты.
«Жақында әріптестік келісімшарт жасастық. Осындай ерекше мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Біздің компания әріптестік орнатқан ресейлік бірлестік Иван Дорн, Зиверт, Филип Киркоров сияқты танымал орындаушылармен жұмыс істейді. Осы мүмкіндікті пайдаланып көптеген жаңа хиттер шығарамыз деп үміттенемін», дейді музыкант.
Арыстанның әлеуметтік желілердің музыка алаңындағы көрсеткішіне тағы бір тоқталсақ, Slava Marlow & Morgenshtern айтатын «Быстро» трегі ресми түрде пайда болғаннан кейін VK мен Apple Music чарттарында ғана емес, сонымен қатар Shazam әлемдік топ-чартында жетекші орынға ие болған еді. Ол Dua Lipa мен Billie Eillish-тен де озып түсті. Осылайша, трек ресейлік және қазақстандық TikTok-тағы трендке айналып үлгерді. Ал кавер төрт миллионнан аса рет қаралып, оған 190 мың бейнекөрініс түсірілді. Музыканттың өкілдері бұның TikTok-тағы ең танымал қазақстандық трек екенін мәлімдеген еді. Каверге өлең авторы Slava Marlow да өз бағасын берді.
Оның арманы – әлемдік сахналарда ән салып, шығармашылық иесіне айналу. Арыстанның үлкен арманына жақындауына «100 жаңа есім» жобасының ықпалы тиері анық.
«Жоба жеңімпаздарының арасында болғаныма ерекше қуаныштымын. Бұл – мен үшін жаңа қадам. Әрине, бұл менің жеке азамат ретінде дамуыма және жаңа шығармашылық шыңдарды бағындыруыма әсер ететіні анық», дейді ол.
Қазіргі таңда өнерпаз жаңа ән жазу үстінде. Ал туындының атауы әзірше белгісіз. Жуырда ғана Арыстан халықаралық музыкалық конкурста бірінші орынға ие болған. Қазақстандық өнерпаз АҚШ, Франция, Германия, Англия сынды мемлекеттерден қатысқан музыканттарды шаң қаптырыпты. Оның бұл жолғы орындауы YouTube желісіндегі парақшасында тұр. Түсірілім жұмыстары Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театрында өткен. Түсірілімге барабанда ойнаған Арыстанның әкесі де қатысқан. Айта кетейік, жас талант қазір Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінде «Барабан» мамандығы бойынша төртінші курста оқиды. Алдағы жоспары – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жоғары білім алу.
«100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары болашақта тәуелсіздік тарландары болуы әбден мүмкін. Қазақстанның жаңа заманғы келбетін қалыптастыруға ұмтылған тұлғалардан өнеге алған жастар да өмірлік жетістіктерге жетуге һәм ұлтына қызмет етуге ұмтылатын болады.