• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Қыркүйек, 2021

Нәубетті жылдардың ызғары әлі күнге жаныңды қариды

617 рет
көрсетілді

Коммунистік партия басшылары билікті өз қолдарына алғаннан кейін, бүкіл Ресей империясына қараған елдерде халықты қорқынышта ұстау үшін, көңілдеріне жақпағандардың бәрін қырып-жойып, ел ішінде қанды қырғын бастады. Елге арқау болып отырған байлардың, басқа да азын-аулақ күн­көрісі барлардың қолдарындағы малын зорлықпен тартып алып, өздерін жер аударып, аса қауіпті дегендерін түрмеге жауып, атып өлтіргеннен кейін қолдан ұйымдастырылған ашаршылық болды.

«Қазақ – байлық құдайдан» дейді. Ол кездегі байлар өздерінің арғы ата-бабаларынан жалға­сып келе жатқан тектілік­пен дүниелерін өздерінің ағайындары­мен бөлісіп, ауылдағы кедей адамдарға қарайласып отырған. Қазақ байлары елге сыйлы, текті адамдар болған. Байлар кеткеннен кейін, мал құрыды, қазақ аштықтан қынадай қырылды. Ауылдағы әр он адамның жетеуі аштықтан өлім құшты. Ел босып кетті.

Үкімет билігін қолына алған Ста­лин­нің озбыр саясатымен дені дұрыс адамның ойына келмейтін неше түрлі өтірік жаламен қазақтың ел алдына шы­ғып жүрген азаматтарын түрмеге жапты. Артынан «үштіктің» қаулысымен, «ха­лық жауы» деген ат тағылып, олар атып өлтірілді. Ел ішіне жасырын тыңшылар жіберілді. Көптеген тұрғын ІІХК-нің (НКВД) жасырын агенттеріне айналды, оларды жасырын марапаттап, ынталандырып отырды. Осындай озбыр саясаттың кесірінен талай азаматтың тағдыры тәлкекке айналып, ажал құш­ты. Халық өздерінің жанашыр азаматтарынан айырылып қалды.

Сол сұрапыл жылдардың куәгері бол­­ғандар­дың басым бөлігі бүгінде өмір­­­ден озды. Ел басынан өткен осы қа­­­ралы күндер туралы кезінде әңгіме қоз­­­ғауға қатаң түрде тыйым салынды. Он­­дайлар бола қалса, «партияның саяса­ты­­на қарсы ел ішінде үгіт жүргізді» деген айып тағылып, сот­талды. Керісінше жа­уыздардың әрекеттерін қырағылыққа балап, «ха­лықтың жанашыры» атандырып, ақын-жазушылар олардың мақ­тауларын бірінен-бірі асырып жатты. Осындай аяр саясаттың кесірінен ел тарихының қаралы беттерінен хабарсыз, «Октябрь революциясы жеңіске жетіп, ұлы Ленин, Сталин сияқты кө­семдер мен орыс халқының ағалық қам­қорлығы­ның арқасында қазақ елі осын­дай жетістіктерге жетті», деген ­атеизм мен жалған патриоттық рухта тәр­бие­лен­ген, қазақтың ұлттық дәстүрі мен өзінің жеті атасын да білмейтін ұрпақ өсіп же­тілді. Көп дүние ұмыт болды. Қазақ даласын қан сасытқан нәубет біздің ауылды да айналып өткен жоқ. Сол бір жылдардың ызғары әлі күнге дейін жаныңды қариды.

Бүгінде үлкен­дердің өзара жасырын әңгімеле­рін естіп қалған құйма құ­лақ аға­ларымыз бен апай­лары­мыздың ашар­шылық ту­ралы, саяси қуғын-сүр­гін­­дер туралы там-тұмдап айтқандары біз­ге нәу­бет жылдарынан жеткен де­рек­­тердің үлкен қоймасын­дай болды. Осы кісі­­л­ерден сұрастырып жүріп жи­наған әңгі­­мелерімнің арқасында то­лық бол­маса да ауылымыздан қуғын көр­ген аза­маттар туралы біраз дерек жи­­на­дым. Көп­теген адамдардың толық аты-жөн­дерін ол кісілер де ұмытқан. Сол айтыл­ған әңгімелердегі адамдардың ат­­­тарын нақтылау үшін архивтерді ақ­­тар­ғанда аса көп дүние шықпады. Де­генмен сол жи­нақ­талған деректер арқылы 37 адамның бірқатарының дерегін жаза кетейін.

Күрішбаев Спан Кент болысында болыс болған. Кент қара ағашынан екі қабатты үй салып, оның үстіне аурухана, астыңғы қабатында мектеп аш­қан. Кейін мал-мүлкі тәркіленіп, отбасы ойран болған. Кейбір балалары Қытайға қашып кеткен. Ол кісілерге аға­йын болып келетін Әшімнің баласы Әміржанның айтуы бойынша, Спанның балаларын ұстау үшін, өзін қайтадан Қарқаралыға алып келіп кепілдікте ұстаған. Денсаулығына байланысты бір адамдардың көмегімен Қарқаралыдағы ағайындарының үйіне шыққан екен. Спан үйдің жертөлесінде жатып қайтыс болыпты. Түн ішінде жаназасын оқып, жасырын жерлепті.

Ахметбек Әрінов марқұмның жазба­сы бойынша, Спанның ұлы Әбдірахман­ды қыстың күні ойық қазғызып, мой­нына тас байлап, 17 адаммен бірге үлкен көл­ге тастаған екен. Оқты шығындап, қабір қазуды артық көрген. Жіп шешіліп кетсе керек. Жазғытұрым мәйіті жағаға шығып қалған жерінен таныған адамдар жасырын намазын шығарып, апарып жерлепті.

Төлеген Әбеуов – Шатырағаш колхозында бас­қар­ма болып жүрген кезінде, ауыр жұмыстан арып-ашып жүрген елге жаны ашып, колхоздың табыны­нан бір семіз сиырды сойғызып, етін халыққа тара­тып бергені үшін колхоздың партия ұйымының хат­шысы мен ауылдық кеңес төрағасының қолы­мен аудан­­дық прокуратураға түсірілген шағы­ммен 3 жылға сотталған.

Сәттар Сәлменұлы. Әкесі тәркілен­геннен кейін прокуратураның ауыл бел­сенділеріне берген тапсырмасы бо­йын­ша Сәттар ұсталады. Содан оны бел­­сен­ділер­дің біреуіне ат арбамен Қар­қаралы түрме­сі­не апару тапсырылады. Үл­кен көл­дің жанындағы қалың тоғайға таян­ғанда арбадан секіріп түсіп, тоғайға қа­рай тұра жүгіріп, қашып кетпекші болға­нында белсенді-айдауыл атып тас­тапты.

Ақметкәрім Асылбекұлы. Бұл кісі негізі Томар ауылының туғаны бол­ғанымен, ұрпағы Қасым ауылында тұр­ған. Көктемде жер жыртып жүрген ке­зінде, әбден шаршап егіншілердің қо­сына келсе, қызыл бұрыштың қабыр­ғасына іліп қойған плакаттағы мойын­дары кере қарыс Маркс, Энгельс, Ленин­нің біріне-бірі жалғастырыла салынған суреттеріне қарап тұрып: «Мыналар­дың мойындарының жуанын қарашы. Шіркін-ай! Өздерін соқаға жегер ме еді?!» деген сөзін белсенділер дереу ми­ли­цияға жеткізген екен. Он жылға сотталып, содан хабарсыз кеткен.

Міне осылай, бұл кісілердің бәрі – бөліп-жарары жоқ тағдырлас адамдар. Сол бір сұрапыл заманды көру пе­ше­нелеріне жазылған екен. Әри­не, өте ауыр тағдыр. Бірақ бұл «тағ­дыр­лардың» біреулердің қолымен жасал­ғандығы одан да ауыр.

Мен өзім жинақтаған деректер негі­зінде ауы­лы­мыздың аштық пен саяси қуғын-сүр­гін құрбаны бол­ған азамат­тарының тізімін ұсынғанды жөн көрдім:

Әлімхан Ермеков – сотталған, Алаш ардагері, 7-ауыл.

Әміре Спанұлы – өлтірілген, Кент болысы 13-ауыл.

Әбдірахман Спанұлы – өлтірілген.

Төлеген Әбеуұлы – сотталған, Темір­ші болысы 9-ауыл.

Қомар Бейсенбекұлы – атылған.

Бөлемес Бейсенбекұлы – атылған.

Шөмен Нығыманов – сотталған, Кент болысы 7-ауыл.

Зәкіш Орманбетов – атылған. Кент болысы 7-ауыл.

Қалиақпар Күсембаев – сотталған, Кент болысы 7-ауыл.

Сейілхан Алин – атылған. Кент болысы 7-ауыл.

Молдахан Алин – атылған.

Бегімбай Сәрсенбайев – сотталған, Темірші болысы 9-ауыл.

Оспан Қадауов – сотталған.

Нұқыш Қоспабаев – атылған, Кент болысы 7-ауыл.

Мұқаш Сәдуов – сотталған.

Аққасқа Оспанов – сотталған.

Сыздық Тілегенов – сотталған.

Тілеш Игіліков – сотталған.

Балтабай – сотталған.

Өзбек Тілеубергенұлы – атылған, Темірші болысы 9-ауыл.

Шәйкен Ахметов – сотталған, Кент болысы 7-ауыл.

Аязбай Өміржанов – сотталған, Кент болысы 13-ауыл.

Сәттар Сәлменұлы – атылған.

Қасымбек Смақов – сотталған, Темір­ші болысы 7-ауыл

Жобалай Сәрсенбайұлы – атылған.

Спатай Райымбеков – мал-мүлкі тәр­кіленген.

Мұздыбай – Кент болысы 13-ауыл.

Спан Күрішбаев – мал-мүлкі тәр­кі­ленген.

Қабжан Спанұлы

Жақсылық Жүзбайұлы

Сәлмен

Іңірбай

Қоңырбай

Тілеуберген Ниязұлы

Сәлпік қажы

Қасен Төлеубаев – Кент болысы, 7-ауыл.

Ақметкәрім Асылбекұлы – сотталған, Темірші болысы 10-ауыл.

Балтабай – сотталған.

Өзбек Тілеубергенұлы – атылған, Темірші болысы 9-ауыл.

Шәйкен Ахметов – сотталған, Кент болысы 7-ауыл.

Аязбай Өміржанов – сотталған, Кент болысы 13-ауыл.

Сәттар Сәлменұлы – атылған.

Қасымбек Смақов – сотталған, Темір­ші болысы 7-ауыл

Жобалай Сәрсенбайұлы – атылған.

Спатай Райымбеков – мал-мүлкі тәр­кіленген.

Мұздыбай – Кент болысы 13-ауыл.

Спан Күрішбаев – мал-мүлкі тәр­кі­ленген.

Қабжан Спанұлы

Жақсылық Жүзбайұлы

Сәлмен

Іңірбай

Қоңырбай

Тілеуберген Ниязұлы

Сәлпік қажы

Қасен Төлеубаев – Кент болысы, 7-ауыл.

Ақметкәрім Асылбекұлы – сотталған, Темірші болысы 10-ауыл.

Міне, жинақталған тізімнің жобасы осындай. Мұндағы ойым, қателік кетпес үшін, білетіндер болса, артық-кемін түзесек, өте дұрыс болар еді. «Сұраусыз кеткен ер – жетім» деген емес пе?! Әлі де болса осы тізімді түгелдеп, нақтылай түссек деймін. Келешек ұрпақ сол тарих беттерінің ауыр бейнетін көрген азаматтардың аттарын ұмытпау үшін үлкен ескерткіш орнатылса, өте дұрыс болар еді.

 

Сәбит ТОҒАМБЕКОВ,

зейнеткер