Соңғы жылдары елімізде шағын және орта бизнес субъектілері санының артып, жергілікті өнім өндірушілер қатарының толығып келе жатқанына дер кезінде қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың қосқан үлесі зор.
Азаматтарымыздың өз мүмкіндіктеріне қарай кәсіп ашып, табыс тауып, салық төлеп, бизнес аясын кеңейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтуына мүмкіндік беретін әлеуметтік мегажобалардың тиімділігін Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бастау Бизнес» жобасы форумы қатысушыларына арнаған үндеуінде атап өткен. Елбасы кәсіпкерлікпен айналысуға құлшынысты тұрғындар қатарының көбеюіне мемлекеттің шағын және орта бизнеске қатысты заңнаманы жетілдіріп, салық ауыртпалығын азайтып, әкімшілік рәсімдерді қысқартып, несие ресурстарына қолжетімділікті арттыру саясаты себеп болғанын, қазіргі таңда шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін адамдардың саны 4 млн-ға, ал оның ішкі жалпы өнімдегі үлесін 35%-ға жеткізу үшін біраз шаруа атқарылып жатқанын айтқан.
Расында да, «Бастау Бизнес» бағдарламасының қолдауы арқасында көптеген жұмыссыз азаматтар, мүгедек жандар, көпбалалы не өмірдің түрлі сынағына тап болған қыз-келіншектер бизнесте өз орындарын тауып жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысында «Бастау Бизнес» арқылы «Атамекен» өңірлік палатасында кәсіпкерлік негіздеріне оқып, мемлекеттен 550 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болған тұрғындар екі жылдан соң «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде несие рәсімдеп, не қайтарымсыз грант ұтып, кәсіпкерлік аясын кеңейтіп келеді.
Кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті ақтөбеліктерге ерекше мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламаның көш басында 2013 жылы қабылданған «Бизнестің жол картасы – 2020» (өткен жылы «Бизнестің жол картасы –2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы болып өзгерді) және жұмыссыз азаматтардың кәсіп ашуына мүмкіндік беретін «Бастау Бизнес» бағдарламасы тұр. Жеке кәсіпкерлерді арзан несие ресурстары мен қайтарымсыз грант беру арқылы қолдайтын «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша биыл Ақтөбе облысында 8,3 млрд теңгеге 1 895 жоба несиелендірілді. Соңғы екі жылда осы бағдарламаның қайтарымсыз грант беру қоры да бірнеше есе ұлғайды. Мәселен, 2018 жылы облыста 18 жобаға 40 млн теңге, 2019 жылы 33 жобаға 61 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілсе, 2020 жылы 140 млн теңгеге 34 жоба қаржыландырылды. Жобаға қатысқан кәсіпкерлер грант қаржысын шикізат, жабдық, қондырғылар сатып алуға жұмсайды. Жалпы, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша сегіз жыл ішінде Ақтөбе облысында 363,6 млн теңгеге 141 қайтарымсыз грант берілсе, оның 58 пайызы іске асып, грант иегерлері 94 жұмыс орнын құрды.
Аталған бағдарламаның шарты бойынша қайтарымсыз грантқа қол жеткізген азамат 18 ай ішінде жобаны іске асыруға тиіс. Бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын мониторингтік топ қадағалайды. Бақылаудың да өз мерзімі бар. Мәселен, 2020 жылы қолдауға ие болған жобаны мониторингтік топ 2023 жылдың 1 тоқсанында тексереді. Егер осы мерзім ішінде кәсіпкер дым бітірмеген болса, қаржыны кері қайтаруы тиіс. Ондай жағдайда облыстық кәсіпкерлік басқармасы шартты орындамаған кәсіпкердің үстінен сотқа шағымданады.
Ақтөбе облысы бойынша тиімділігін көрсетіп келе жатқан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының грант конкурсына өтінімдер биыл 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Qoldau.kz платформасы арқылы қабылданды. Ал осыған дейін жобаға қатысушылар құжаттарын аудандық кәсіпкерлік бөлімдеріне келіп, қағаз жүзінде тапсыратын. Аудандық кәсіпкерлік бөлімдері барлық құжатты Ақтөбедегі конкурстық комиссия қарауына ұсынатын.
Құрамына кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекеме қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері кірген комиссия мүшелері 403 өтінімді үш күн бойы қарады. Айта кету керек, биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы грант конкурсының қоры 140 млн теңге. Оның 21 млн-ы 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер үшін республикалық бюджеттен бөлінсе, 119 млн-ы жергілікті бюджеттен толықтырылды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеубергеновтің айтуынша, биыл жобаға қатысуға құжат тапсырғандардың 65 пайызы ауыл кәсіпкерлері болса, 20 пайызы – әлеуметтік осал топ өкілдері.
Аудан кәсіпкерлері комиссия отырысына аудандық кәсіпкерлік бөлімдерінен Zoom платформасы арқылы шықты. Облыс орталығынан түскен өтінімдер ең соңғы күні қаралды. Назар аударарлығы, биыл ауыл шаруашылығына қатысты жобалар саны көп болды. Соның ішінде асылтұқымды ешкі, қойдың гиссар тұқымын, бие сатып алуға, құс өсіруге, омарта ұстауға, жылыжайда құлпынай, алма ағаштарын өсіруге бағытталған жобалар саны көбейген. Мал азығы, соның ішінде жоңышқа өсіріп, оны баулап сатуды жоспарлаған ауыл адамдары да көбейген. Суды аса көп қажет етпейтін, тамыры мықты жоңышқаның құнарлы азық екені белгілі. Қияр мен қызанақ өсіретін жылыжайдың тамшылатып суаруға арналған құрал-жабдықтарын сатып алуға грант алғысы келеді. Өтінімдер саны жағынан Алға, Әйтеке би, Шалқар аудандарының, ал бизнес-жобаларының сапасы бойынша Байғанин, Ойыл, Темір ауданының жеке кәсіпкерлері ерекшеленді. Бірін-бірі қайталаған жобалар, тіпті интернеттен көшіріп алған бизнес-жобалар да кездесті. Жергілікті жағдайдың қажеттілігіне онша келіңкіремейтін, қаржы шығындарын мақсатсыз ұлғайтып көрсеткен жобалар да болды. Айта кетерлігі, «Атырау-Ақтөбе» тасжолының қайта салынуымен Темір, Алға аудандарының тұрғындары жол бойында көлік жөндейтін орталықтар ашу үшін құрал-жабдық сатып алуға қаржы сұрайды. Ойыл ауданының тұрғыны Дархан Айдаров Ойыл орман шаруашылығы мекемесіне қарасты аумақта 800 түп алма өсіріп, бірнеше ауданды алмамен қамтамасыз етпекші. Сөйтіп, 1990 жылдардың тоқырауында қараусыз қалып, қурап кеткен алма бағын тірілтпек болған ауыл кәсіпкерінің ұсынысы тамаша. Әйтеке би ауданынан ұсынылған 21 жобаның ішінде құрылысқа қажетті блок кірпіштер мен жаяу жүргіншілерге арналған тас төсеніштер жасайтын цех, үй тұрмысына қажетті темір бұйымдарды жасап, дәнекерлейтін цех жобасы назарға ілінді. Осы ауданнан 3 адам жылыжайдың құрал-жабдықтарын сатып алуға қайтарымсыз грант сұрайды. Бір кәсіпкер жылыжайда раушан гүлдерін өсіріп-сатқысы келсе, екіншісі қой жүнінен пальто тігіп сатпақшы. Темір ауданынан ұсынылған 19 жобаның арасында құлпынай өсіріп-сату, токарь шеберханасын ашу жобалары ерекшеленді. Бірақ неге екені белгісіз, темірлік тұрғынның бизнес-жобасында құлпынайдың жабдығына қарағанда, тұқымы қымбатқа түскен. Мәселен, ол аумағы 48 гектар жерге құлпынай көшеттерін сатып алуға 3 млн теңге сұрайды.
Қарғалы ауданының тұрғыны Нариман Мөңкебаев 300 кг жүкті көтеретін трактор жасап шығарған. Биылғы гранттың ноу-хауы осы деуге болады. Өзі құрастырған тракторын көрсетті. Жеңіл тракторы ауыл көшелерін қардан аршу, көмір тиеп-түсіру, шөп әкелуге таптырмас көлік екен. Нариманның қолдан құрастырған көлігін қазір ауылдағы шаруа қожалықтары жалға алып кетеді екен. Шебер ұста ескі техникаларды жинап, түрлі трактор жасауға ниетті. Бірақ қаржысы жоқ. Ол фрейзер станогын, жартылай автоматты дәнекерлеуші станоктар сатып алуға қаржы сұрайды.
Биыл гидропоникамен айналысуға ықыластылар саны артқан. Бұл дегеніңіз жылыжай сияқты жабық ғимаратта қатарластыра қаланған сөрелерге дәнді дақылдарды өсіріп, оның жас өскіндерін орып сату екен. Тары, арпа, бидайды осындай тәсілмен өсіріп, мал азығы үшін сатуға қоюды жоспарлағандар көп. Дегенмен біздің жағдайымызда гидропоникада өскен арпа-бидаймен жайылымдағы малды азықтандыра алмайсың. Қалай болғанда да көпжылдық өсімдіктер егу, соның ішінде жоңышқа өсіру қолайлырақ болар. Аралас құс етінен (тауық пен үйрек, қаз бен күркетауық, тауық пен қаз) бұқтырылған, тартылған ет түрінде жартылай фабрикат әзірлегісі келетін алғалық кәсіпкердің жобасы ұнады. Мүгедек балаларға арналған арнайы консервілік тағамдар әзірлеу, мүгедектерді оңалту орталығын ашуға құрал-жабдық сұраған медицина қызметкерлерінің ұсынысы да – бизнестің әлеуметтік сипат ала бастағанының айғағы.
Комиссия отырысына қатысып, әртүрлі бизнес-жобаларды қарай отырып, тұрғындарымыздың ауыл шаруашылығы, туризм, таза табиғи өнімдерден киім тігу, бұйымдар жасауға ықыласты екендіктеріне ерекше қуандық. Алайда кәсіпкерліктің жолы оңай емес. Қолдан жасалған бұйымды сата білу де керек. Осы жағынан кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін тұрғындарға ауыл әкімдері, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары, «Атамекен» палатасының бизнес-тренерлері ұдайы көмектесіп отыруы қажет. Соның ең басында ауыл әкімі тұрады. Өйткені қандай да бір ауылдың қажетін, ең алдымен, сол ауылдың басшысы біледі ғой. Ауыл адамы бидай еге ме, қымыз өндіре ме, не ірімшік цехын аша ма, әлде темір соғып, қақпа жасай ма? Сырттай қарағанда, осы шаруалар ұсақ-түйек болып көрінсе де, ауыл кәсіпкерлігінің аяқтан тұрып, жанданып кетуі үшін әрқашан да маңызды болып қалмақшы.
Ақтөбе облысы