Мезгіл үстіміздегі жылдың өткен маусым айының бас кезі болатын. Түс әлетінде сыйлас інім Ниязәлі Дүйсенбек телефон шалды. Өкшемізді басып келе жатқан бауырымды әдебиет пен өнерге біртабан жақындығы үшін құрмет тұтамын. Қашанда жазу-сызуға бейімі бар жандарға жақын жүреді. Өзіндік ойы мен пікірі қалыптасқан өрелі азамат.
– Қазақтың аяулы да біртуар ұлы Мәлік Ғабдуллин аға ұлтқа ортақ тұлға екендігі дау тудырмас шындық. Ол кісі менің әкем Омарбек Дүйсенбековтің майдандас досы екендігін сіз жақсы білесіз ғой. Оның үстіне университетте дәрісін тыңдаған шәкіртісіз. Сол кісі жайлы қалам тартуға қалай қарайсыз? – деді.
Орынды уәжге тоқтамасқа бола ма, ұсынысты құп алдық.
Нияз інімнің айтатынындай бар, кезінде осы жолдардың авторы еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетіне «Мәлік Ғабдуллиннің хаттары» деген көлемді материал жазған болатын. Кейіннен Мәлік ағаның сыйлас досы жайлы «Омарбектей ер қайда?..» атты жазба дүниеге келді. Мамандығы тарихшы әрі әдебиет пен өнердің жанашыры Нияз ініміздің архивінде Мәлік Ғабдуллин ағаның кезінде Омарбектей майдандас досына жазған хаттары баға жетпес қазына ретінде әлі күнге дейін сақтаулы тұр.
Ендігі жерде әңгімеміздің басты кейіпкері Мәлік Ғабдуллинге қайтып оралайық.
... Бүгінде тарихқа айналған сонау мың да тоғыз жүз алпыс тоғызыншы жылы қоңыр күзде сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің студенті атанған шақ еді. Албырт жаспыз, бәрін білуге құштармыз. Қабырғаға ілінген сабақ кестесіндегі: «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» курсы. Дәріс оқушы Мәлік Ғабдуллин» деген сөзге көзіміз түсті. Біз үшін ол аңыз адам, атына сырттай қанық болғанымызбен, бұрын жүздеспеген кісіміз. Бір көрмекке асыға күттік. Қандай адам екен?..
Белгіленген уақытта аудиторияға жарасымды киінген, жүзі жылы, жанары ойлы профессор кіріп келді. Сыпайы сәлемдесіп, портфелін үстелге қойып, орындыққа жайғасты. Журналды ашып, әрқайсымызбен асықпай, жеке-жеке танысып шықты. Қайдан келгенімізді, отбасы мүшелерін сұрастырды.
Бәрінен бұрын, соншама атақты адамның қарапайымдылығы ерекше таңғалдырды. Өзінің баласындай, тіпті немересіндей шәкірттеріне «Айеке, Сәке, Бәке» деп сөйлейді. Неткен кішіпейілділік десеңізші!
Сол бірінші курстың аяғында, жазға салым «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» пәнінен ұстазға емтихан тапсырдық. Билеттегі сұрақ айтыс туралы екен. Мектепті жаңадан бітіріп барған мен соның алдында ғана Оңтүстік Қазақстан облысы ақындарының айтысы жөнінде ақын Омарбай Малқаровтың алғысөзімен Шымкенттен шыққан кітапты оқып шыққан болатынмын. Солардың ішінде Шымкент қаласының ақыны Көпбай Омаров пен Кентау қаласының ақыны Желеу Жақыповтың айтысы есімде қалыпты. Олай болатын себебі, мен орта мектепте сол Кентау қаласына қарасты Ащысай кенішінде оқыдым. Бұл шахтерлердің құтты мекені, кешегі Ұлы Отан соғысында жауға атылған он оқтың жетеуін берген атақты өндіріс орны. Ал айтыс ақыны Желеу Жақыпов болса сол Ащысай кенішінде тұрады, көріп, насихат термелерін талай тыңдаған адамым. Қарияларға таңды таңға ұрып, қисса, дастандар айтып беретін.
Көпбай Омаров болса да облыстың бас айтыс ақыны. Желеу көкемізді қыспаққа алып, қатты састырса керек. «Тегін адам таз бола ма?» демекші, өлең қонған жан емес пе, жеңіліп бара жатқанын сезген Желеу ақын табан астында облыс орталығы – Шымкент қаласында ауыз судың жетіспейтіндігі есіне түсіп:
Көзіммен көріп тұрдым
таласқанын,
Жолы боп кетіп жатты әлі асқанның.
Шарапат деген келін қарулы екен,
Шелегін лақтырады жанасқанның –
деп суырып салыпты.
Менің мына жауабымды естіген Мәкең риза болып, көзінен жас аққанша күліп, сынақ кітапшама жоғары баға қойып берді. Қоштасып, кетерімде маған:
– Сенің ауданыңның «Созақ» деген совхозында менің майдандас досым Омарбек Дүйсенбеков тұрады. Мүмкіндігің болып жатса, сәлем беріп, ағаңмен танысып, менен дұғай сәлем айтарсың, – деді.
– Жарайды, ағай.
Көрмекке, білмекке құштар жас кезіміз. Ауылға келіп, аунап-қунап, ата-анамыз бен туған-туысқан, құрбы-құрдастарымызды көріп, мауқымыз басылған соң, Ұлы ұстаздың майдандас досын көріп, сәлем беріп, танысу ниетімен жолға шықтық.
Бір кездері аудан орталығы болған Созақ ауылы өзбек, қазағы аралас ірі елді мекен екен. Мен іздеп келе жатқан Омарбек аудандық ішкі істер бөлімінің аға капитан шеніндегі учаскелік инспекторы қызметінде көрінеді. Елге сыйлы, әр істі ақылмен шешетін, сөзі уәлі, ақкөңіл, әңгімешіл жан болып шықты. Мәлік ағаның сәлемін ала келгенімді естігенде әбден риза болып, қатты толқыды.
– Несін айтасың, Мәлік деген нағыз азамат қой. Үлкен басымен бір кездегі майдандас досын ұмытпай, әлі күнге дейін хабарласып тұрады. Әр мереке қарсаңында жеделхат салып, құттықтауын жолдайды, – деген аға маған Мәлік Ғабдуллиннің өзіне жазған бір топ хаттарын сол жолы көрсеткен болатын. «Ештен кеш жақсы» дегендей, оларды көпшілікке таныстырудың сәті кейінірек түскендігін сөзіміздің басында айтып кеттік.
Омекең сол жолы еркін көсіліп, әңгіме тиегін одан әрі ағытты.
– Өзің тарихтан білесің, Мәкең 1941-1946 жылдары кеңес әскерінің генерал И.Панфилов бастаған даңқты 8-гвардия дивизиясы сапында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Оның Ұлы Отан соғысындағы ерлік даңқы бүкіл Одаққа әйгілі болды. Батырдың бұл ерлігі алғаш рет белгілі жазушы Б.Полевойдың «Правдада» жарияланған «Эпостың тууы» атты очеркінде баяндалды.
М.Ғабдуллиннің көркем шығармадағы тырнақалды туындылары дивизиялық, майдандық газеттерде жарияланды. «Менің майдандас достарым», «Алтын жұлдыз», «Майдан очерктері», «Сұрапыл жылдар» атты кітаптарына енген әңгіме, очерктерінде жазушы майдан өмірін суреттеп, жауынгер тұлғасын, Кеңес өкіметі адамдарының Ұлы Отан соғысы кезіндегі қаһармандық бейнесін суреттеді.
– Айтпақшы, сен менің М.Ғабдуллиннің көркем шығармасындағы кейіпкері екенімді білесің бе? Білмесең – біліп қой, ол қазір мына сенің қарсы алдыңда отыр.
Осыны айтып, Омарбек көке рахаттанып күліп алды...
Алматыға келген соң Мәлік ағаның негізгі қызмет атқаратын орны – сол кездегі Қазақ КСР Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөліміне (ғалым аға аталған бөлімнің меңгерушісі екен) келіп, майдандас досының сәлемін жеткіздім...
Айтқандайын, Мәлік аға адам жанының керемет психологы еді. Оған мына бір жайды дәлел ретінде айтайын. Курсымызда Семей жақтың әсем ару қызы бірге оқыды. Сол қыз бір күні лекцияға шашын жайып келді. (Қазіргі кезде бұл үйреншікті, қалыпты көрініс қой). Өзіне жарасып-ақ тұр. Сондықтан оған назар аударған ешкім болмады. Әдеттегідей кезекті дәрісін оқуға аудиторияға кірген ұстазымыз студенттерді көзімен бір шолып алды да, құлаққа жағымды үнімен сөзін бастап кетті. Қамырдан қыл суырғандай етіп, жымын білдірмей, бір оқиғаны баяндай келе, әдетте қазақтың дәстүрінде ері дүниеден озған әйелдер сол бір қаралы күндерде шашын жайып жіберіп, жоқтайтынын қаперге салды. Ұлы ұстаздың нені меңзеп отырғанын бәріміздің де ішіміз сезді. Ал бұдан кейін оны психолог демей көр!
Сәті келіп тұрғанда осы жолдардың жазылуына тікелей себепші болған Нияз інім жайлы да аз-кем айтып кеткеннің артықтығы болмас деп ойлаймын.
Текті әулеттің тумасы Нияз да бүгінде алпыстың асқарын бағындырған жастағы дейтін ел ағасы. Талай басшылық қызметтердің басын қайырды. Айтпағымыз – осы Нияз Мәлік аға Ғабдуллин отбасының бір мүшесіндей болып кеткен жан. Олай дейтініміз – ол Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түскен кезде Мәлік Ғабдуллиннің үйінде жатып оқыды, оны отбасы мүшелерінің бәрі де жақсы көрді. Ал мұны біреу білсе, екеу білмес деп айтып отырмыз.
Жалпы, Мәлік Ғабдуллин жайлы кезінде көптеген қазақ ақындары оған арнап өлең-жырлар шығарғандығынан хабарымыз бар. Алыстағы Ақмола облысы, Зеренді ауданына қарасты Қойсалған ауылында дүниеге келген ол қазақ халқын дүние жүзіне танытты. Жазушы, әдебиет зерттеушісі, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылым академиясының академигі, Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.
Бір басында осыншама атақ, абыройы бола тұра, ол өмірде қарапайымдылығынан бір танбады, адамдық арына қылаудай дақ түсірмей өтті.
Сонау жетпісінші жылдардың басында бізге фольклордан дәріс беріп жүргенде ғалым аға нағыз толысқан, кемеліне келген шағы, бар болғаны елудің төртеуіндегі жаста ғана екен ғой бұл күндері ойлап отырсақ.
Аңыз аға, абыз аға, нағыз аға өмірден өткен 1973 жылы біз университеттің соңғы курсында оқып жүрген едік. Бүкіл курсымыз болып ұстаз өліміне қатты қайғырдық. «Әттең тағы біраз жыл өмір сүрмеді-ау, ең болмаса зейнет жасына жете алмай кетті-ау» деп пендеауи өкінішпен өзегіміз өртенді.
Иә, адам – өмірге келген қонақ. Өмір – өткінші. Ғұмыр – қысқа. Әркімге өлшеп берген өмір бар. Ажал біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Ол – табиғат заңы. Алайда «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дегенді осы Мәлік Ғабдуллин секілді арда азаматтарға арнап айтса керек, сірә.
Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрынғы жайлар еске түсіп, өмірге ғасырда бір келетін Мәлік Ғабдуллин ұстазымыз жайлы біраз толғандық білем. Анығында, ол жазбамыздың тақырыбына шығарғанымыздай, шын мәніндегі аңыз адам, абыз адам, нағыз адам еді.
Ойымызды ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының мына бір өлең жолдарымен түйіндегенді жөн көрдік:
Қайтадан қайырылып қауымға келмейсің,
Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңда із қалдырсаң,
Шын бақыт – осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің.
Сол мәңгі өлмейтіндердің қатарында Сіз де барсыз, аяулы Ұстаз. Қалдырған ғибратыңыз мәңгі ұрпақтар зердесінде.
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
М.Ғабдуллиннің 70-жылдардағы шәкірті, зейнеткер
Түркістан облысы