• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Қазан, 2021

Қазақстан-Германия: Өзара ынтымақтастықтың алғашқы қадамы

831 рет
көрсетілді

Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанға алғаш рет Германияның Сыртқы істер министрі Ганс-Дитрих Геншер келді. Нақтылай айтқанда, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жариялануы алдында, 1991 жылдың соңғы айларындағы сыртқы саяси оқиғалар қатарында Германия тарихындағы және сол кездегі әлемдік саясаттағы ең ықпалды тұлғалардың бірі – ГФР Сыртқы істер министрі Ганс-Дитрих Геншердің елімізге алғашқы сапары маңызды орын алды.

1990-1991 жылдары Тұңғыш Пре­зи­дентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бас­шы­лығымен, 1990 жылдың 25 қазанын­да жарияланған Қазақ КСР-інің Мем­лекет­тік егемендігі туралы Дек­ларацияда, республикамыздың сырт­қы саясат сала­сының егемендігі тәжі­рибелік маз­мұн­мен толықтырыла бас­тады және Қазақ­стан халықаралық эко­номикалық қатынастар аренасына белсенді шыға бастады. Президенттің тапсырмасы бо­йын­ша мен басқарған СІМ-нің бас­ты міндеттерінің бірі ретінде Қазақ­стан­ның шетелдермен эко­но­микалық байланыстарын сая­си және дипломатиялық тұрғыдан қам­тамасыз ету болды.

Г.-Д.Геншердің келуінен бұрын ГФР Қаржы министрі Теодор Вайгельдің сапары орын алды. Ол Алматыға 1991 жылғы 24 қыркүйекте келді. Қазақстанға елеулі қызығушылық танытқан неміс тарапының өтініші бойынша, оның Президент Н.Ә. Назарбаевпен кездесуі өтті. Кездесу барысында КСРО мен оған одақтас республикалардың одан әрі сая­си және экономикалық дамуының перс­пективалары, Қазақстанның халық­аралық қаржы ұйымдарымен, атап айтқанда, Дүниежүзілік банкпен және Еуропалық қайта құру және даму банкі­мен ынтымақтастығын жолға қою, ГФР мен Еуропалық қоғамдастық тарапы­нан республикаға қолдау көрсету жол­дары, ГФР-дің іскер топтарымен эко­но­микалық ынтымақтастықты да­мы­­ту мәселелері талқыланды. ГФР ми­­­нистрі республикамыздың аума­ғын­да­ғы эко­номикалық байланыстарды ке­ңей­ту және іскер топтардың бірлес­кен жұ­мысы туралы Қазақстан Прези­денті­нің ұсы­нысын ГФР Канцлері Г.Кольге және өзінің үкіметіне жеткізуге уәде берді.

Т.Вайгель келіп кеткеннен кейін бірнеше күн өткен соң ГФР-дың Мәскеу­дегі елшілігі бізге нота жолдады, онда қазанның ортасында ГФР Федералдық канцлердің орынбасары, Сыртқы істер ми­нистрі Ганс-Дитрих Геншердің Қа­зақ­станға сапарын ұйымдастыру туралы өтініш білдірілді және оның Прези­дент Н.Ә.Назарбаевпен, Премьер-Ми­нистр­мен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі­нің Төрағасымен және Сырт­қы істер министрімен кездесулері сұратылды.

Г.-Д.Геншер ХХ ғасырдың екінші жар­тысындағы ең ірі неміс саясаткер­лері­нің бірі болды. Германияның Еркін демократиялық партиясының жетекшісі – 1969 жылдан 1998 жылға дейін бас­қарушы коалицияларда алдымен социал-демократтармен, кейінірек хрис­тиан демократтарымен және христиан социалдары одағымен бірге ол 1974 жылдан 1992 жылға дейін ГФР вице-канцлері және Сыртқы істер министрі болды. Осы тұрғыда, ол Германияны бейбіт түрде біріктіруде және қырғи қабақ соғыстың соңында Еуропада жаңа халықаралық қатынастар жүйесін қалыптастыруда маңызды рөл ойнады.

Г.-Д.Геншер жұбайымен бірге Алматыға 1991 жылдың 16 қазанында кешке келді. Оған ГФР-дың КСРО-дағы елшісі Клаус Блех, ГФР-дің Киев­тегі бас консулы Хейнек граф фон Бассевити, СІМ қызметкерлері, қауіп­сіздік қызметімен қатар басқа да ресми тұлғалар кірген 90 адамнан тұратын делегация бірге еріп жүрді.

Келесі күні таңертең мәртебелі мейманды Президент Н.Ә.Назарбаев қабылдады. Менің жазбаларыма сәйкес, оны Президентіміз сәлеммен қарсы алып, «Германия мен басшылық тарапынан Қазақстанға жақсы көңіл бөлінгенін» ризашылықпен атап өтті. Ол ГФР-дің іскер топтарымен жемісті экономикалық ынтымақтастық орнату бойынша нақты келіссөздерге көшуге дайын екеніне екпін берді. Германияның маңызды рөлін ескере отырып, бұл бүкіл Еуропалық қо­ғам­дастықпен жақсы қарым-қаты­нас­ты дамытуға көмектесетіні атап өтіл­ді. Елбасы неміс бизнесмендері мен банкирлерін қабылдауға, мұнай мен көмір өндіру, түсті металдарды өңдеу және экспорттық өнімдер өндіру сала­ларында бірлескен кәсіпорындар құру­ды қарауға, заманауи техниканы құ­рас­­тыру үшін жағдай жасауға да­йын еке­німізді атап өтті. Германия тара­­пы­нан нарықтық экономика жағ­дайын­да жұ­­мыс істеу үшін кадрлар даяр­­лауға, не­міс ком­панияларындағы жұ­мыс тәжі­ри­­­бе­сін зерттеу үшін біз­дің маман­дар­­дың са­парларын ұйым­дас­тыруға, сту­дент­­­тер алмасуға қолғабыс көрсету ту­ра­­­лы өті­ніш айтылды. Оған қоса, ГФР мен Қазақ­стан арасындағы тікелей әуе қаты­­на­сын орнату, туристік алмасуды дамыту туралы мәселелерді қарау ұсынылды.

Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның ГФР-мен жан-жақты байланыстарды, соның ішінде консулдық пункттерді өзара ашу арқылы жандандыруға мүдделілі­гін атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанда кә­сіп­керлікті қолдау қорын құру және оған Еуропалық қоғамдастық тарапы­нан қолғабыс көрсету мүмкіндігі мәсе­лесін көтерді. Ол республикадағы бар­лық тұрғындардың, соның ішінде ұлты неміс азаматтарымыздың заңды құқық­тары мен мүдделерін іске асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалатынын және олардың әкімшіліктің әртүрлі деңгейлерінде белсенді жұмыс істеп жүргенін атап өтті.

Министр Г.-Д.Геншер өзінің жауап сөзінде Президенттің қабылдауы және республикамен жеке танысуға мүмкіндік бергені үшін алғысын айтты. Ол Н.Ә.Назарбаевтың қойған бағы­ты мен оның КСРО-дағы саяси про­цес­тердегі маңызды рөліне Герма­ния­да құрметпен қарайтындығын атап өтті. Германияда Қазақстанмен қарым-қатынастарды дамытуға үлкен қызығушылық бар екенін, Қазақ­станнан өнімдер экспортының ұсыны­латын мүмкіндіктері ерекше мәнге ие болғанын атап өтіп, ГФР-дің Эконо­ми­ка министрлігі арқылы өзара іс-қи­мылды нығайту үшін барлық күш-жігерді жұмсауға уәде берді. Министр тікелей әуе қатынасын орнатуға қатыс­ты ұсынысты өз елінің тиісті ведомстволарына беруге уәде берді.

Неміс саясаткері кадрларды даярлау­ға қолғабыс көрсету туралы өтінішке оң жауап берді және қазақстандық мамандарды нарықтық экономика жағдайын­да жұмыс істеуге оқыту бағдарлама­­ларын талқылау үшін делегацияны жіберу­ге дайын екенін білдірді. Ол неміс тара­пының Қазақстандағы неміс тілін дамы­туға қолдау көрсетуге, сондай-ақ жақын арада Қазақстанда неміс мә­де­ни орталығын ашуға мүдделілігін атап өтті. Оған қоса, СІМ басшысы Алма­тыда ГФР Бас консулдығын ашу жөнін­дегі күш-жігерге өзінің қолдау беретінін мәлімдеді.

Г.-Д.Геншер атап өткендей, Қазақ­станның географиялық орналасуы ха­лық­аралық ынтымақтастықтың өзіндік көпірі болуға мүмкіндік береді, ал бұл өз елі үшін маңызды және тартымды серіктес екенін көре тұра, Н.Ә.Назар­баевтың «жауапкершілігі жоға­ры сая­саты» Германияның Қазақстан­мен байланыстарын орнатуға мүдделігіне ықпал етеді.

Кейінірек, 1995 жылы жарық көрген «Естеліктер» («Erinnerungen») кіта­бында Г.-Д.Геншер осы болған әңгіме барысындағы мәселелерді талқылау туралы егжей-тегжейлі айтып, былай деп жазды: «Назарбаев Кеңес Одағының соң­ғы кезеңінде ең мықты саяси тұлға­лар­дың бірі болды. Ол сондай-ақ 1992 жыл­­дың аяғынан бастап бұрынғы Кеңес Ода­ғы аумағында болған егемен мем­ле­­кет­тердің көреген өкілдерінің бірі бол­ды. Оның саяси, әлеуметтік жә­не эко­­­но­ми­калық қайта құрудың прагма­тика­­лық тұжырымдамасы ұзақ мер­зімді перс­пективада басқа модельдерге қара­ған­да сәтті бола ма, жоқ па, оны тарих көр­сетеді. Өтпелі жылдары ол өзінің көпэт­нос­ты мемлекетінің тұ­рақ­тылығын сақ­тай алды. Осы мақ­сат­қа жетуінің өзі үлкен жұмыс».

Кездесу соңында кеңестік және шетелдік журналистер үшін баспасөз мәслихаты өтті. Президентіміз Н.Ә.Назар­баев әлемдік деңгейдегі бел­гілі саяси қайраткер Г.-Д.Геншерге Қазақ­станға келу бастамасы үшін алғы­сын айтты және жүргізілген келіссөз­дердің нәтижелеріне қанағаттанушылық білдіріп, олардың Германия мен Қазақ­стан арасындағы экономикалық байланыстарды тығыз дамыту жөніндегі уағдаласқанын мәлімдеді.

Министр өз сөзінде, Германия үшін Қазақстан Кеңес Одағы республика­ларының арасындағы аса маңызды серіктес екенін, оның шикізат материалдары мен энергия көздері саласындағы байлығы кең экономикалық ынтымақ­тас­тыққа мүмкіндік беретінін айтты. Г.-Д.Геншер осындай қарым-қа­ты­нас­тар­ды дамыту мүдделігіне орай, ГФР-дың Алматыда консулдық пен мәде­ни ор­талық ашу ниеті туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақ­станда миллионға жуық неміс ұлты азаматтарының тұруы осындай ынты­мақтастықты ерекше тартымды етеді. Сонымен қатар Г.-Д.Геншер Қазақ­стан басшылығының Еуропалық қоғам­дас­тықпен ынтымақтастықты дамыту ниетін құптады. Н.Ә.Назарбаевқа мазмұнды және маңызды келіссөздер үшін алғыс білдіре отырып, Қазақстан­ның дамуы туралы ғана емес, сондай-ақ Кеңес Одағындағы ахуалдың дамуын неғұрлым нақты бағалау мүмкіндігі тура­лы түсінік берген үшін, ол Прези­дент­ті ГФР-ға ресми сапармен келуге ша­қыр­ды. Баспасөз мәслихатының соңын­да екі спикер жергілікті және шетел­дік журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Сол күні Бейбітшілік көшесіндегі (қазіргі Желтоқсан көшесі) әдемі ағаш үйде орналасқан Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында, менің Г.-Д.Геншермен екіжақты кез­десуім өтті. Ол біздің министрлікке келген шет мемлекеттің бірінші Сыртқы істер министрі болды.

Мәртебелі мейманды қарсы алып және оған СІМ-ге келу бастамасы үшін алғыс білдіре отырып, мен оның Қазақ­станға жасаған сапары елдеріміз ара­сындағы ынтымақтастықты нығайту­ға және кеңейтуге маңызды үлес қосаты­ны­на сенім білдірдім. Министрді сау­да-экономикалық ынтымақтастық жөнін­дегі деректермен таныстырып, ГФР Қазақстанға металлургиялық жаб­дықтарды, медициналық препарат­тарды, азық-түлік, жеңіл, химия және құрылыс өнеркәсібіне арналған жаб­дықтарды жеткізу көлемі бойынша екінші орын алатынын атап өттім. Эко­но­миканың түрлі салаларын­да 12 бір­­лескен қазақстан-гер­ман кә­сіп­орын­дары жұмыс істеді. «Достық қоғамдары» желісі бойынша мәдени байланыстар қолдауын тапты, серіктес қалалар желісі бойынша байланыстар орнатылды, ГФР-да Қазақстанның мәдениет күндері екі рет ұйымдастырылды. Республикада нарықтық экономикаға көшу бойынша түбегейлі реформалар жүзеге асырылып, тиісті заңнама құрылып жатқанын атап өттім.

Г.-Д.Геншер нарықтық экономика құруда, технологияларды дамытуда және пайдалы қазбалар мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалануда Германия тарапынан қолғабыс көрсету мүмкіндігін қолдай отырып, Қазақстанмен қарым-қатынастардың одан әрі дамуына оң баға берді.

Г.-Д.Геншер СІМ-дегі кездесу туралы алдында айтылған «Естеліктер» кітабында былай деп жазды: «Содан кейін Сыртқы істер министрі республикалар өздерінің сыртқы саясатын қалай үйлестіретінін сипаттады. 1991 жылдың қаңтарынан бастап Сыртқы істер министрлерінің Кеңесі жұмыс істейді, қыркүйекте оның соңғы отырысында Одақтың Сыртқы істер министрлерінің болашақ мәртебесі мен функциялары талқыланды. Бұл аталған кеңес Одақ пен республикалар арасындағы, әсіресе республикаларға қатысты стратегиялық үйлестіру органы болуы керек еді. Бұл республикалардың Одақтың сыртқы саясатында сөз айта алатындығына кепілдік беретін еді; дегенмен, екіжақты мүдделері туралы республикалар­дың өздері ойланар еді. Сонымен қатар министр Қазақстанның қазірдің өзінде халықаралық қатынастардың субъектісі екенін атап өтті. Осы тұрғыда, ол Пре­зидент Назарбаевтың Қытайға сапары және Бейжіңдегі басшылықпен бол­ған диалог туралы айтты. Түркиямен, Корея­мен және Сыртқы істер министрі Бей­кердің сапары көрсеткендей, АҚШ-пен де қатынастар қарқынды дамыды».

Неміс тарапы консулдық өкілдіктер­ге қатысты біздің ұстанымымыз туралы жақсы білетін. 1991 жылы 29 қыр­күйекте СІМ-де ГФР-дің КСРО-дағы елшілігінің Өкілетті министрі И.Хай­геннің өтініші бойынша кездесуім орын алды. Неміс тарапы Г.-Д.Геншердің сапары барысында Алматыда ГФР Бас консулдығын ашу туралы бірлескен мәлімдеме қабылдануын қалады. Бұған біздің тарапымыздан, республикада ГФР Бас консулдығының ашылуына жауап ретінде, ГФР-да Қазақстан консул­дығын ашу туралы нақты ұсы­ныс айтылды. Бұл мәселе Г.-Д.Ген­шер­­дің Қазақстан Президентімен сұх­ба­ты барысында талқыланды, онда өзара келісім негізінде консулдық меке­ме­лерді ашудағы келіссөздерді бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Г.-Д.Геншер Алматыда болған сапар кезінде Достық үйінде неміс­тер қауым­дастығының өкілдері­мен, «Дойче альгемайне» газеті­нің ре­дак­­циясымен кездесті, 28-ші гвар­дияшыл-панфиловшылар саябағын­да­ғы Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қой­ды, «Медеу» биік таулы спорт кеше­нінде болды. 17 қазан күні кешке мәр­те­белі қонағымыз Киевке ұшып кетті.

Кейіннен Г.-Д.Геншер Тәуелсіз Қазақстанның басшылығымен бірнеше рет кездесулер өткізді. Оның сапары­нан кейін келесі жылы Алматыда Гер­мания елшілігі ашылды, оған қа­рымта жауап қадамы 1993 жылы жасалды. Біздің ынтымақтастығымыздың үш он­жылдығы ішінде Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Германияға жеті рет ресми сапармен барды, өз кезе­гінде ГФР президенттері мен фе­де­ралдық канцлерлері Қазақстанға алты рет сапар жасады. Г.-Д.Геншер қыз­метінен кеткеннен кейін де екіжақты ын­тымақтастықтың нығаюын дәйекті түрде қолдап отырды және еліміздің шынайы досы болып қала берді.

Германиямен көпжылдық ынтымақ­тас­тықтың маңыздылығын Президент Қ.К.Тоқаевтың 2019 жылғы 5 желтоқ­сан­дағы Германияға жасаған ресми сапары тағы да растады. Канцлер А.Мер­кельмен бірлескен баспасөз мәсли­хатында Мемлекет басшысы, Германия – ол осы тұрғыда баратын Еуропалық одақтың алғашқы елі екенін атап өтті. «Бұл көп нәрсені аңғартады», – деді ол. Президент Германияны Қазақстанның «негізгі еуропалық серіктесі» деп атай отырып, Германияның Орталық Азия елдерімен жасалатын саудасының 86%-ы Қазақстанға тиесілі екенін атап өт­ті». Оның пікірінше, мұндағы маңыз­ды­сы – «біздің экономикамызға салынған неміс инвестицияларының 80 %- дан астамы шикізаттық емес секторға тиесілі», ал «Германия машина жасау, ресурстық материалдарды өңдеу және т.б. салаларда әлемдік көшбасшы болып табылады. Сондықтан біз онымен ынтымақтастыққа мүдделіміз».

Кейінірек ГФР басшылығын ел бірігуінің 30 жылдығымен құттықтай отырып, Президент Қ.Қ.Тоқаев «Герма­ния­ның біртұтас мемлекет ретінде қайта қалпына келтірілуі ХХ ғасырдағы ма­ңызды оқиғалардың бірі болғаны күмән­сіз» екенін, оны «қазіргі уақытта саяси жүйесі күшті, экономикасы дамы­ған, ғылым мен білім, өнеркәсіп пен ин­но­ва­ция салаларында жетістікке жет­кен озық мемлекет», әрі «Еуропаны дамы­ту­дың қозғаушы күші ғана емес, сон­дай-ақ беделді держава» деп атап өтті.

Бүгінде, Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­ды­ғының қарсаңында ГФР-дің Сыртқы істер министрі Г.-Д.Геншердің 1991 жыл­ғы қазанда болған Қазақстанға алғаш­қы сапарын еске ала отырып, дәл осы сапар екі ел арасындағы саяси диа­логтың негізін қалағанын және эко­но­микалық және мәдени ынтымақтас­тықты нығайтқанын, Қазақстан үшін Германия Еуропалық одақтағы басты әріптестерінің біріне айналуына ықпал еткенін атап өту қажет.

 

Ақмарал АРЫСТАНБЕКОВА,

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақ КСР және Қазақстан Республикасының 1989-1991 жылдарғы Сыртқы істер министрі