Қазір ХХІ ғасыр – білімнің заманы. Білімсіз ешқайда бара алмаймыз. Сондықтан білім сапасын жақсарту мақсатында көптеген өзгеріс жасалуда. Соның бірі – білім беру платформаларының еліміздің экономикалық дамуына да тигізер әсері мол. Қазақстанда жекеменшік ондаған білім беру платформалары бар. Бірақ оның көпшілігі көршілес ресейлік платформалардан материалдардың түрлі нұсқаларын сол күйі алып, атауын ғана өзгерте салған жобалар.
Оны көріп те, біліп те жүрміз. Еліміздегі білім алатын оқушылар үшін онлайн білім беретін оңтайлы шешімдерді қарастырған платформалар санаулы. Соның бірі – қазақстандық Daryn.Online платформасы. Жоба мақсаты – уақыт пен қашықтыққа тәуелсіз үздік білім платформасын көпшілікке ұсыну. Қазақстандағы өз саласы бойынша еңбегі көрінген білікті ұстаздарды жинап, бейнесабақтар түсірілді. Кез келген пәннің ішіндегі тақырыпты оқушыға 5-7 минут аралығында жетік түсіндіреді. 2019 жылы Білім және ғылым министрлігінің мамандары мектептерге онлайн білім алуға болатын платформалардың бірі ретінде таңдады. Жоба карантин кезеңінде толық ақысыз режімде көпшіліктің игілігіне ұсынылды. Алайда қазіргі уақытта бұл платформалар ақылы түрде қызмет көрсетеді. Соның салдарынан, біріншіден, қолданушы оқушылар, мұғалімдер сирек пайдалануда. Бұл білім беруші мекемеге де байланысты, себебі келісімшартқа қол қойылмаса берілген мүмкіншіліктер білім алушылар мен ұстаздарға қолжетімді бола бермейді. Екінші жағынан, еңбекті бағалау да маңызды. Қанша дегенмен, Қазақстанның әр аймағындағы білікті ұстаздармен байланыс жасап, офлайн білім алуға мүмкіндік беріліп, табысқа жетіп те жатыр.
Платформаның барлық пән бойынша слайды, видеосабақтары, сабақ жоспарлары, БЖБ, ТЖБ, шығармашылық виртуалды тапсырмалары және т.б. ресурстары бар. Білім қоры үлкен. 2021 жылы жоба қарқынды дами келе Daryn Teacher мен Daryn Tutor платформалары да іске қосылды. Қолдану мүмкіншіліктері артты. Платформада еліміздегі кез келген ұстаз репетитор ретінде тіркеліп жұмыс істей алады. Әрине, жұмыс барысы арнайы шарттарға сәйкес болуы қажет.
Соңғы жылдары білім платформалары мен сайттарында ақылы курстар, олимпиадалар, диплом, ақылы сертификаттар алу мүмкіндіктері көбейді. Бұл бір жағынан тәжірибе алмасуға пайдалы, екінші жағынан білімнің сапасыздануына алып келеді, яғни біліктілікті растайтын құжаттардың қолжетімді болуы артуда. Мұғалімдер аттестаттаудан өтуі үшін портфолиоға сертификаттар жинап, кейіннен ол құжаттардың да жарамайтындығы анықталды. Бірақ тиісті органдар оны да басты назарға алды. 2021 жылдан бастап оқу жылына арнайы кәсіби даму сайыстары, оқушылардың заман талабына сай қалыптасуына арналған министрлікпен бекітілген сайттар, сайыстар, білім платформалары мен орталары бар. Мемлекет цифрландыруға көшу мақсатын да өзі ұсынып отыр.
Онлайн платформа – қажет дүние. Дегенмен, қолданыстағы платформалардың кемшілік тұстары да жетерлік. Қазір бәріміз цифрлы орталар мен құрылғыларға тәуелдіміз. Қазақстандық нарықта білім платформалары өте аз. Мысалы, BilimLand платформасының мазмұнына келетін болсақ, ресурстық қоры тым аз және жаңартылған білім мазмұны бойынша толықтай барлық пәндер бойынша өзгертілмей ескі контентпен берілгендіктен, оқу үдерісінде кең көлемде қолдануға мүмкіндік бере бермейді. Сондықтан, ресурстарды жаңартып отыру өте маңызды. Білім алу және білім беру негізінде бұл платформаларға қызығушылықтарын арттыру мақсатында бір мезетке жаппай қолжетімді болу үшін мүмкіндігінше тегін жазылым болғаны абзал. Серверлердің техникалық мүмкіндігін кеңейту мен сапалы видео контенттер, ресурстарды толықтырып жаңартып отыру қажет. Мұндай платформалардың заман талабына сай дамуы, пайдалы, қолжетімді болуы сіз бен біздің қолымызда. Пәнге байланысты ақпараттарды платформаларға енгізу барысында кейбір кіріккен сөздерді тура мағынада аудармай, қазақ тілінде мағыналы, сауатты жеткізуге көп көңіл аудару қажет. Болашақ ұрпақтың ана тілінде кез келген пәнді еркін ойымен мағыналы әрі сауатты жеткізе білуі қажет әрі міндетті. Неге оқу платформаларының контенттерін жаңартып отырмасқа?! Мысалы, ҰБТ-ға дайындық деген арнайы бөлімдер орналастырылған. Дайын тесттік тапсырмалардың талапкерлердің білімін жетілдіріп ҰБТ-ға дайындалуға мүмкіншілігі төмен. Пәндер арасында байланыс жоқ, қазіргі жекелеген контенттер жаңа мазмұнмен толықтай енгізілмеген. Платформаны жасаушы ұйымдардың жұмысы сапалы, қолжетімді болуы үшін, мектеп мұғалімдерімен неге байланыста болмасқа?! Қазір жаңартылған білім мазмұны бойынша жасалған оқулықтар ғылыми бағытқа негізделген. Сондықтан білім беру платформаларындағы білім беру ресурстары ғылыми бағыттарға негізделіп жаңартылса дейміз. Білім беру жүйесінде сонымен қатар жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде өткізу қолға алынуда. Осы мақсатта ағылшын тіліндегі контенттерді де платформаларға қосу қолға алынса деймін. «Сын түзелмей, мін түзелмейді», «Көш жүре түзеледі» демекші, жоғарыда айтылған артықшылықтар мен кемшіліктер ескеріліп, оқу платформаларының мүмкіншілігі жоғары деңгейде болады деген сенім білдіремін.
Айзада ӘБДІЖАППАРОВА,
Нұр-Сұлтан қаласындағы №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі информатика пәнінің мұғалімі