Нұр-Сұлтанда Astana Mining and Metallurgy Congress отырысы өтті. Конгресте«АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир шығарындыларды азайту және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша жұмыс туралы айтып берді.
Оның айтуынша, ArcelorMittal компаниялар тобы алдына шығарындыларды 2030 жылға қарай 25%-ға азайтуға және 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу сияқты жаһандық мақсат қойып отыр. Германия, Испания, Бельгия және Канададағы ArcelorMitttal бөлімшелері осы бастамаларды қолдау үшін жергілікті билік органдарымен келісім жасасты. Компания Қазақстан Республикасының Үкіметімен осындай келісім жасасуға үміттенеді.
– Біз көміртегі шығарындылары бүкіл планета үшін проблема екенін білеміз. Көміртекті бейтараптық – бұл біздің ортақ жауапкершілігіміз және өте маңызды мақсатымыз. Осыған байланысты Қазақстан 2060 жылға қарай көміртектік бейтараптылықты қамтамасыз ету бойынша нық міндеттемелерді өзіне ала отырып, басқа елдермен салыстырғанда сенімді көшбасшылық танытып отыр. 2030 жылға қарай көміртегі шығарындыларын 19%-ға және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығын төмендету мақсатына қол жеткізу үшін, әрине, барлық салада нақты іс-қимыл жоспары мен үйлестіру қажет болады, – деп атап өтті Биджу Наир.
Сонымен қатар ол болат шексіз қайта өңделетін ең әмбебап материалдардың бірі екенін атап өтті. Бүгінгі таңда тікелей шығарындылардағы болат өнеркәсібінің үлесі қазбалы отынды пайдалану есебінен 7%-дан 9%-ға дейін құрайды. ArcelorMittal алдында нөлдік көміртегі ізімен болат шығара алатын технологиялық шешімдерді қолдану міндеті тұр.
Мұндай бірінші шешім сынықтар негізінде болат өндіру. Бұл ретте экологиялық таза электр энергиясы көздерін пайдаланса, кәдеге жарату деңгейі шамамен 90%-ды құрайды. Компания металл сынықтарын қолдануға тырысады, алайда дүние жүзінде әлемдік сұранысты қанағаттандыра алатын сынықтар жеткіліксіз. Екінші шешім – темір рудасынан болат өндіру кезінде жасыл технологияларды пайдалану. Мысалы, сутегі, биокөмір және басқасын атауға болады.
Үшінші шешім – болаттан көміртекті алу технологиясын қолдану. Көмірқышқыл газын (CO2) ұстау және сақтау (CCS) – бұл CO2-ны өнеркәсіптік және энергиямен байланысты көздерден бөлу, сақтау орнына тасымалдау және атмосферадан ұзақ мерзімді оқшаулау процесі.
– Carbon capturing and stocking (көміртекті ұстау және сақтау) технологиясы әлі де жаңа болып табылады, оны пайдалану және енгізу компаниядан және үкіметтерден айтарлықтай ресурстарды тартуды талап етеді. Алайда бұл шығындардың барлығы оның экономикалық және әлеуметтік құндылығы арқылы өтеледі. Кәсіпорындар жұмыс орындарын, қызметкерлерін қысқартпай, орналасқан жерін өзгертпей, сондай-ақ экологиялық қолайлы жағдайда жұмысын жалғастыра алады. Бұдан басқа бұл жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялылығын арттыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Қазір біз ЖЭК белсенді өсуі байқалып отырған Қазақстан үшін бұл технология тұрақты көміртекті бейтарап жолды қамтамасыз етеді және металлургия және тау-кен өнеркәсібін, әсіресе көмір және мұнай-газ салаларына қолдау болады, – деді Биджу Наир.
Осы орайда, Нұр-Сұлтанда дәстүрлі Astana Mining & Metallurgy конгресі өз жұмысын бастағанын айта кеткен жөн. Аталған конгресс – тау-кен металлургия индустриясындағы ең ауқымды салалық іс-шаралардың бірі.