Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында тұңғыш нәресте дүниеге келді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Министрдің айтуынша, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша сәтті жасалған экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) нәтижесінде 15 қазанда алғашқы нәрестенің кіндігі кесілді. Осылайша, Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығы елімізде ЭКҰ арқылы дүниеге келген балалардың саны 25 мыңға жеткенін мәлімдеді.
Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылында тұратын Дана тоғыз жылдан бері бала сүйе алмай, Репродуктивті медицина институтына жүгінген. Ол «Жас-Ай» медицина орталығында аға медбике болып жұмыс істейді. Ал күйеуі Қуандықтың мамандығы – электрик. Жұбайлар ұзақ уақыт бойы қаржылық жағдайына байланысты ЭКҰ жасата алмай келген екен.
Ерлі-зайыптыларға «Аңсаған сәби бағдарламасының квотасы бойынша ЭКҰ көмегімен жүктілікті жоспарлау ұсынылды. Осылайша, әйел адам дәрігер Аяулым Косетованың қарауында болған. Алғашқы талпыныстан кейін-ақ бойына бала біткен Дана қазанның ортасында №1 қалалық перзентханада босанды. Жарық дүние есігін ашқан нәрестенің салмағы – 3,156 кг және бойы – 52 см. Ал аңсаған сәбидің есімі Арман деп қойылды.
Осы орайда Президент былтырғы Жолдауында Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырып, ЭКҰ бағдарламалары бойынша бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе ұлғайғанын атап өткен жөн. Бұл ретте осыған дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 900-1000 квота бөлініп келгенін атап өткен жөн. Жалпы, ЭКҰ процесі 2010 жылдан бері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне қосылған.
Бүгінгі таңда «Аңсаған сәби» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру мақсатында бала көтеруге қабілетті жастағы әйелдер мен ерлердің санын, бұған қатысты облыстар мен қалалардағы жағдайды ескере отырып, ЭКҰ-ның 7 мың квотасын бөлу жүргізілді. Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы ұсынған ақпарат бойынша биыл 15 қыркүйекте 5 980 (85%) пациент ҚРТ бағдарламаларын жүргізуге жолдама алды, оның ішінде 4 345 пациентке ЭКҰ жасалды, сондай-ақ 1 361 процесс басталды.