Шымкент қаласы Shymqala этноауылында «Бес қару» этнофестивалі өтті. Үш күнге созылған іс-шара барысында жасөспірімдерді батырлық қасиетке тәрбиелейтін ойын түрлері ұйымдастырылып, қылыштасу шеберлері мен каскадерлар жауынгерлік өнерден, бес қару түрлерін пайдаланудан шеберлік сағатын өткізді. Батырлар институты тақырыбын барынша ашу мақсатында еліміздің танымал тарих және этнолог ғалымдары мен шетелдік жыршылардың қатысуымен арнайы семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Қызылорда қалаларынан жыршылар мен көршілес қырғыз және өзбек елдерінің жыршы-жомоқшылары, каскадерлар мен этно-фольклорлық топ әншілері қатысты. Көпшілік «Оңтүстік Қазақстан суретші жастары» бірлестігінің өкілдері ұсынған сахналық көріністі тамашалап, «Бес қару» экспозициясы мен жыршылардың орындауындағы батырлар жырын тыңдады. Яғни этнофестиваль көпшілікке нағыз батырлық, көшпенділік мәдениетті паш еткен мерекелік көңіл күй сыйлады. «Бес қару» этно-fest» жобасының авторы және продюсері – «Ұлттық әлеуетті дамыту» қоғамдық қорының президенті, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Рүстем Әшетаев. Жастығына қарамастан осындай дүбірлі шараға мұрындық болған, арысы қырғыз, қарақалпақ, берісі Алматы, Нұр-Сұлтандағы ғалымдардың басын қосып, ұлттық мұраны жаңғыртып жүрген жас жігітке көпшілік ризашылығын білдіруде. «Қазақ ұлтын мемлекет ретінде ұстап қалған төрт институт бар. Олар отбасы, батырлар, ақсақалдар-билер және хан-сұлтандар институттары. Осылардың ішінде әлі толық зерттелмеген батырлар институтының мәнін ашуды мақсат етіп отырмыз. Жыр-дастандарда батырлар туралы көп мәліметтер келтіріледі. Батырды әке-шешесі әулиелерге түнеп жүріп дүниеге әкеледі, өзгелердей емес, күн, тіпті сағат санап өседі, есейген соң қолына найзасын алып жауға шабады. Бірақ күнделікті өмірде ол қандай қызмет атқарды, батырдың әлеуметтік-саяси орны қандай болған? Батырдың қазақ қоғамындағы атқарған функциялары туралы толыққанды мәлімет жоқ. Фестивальге тарихшы, ғалымдарды шақырудағы мақсат осы – қазақ қоғамындағы батырдың рөлін айқындап беру, батыр мен барымташыны немесе қарақшыны ажырату. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі ұрпақтың бойына батыр образын қалыптастыру. Мәселен, самурай дегенде әділ, шыншыл, өз-өзін құрбан етуден де тайсалмайтын жауынгер көз алдыңызға елестейді. Батыс рыцарлары туралы әңгіме қозғағанда әрдайым мейірімді, сонымен бірге сегіз қырлы бір сырлы адамның образы көз алдыңызға келеді. Ал қазақ батырлары туралы қалыптасқан толыққанды образ жоқ. Батырлар бізге суретшілердің өз қиялымен салған туындылары арқылы таныс. Әр өнер қазақ батырын өз қиялымен жасайды. Біздің ниетіміз осы қиялды терең зерттеулер арқылы ақиқатқа айналадыру. Сурет демекші, фестивальге келушілер белгілі суретші, фотограф Саид Атабектің туындыларына арналған көрмені тамашалады. С.Атабектің туындылары Еуропада танымал. Оның көкпар туралы бір ғана суретінің өзі 60 мың долларға дейін сатылады. Ал бізде бұл жағына келгенде қызығушылық жоқ. Жалпы, батыр мен жылқыны бөліп алуға болмайды. Көкпар, ат спорты ойындары батырлық институттың ажырамас бөлшегі. Осы орайда «Номад» тобының каскадерлары да өз өнерін көрсетті. Қытайда, Голивудта, жалпы әлемнің 90 мемлекетінде киноға түскен, сайдың тасындай іріктелген нағыз бесаспап жігіттер. Бұлардан бөлек шетелдерде жүлделермен оралып жүрген «Тұран» этнофольклорлық тобының өнерпаздары да жұртты мерекелік көңіл күйге бөледі. Бұларды шетел таниды, ал өзіміздің жастарымыздың кейбірі білмейді», дейді Рүстем Әшетаев.
Қазақта «ер қаруы – бес қару» деген сөз бар. Эпостық жырларда: «Берік сауыт кигізді, Садағын сала байланып. Ер қаруы – бес қару, Бесеуін тамам ілгізді», деген жолдар кездеседі. Басы барды идірген, тізесі барды бүктірген көшпенділер қару-жараққа атам заманнан ерекше мән берген. «Егеуіне келгенде, Елу ұста жиналған. Таптауына келгенде, Тамам ұста жиналған», деп жыршылар қылыштың жасалуы ғана емес, жаудың құтын қашыру үшін оның мақтауын да осылай келістірген көрінеді. Дегенмен бес қарудың біз білмейтін сыры көп. Осы орайда Алматыдан арнайы келген Мәдениет қайраткері, көшпенділердің әскери өнерлерін зерттеуші, темірші-ұста Махмуд Құлментегі көпшілікке терең мағлұмат берді. Сондай-ақ ғалымдар үш күн бойы Әзіл-сықақ театрының залында жоғары оқу орындары студенттеріне арнап бес қарудың құпиясы, оның жасалу технологиясы төңірегінде лекциялар оқыды. «Бес қару – найза, садақ, айбалта, күрзі, қылыш. Әрқайсының мүмкіндігі әрқалай. Найза жауды жақын жолатпайды. Көшпенділердің қайқы қылышы жеңіл, ат үстінде сермеуге ыңғайлы болған. Сауыт киген жауды күрзімен ұрған. Ал айбалта өте қаһарлы қару болған, – деді әр қарудың қасиетін түсіндірген Махмуд Құлментегі. – Қазақ батырларында басты соққыдан қорғайтын шлем тәріздес, темірден соғылған сауыт болған. Оны томақап дейді. Жау ұрыстың алдында садақтың оғын жаңбырша жаудырады. Осындай кезде саптың алдыңғы қатарында, томақап киген алғадайлар тұрған. Ауыр сауыт киген олар арттағы әскерге жол ашқан. «Басынан аяғына дейін мұздай темір құрсанған», «бақайшағына дейін қаруланған» деген сөздер осыдан қалған. Бабаларымыз «ай қораланды», «қоян қашты» деген ұрыс тактикалары арқылы жауды жеңіп отырған. Томақапқа екі мүйіз де жасалған. Ортасында өмір ағашы болады. Бұлардың барлығы да тәңірі дінімен, космологиямен байланысты. Қалқан ерекше баппен жасалады. Ішкі жағындағы тері арнайы сұйықтықтардың көмегімен иленеді. Оның сырты темірмен қапталады. Қазақ қалқаны еуропалықша екі емес, бір тұтқадан тұрады. Мұндай қалқан біріншіден, өте жеңіл, яғни кез келген жағдайда қорғануға оңай, екіншіден соққыны дарытпайды. Себебі иіні қанған тері амортизацияның рөлін атқарады». Ал фестивальге Алатаудың арғы жағындағы қырғыз елінен келген филология ғылымдарының докторы, фольклортанушы, доцент, Қырғыз Республикасының ҰҒА президиумының терминология секторының меңгерушісі, манасшы Талантаалы Бакчиев қазақ пен қырғыз халқының ортақ құндылықтарына тоқталды. Қырғызда қырық эпос бар. Ғалым солардың ең көлемдісі әрі қасиеттісі «Манас» жыры туралы әңгімеледі. «Манасшылар дегеніміз, кітаптағыны жаттап айтатындар емес, манасшылық адамға жаратқанның әмірімен аян берілетін қасиет. Қазіргі уақытта «Манас» жыры Қырғыз Республикасының Конституциясына енген. 2011 жылы Қырғызстанда «Манас» жыры туралы арнайы заң қабылданған. 2012 жылдан бастап «Манас» жыры барлық жоғары оқу орындарына денешынықтыру, орыс тілі сияқты міндетті түрде өтілетін дәріс ретінде кірді. Мектепте қырғыз әдебиеті пәнінде Манастан арнайы сағаттар бар. Жақында бізде «Манас» театры ашылды. Театрда 33 штат бар. Оның ішінде 23 манасшы жұмысын бастады», деді ғалым.
Үш күнге созылған этнофестиваль барысында қала тұрғындары мен қонақтары ел тарихы, ел қорғаны болған батырлар туралы көп мағлұмат алды. Жоба авторы және продюсері Рүстем Әшетаевтың айтуына қарағанда, Шымкент қалалық әкімдігі «Бес қару» фестивалін жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналдыруға уәде беріп отыр.