• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Қараша, 2021

Қандаспен келген қазына

9564 рет
көрсетілді

Атам қазақта ежелден бері айтылып келе жатқан «Елге ел қосылса – құт» деген сөз бар. Бұл ұғымның астарында алуан-алуан сыр жатқанын біле бермейміз. Яки елге ел қосылса құт болатындығына бірінші себеп, «терең батырады, көп қор­қытады» деп бұрынғы аталарымыз айтқандай, әуелі халықтың саны көбейді де, этнос ретінде жаңарған бұқараның қа­рым-қуаты артып, уақыт өте келе сан­нан сапаға көшеді. Даңғыл жырау Махам­бет­тің «Өтемістен туған он едік, Онымыз атқа мінгенде, Жер қайысқан қол едік...» дегені тәрізді.

Осы орайда, еліміз тәуелсіздігін жария­лаған сәттен бастап, атажұртқа алыс-жақын шетелдерден ағылып келген қандастар саны жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің жа­қында жариялаған мәліметіне жүгінсек, осы 30 жылда Қазақстанға сырттан 1 084 692 қандас-қазақ көшіп келіпті. Олардың ішінде ең көбі Өзбекстаннан келген қандастар 

542 658 адамды құраса, келесі орынға Қытай Ха­лық Республикасынан көшіп келген

355 501 қандасымыз ие болып отыр, одан кейін Тү­рік­мен топырағынан қоныс аударған 74 706 қандасымыз үздік үштікті түйіндепті. Олардың сыртында Моңғолиядан 55 937 адам, Ресейден 16 816 адам, Ауғанстаннан 13 330 адам, Ираннан 8 645 адам, Қырғыз Республикасынан 7 372 адам, басқа елдерден 9 637 адам тәуелсіздік жылдары атажұртына оралған екен. Нақтырақ айтсақ, шеттен оралған қандастар еліміздегі қазақ ұлтының 12%-ын құрап отыр. Бұл – тек шекара асып, Отанға орал­ған­дардың тізімі. Келгеннен кейін­гі отыз жылда қол жеткізген өсімі есептелген жоқ.

Қандастарымыз ұзақ жылғы отарлау саясаты кесірінен түбіріне құрт түсіп, діңі мұ­қалған тіліміз бен қазақы салт-дәс­түр, ұлттық қолданбалы өнер, ба­йырғы этно­гра­­фиялық құндылықтардың қай­та жаң­ғы­руына септігін тигізді. Жазушы Қаб­деш Жұмаділовше айтсақ, шеттен келген қазақтар әбден сартап болып суала жаздаған ұлттық руханиятымызға теңізге келіп құйған тап-таза мөлдір бұлақтай әсер етті.

Одан кейінгі айтпағымыз, тәуелсіздікке қол жеткізген кез келген мемлекет әлем қауымдастығы алдында өз орнын табуға ұмтылады. Сол үшін сан қилы экономикалық бағдарламалар қабылдайды, өндіріс саласын дамыту үшін сырттан қысқа және ұзақмерзімді инвестициялар тартады. Ресми дереккөзге жүгінсек, еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан экономикасына шамамен 330 млрд доллардан астам шетел инвести­циясы құйылыпты. Нәтижесінде, отандық өн­діріс пен өнеркәсіптің өркендеуіне жол ашыл­ды. Оның пайдасын қазір халқымыз көріп жатыр.

Сөйте тұра, әр халық, жеке этнос өзінің ұлттық құдірет-қасиетіне баланатын ежелгі құндылықтары: тілі мен ділін, дәстүрі мен салтын, мәдениеті мен өнерін дамыту үшін сырттан қаржылай инвестиция тарта алмайды. Яғни қазақтың ұлттық дара құндылықтарын ағылшын, орыс, француз, жапон дамыта алмайды. Өйткені олардың өз дәстүрі, өз ерекшеліктері бар. Ал қазақ халқы үшін осы олқылықтың орнын толтыра алатын құндылық, аса бағалы дүние – шеттегі қандастары. Шекарадан тыс жерде жүріп-ақ қазақ сияқты өзінің рухани байлығын, ежелгі елдік қасиетін сақтаған ұлт жоққа тән. Бұл – тәңірдің қазаққа берген ең үлкен сыйы. Расында, дара халықты ұлт ретінде ұстап тұратын тетік оның рухани ұстыны шеттен оралған қандастар арқылы да бекіп жатыр.

Одан кейін ұлттық рухани байлықтың бір пұшпағы – әдеби, мәдени, ғылыми өмірімізге қандастар тарапынан қосылған қазына қаншама. Көші-қон ардагері Марат Тоқсанбаевтың дерегі бойынша, тәуелсіздік жылдары елімізге сырттан 60-қа жуық әр саланың ғылым докторы мен 120-ден астам ғылым кандидаты көшіп келіпті. Соның бірі – жуықта ғана оралған қандастар арасынан алғашқы болып 30 жасында Мемлекеттік сыйлыққа ие болған әлемдік деңгейдегі математик ғалым Дөрбетхан Сұраған, сондай-ақ заң ғылымдар докторы һәм Қазақстан Республикасы Кон­ституциялық Кеңесінің мүшесі Үнзила Шапақ және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде генерал-майор шенінде жауапты қызмет атқарып жүрген әскери ғылымдар докторы, профессор Жекей Қалидолдаұлы қатарлы қандастарымыз күллі қазақтың мақтанышына айналса, тек спорт саласында орын алған бір сәттік оқиға 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында қос қандасымыз Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Ислам екеуі жеңіс тұғырында қатар тұруы тарихи көрініс ретінде бар қазақтың көкейінде сақталды.