Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен брифинг өтті. Жиында аймақ басшысы Тәуелсіздік жылдарында Жетісу жерінде қол жеткен табысты істер туралы айтып, Мемлекет басшысы белгілеп берген тапсырмалардың орындалуы туралы әңгімеледі.
Журналистермен өткен жылы жүздесуде өңірдегі өткір мәселелер де көтеріліп, қоғамды алаңдатқан бірқатар сұрақтарға жауап айтылды.
Әуелі өңір экономикасының өркендеп өсуі жайында айтылды. Бұл тұрғыда жетісулықтар мақтана алады. Өйткені Тәуелсіздік жылдарында Алматы облысындағы жалпы өңірлік өнім 3 трлн 700 млрд теңгеге жеткен. Яғни осыдан 30 жылдай уақыт бұрын аймақтың жалпы өнімін қаржыға шаққанда 35 млн теңге шамасында ғана болған екен. Оның ішінде өнеркәсіп өнімін шығару 9,5 млн теңгеден 1 трлн 200 млрд теңгеге дейін өссе, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі биыл 1 трлн теңгеден асып отыр.
– 30 жыл ішінде өңірде 14,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал бюджет түсімдері 1997 жылғы 11 млрд теңгеден бүгінгі күні 742 млрд теңгеге дейін өсті. 30 жылда облыс экономикасына 6,5 трлн теңге инвестиция құйылды, – деп атап өтті брифингте А.Баталов.
Жалпы, өңдеу өнеркәсібі Алматы облысы экономикасын дамытудың локомотивіне айналып отыр. Осы жылдың 10 айында экономиканың барлық негізгі салаларында тұрақты өсім байқалған. Мәселен, қазір бұл саладағы өсім 14,3 пайызды құрайды. Атап айтқанда, 10 айдың ішінде қуаты 1,2 млн тонналық, инвестиция көлемі 47 млрд теңге болатын «Алацем» цемент зауыты іске қосылған. Сондай-ақ жылына 100 млн литрге дейін алкогольсіз сусындар шығаратын Pure Pack зауыты жұмысқа кірісті. Жыл соңына дейін 7,2 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімдерін өндіретін және терең мұздататын Frosco кәсіпорнын, 6 мың тоннадан астам құрылыс материалдарын өндіретін «Алюгал» және жылына 10 мың тонна металл бұйымдарын дайындайтын «Азия темір ЛТД» зауыттарын іске қосу жоспарлануда.
Ал қазір облыста «Кока-Кола», RG BRANDS, «Хамле», «Филип Моррис», «Джей Ти Ай», «Фуд Мастер», Danone, «Адал», «Кнауф-Гипс», «Алацем», «Эфес» сияқты әлемдік брендке ие ірі кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Трансұлттық компаниялардың үлесі де өскен. Мысалы, республика бойынша 19 жоба болса, Жетісуда 9 жоба жүзеге асуда. Трансұлттық компаниялар тарапынан салынған жалпы инвестиция сомасы 290 млрд теңгені құрайды екен. Мұның ішіндегі төрт жоба – «Маревен Фуд», «Лукойл», Willo, «Фуд Миллс» жүзеге асып, іске қосылды. Яғни олар өндірген өнім экспортқа шығарылады.
– Жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн 300 млрд теңгеден асады, шикізаттық емес экспорт 6 пайыз өсіммен 392 млн долларға жетеді. Бұл Елбасының тапсырмасына сәйкес қабылданған индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасының нәтижесінде мүмкін болды, – дейді А.Баталов.
Тағы бір қуанышты жаңалық, жыл соңына қарай Алматы облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден аспақ. Биыл агросекторды мемлекеттік қолдау үшін 50 млрд теңгеден астам қаражат бөлінсе, оның 43 млрд теңгесі субсидияға бағытталды. Мұндай шаралармен өңірдің 15 мың шаруашылығы қамтылған. Нәтижесінде, облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 972 мың гектарға жетті. Оның ішінде қант қызылшасы 16 мың, жүгері 95 мың, картоп 40 мың гектардан асты.
– Ауыл тұрғындарының табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту шаралары қабылдануда. Біз 2025 жылға дейін қант қызылшасы алқабын 53 мың гектарға дейін ұлғайту есебінен шикізат өндірісі көлемін 2 млн тоннаға жеткізу жөнінде ауқымды міндет қойып отырмыз, – деп атап өтті облыс әкімі. Бұл үшін Көксу және Ақсу қант зауыттарын жаңғырту арқылы олардың жалпы бір жылдағы өңдеу қуатын 1 млн 100 мың тонналық деңгейге жеткізу жоспарланған. Соңғы үш жылда аймақта 39 мың гектар суармалы жер қайта айналымға қосылған. Ал 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 млн гектарға дейін ұлғайту міндеті тұр. Оның ішінде облыс бойынша 138 мың гектарды қалпына келтіру жоспарланған.
– Биыл 14 мың гектарды қалпына келтіру үшін ирригациялық құрылыстарға 6,3 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Ислам даму банкінің қаржысы есебінен Ескелді және Ақсу аудандарында суару желілері қайта жаңартылып жатыр, – дейді А.Баталов.
Жалпы, ауыл шаруашылығы туралы айтқанда агроөнеркәсіп кешенінің дамуы туралы үнсіз қалуға болмайды. Ал облыста бұл сала бойынша қайта өңделген өнімнің экспорты 25 пайызға өсіп отыр. Яғни таза табыс – 97 млн долларға жетіп, жалпы агроөнеркәсіп кешені экспортының 73 пайызын құрады. Мұнан бөлек, Жетісу өңірінде өткен жылмен салыстырғанда мал мен құс саны орта есеппен 2 пайызға өскен. Мал қыстату үшін облыс жемшөппен толық қамтамасыз етіліп, 5,3 млн тонна азық дайындалды. Жетісулықтар Маңғыстау облысының зардап шеккен фермерлеріне гуманитарлық көмек ретінде 54 вагон шөп жөнелткен.
– Облыста барлығы 74,1 мың басқа арналған 117 мал бордақылау алаңы және 26,1 мың басқа арналған 84 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді, соның есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72 пайызға, сүт зауыттарының жүктемесі 85 пайызға жетті, – деді облыс әкімі.
Аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар шара қолға алынған. Осы мақсатта тұрақтандыру қорын құрып, жеңілдікпен кредит беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд теңге бөлінді, оның жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрайды. Соның 3 млрд теңгесі 0,01 пайызбен кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелендіруге және 700 млн теңгесі 8,7 мың тонна өнім сатып алуға бағытталды.
Өңірде өндіріс қана өркен жайып отырған жоқ, шағын және орта бизнес саласы да алға басып келеді. Соның бір дәлелін осы салада 270 мыңдай адамның еңбек етіп отырғанынан көруге болады. Ал жалпы облыста 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Соның нәтижесінде өткен 9 айда бюджетке 144 млрд теңге түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1,8 есе артық. Қолданыстағы бағдарламалар аясында 3 мыңнан астам кәсіпкерге 26 млрд теңге сомаға қолдау көрсетілді.
– Жыл қорытындысында шағын және орта бизнес субъектілері шығарған өнім мен көрсеткен қызмет көлемі 2 трлн теңгеге жетеді, ал оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесі өткен жылғы 32,4 пайыздан 34,3 пайызға ұлғаяды. Осылайша, Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің өнім өндірудегі үлесін 35 пайызға жеткізу туралы тапсырмасын біз келесі жылы орындаймыз, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ биыл Алматы облысында «Еңбек» бағдарламасы бойынша белсенді жұмыспен қамту шараларына 60 мың жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар тартылды. Сондай-ақ, 251 мың адам жалпы сомасы 10,3 млрд теңге шамасында әлеуметтік көмек алған.
Өңірдегі өткір мәселенің бірі тұрғындардың табиғи газға қол жеткізуі болып отыр. Қуаныштысы, бұл мәселе жылдан жылға өз шешімін тауып, ауылды көгілдір отынға қосу ісі ілгерілеуде. Биыл тағы 13 елді мекен газға қосылып, тұрғындардың көгілдір отынға қолжетімділігі 61 пайызға жетеді.
– Елді мекендерді газдандыру және жылу көздерін газбен жылытуға ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр біз облыс халқының 59 пайызының, яғни 1,2 млн адамның газға қол жеткізуін қамтамасыз еттік. Биыл тағы 13 елді мекенді қосу арқылы бұл көрсеткішті 61 пайызға жеткіземіз, – дейді өңір басшысы.
Былтыр Талдықорған және Қапшағай қалаларында үш қазандық газға ауыстырылған, биыл Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданында тағы үшеуі ауыстырылып жатыр. Мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында 101 көппәтерлі тұрғын үй үшін 31 блокты-модульді қазандық орнатылуда, бұл жұмыс келесі жылы толығымен аяқталады. Жыл басынан бері облыста 835,4 мың шаршы метр тұрғын үй берілді. Жалпы құрылыс саласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл 1 млн шаршы метр тұрғын үйді салу жоспарланған, соның 835,4 мың шаршы метрі салынды. Ал қазір 1 824 пәтерлі 271 тұрғын үй салынуда, соның ішінде 741 пәтерлік 121 тұрғын үйге тұрғындар қоныстанып үлгерген. Сонымен қатар жекеменшік құрылыс ұйымдары 952 пәтерлік 13 үйді салып, іске қосты. Облыс бойынша 1 307 отбасы пәтер кілтін қолға алса, оның ішінде 327 көпбалалы және әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген отбасы бар.