Елбасымыздың «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы ерекше әсер етті. Бұл – ұлт болып сақталудың формуласы, халқымыздың жаңа замандағы жүрер жолы.
Тұңғыш Президентіміз, ең алдымен, Тәуелсіздікті сақтау жөніндегі қастерлі құндылыққа назар аударған. Шын мәнінде, Тәуелсіздіктен артық бақыт та, одан асқан береке де жоқ. Сондықтан осы ұғымды халыққа жеткізу, елге түсіндіру – бәріміздің азаматтық парызымыз. Еркін ел болмасақ, біз өткенімізді саралап, бүгінімізді бағамдап, болашағымызды болжай алмаймыз. Сондықтан елдігімізді еңселі, егемендігімізді баянды ету – баршамыздың абыройлы міндетіміз.
Мемлекет ретінде өсіп-өркендеу үшін бірлік пен келісімнің маңызы зор. Елбасы айтқандай, бұл – елдігіміздің мызғымас тірегі. Расымен, Қазақстанның бүгінгідей ордалы елге айналуы – татулық пен сыйластық арқасы. Біз бұл тұрғыдан әлемге үлгі көрсете алдық. Осының бәрін халқымыз «бірлік болмай тірлік болмайды» деп, бір-ақ ауыз сөзге сыйдыра білген. Қазір сын-қатерлер заманы деп жатырмыз. Жер-жерде түрлі жағдайлар болып жатқанын да көріп отырмыз. Ал Қазақстан соның бәрінен бірлік пен келісімнің арқасында айналып өтті. Осы бақытымыз ұзағынан болғай.
Елбасы айтқан үшінші тұғыр – ата-бабадан мирас болған жерді сақтау. Меніңше, Жер мен Тәуелсіздік – егіз ұғым. Жерді қорғау ол – Тәуелсіздікті қорғау деген сөз. Бабаларымыздан қалған «ұлтарақтай жер қымбат» деген асыл сөз бар. Сондықтан біз үшін жер – ең қымбат қазына. Оны қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек.
Тұңғыш Президентіміз тоқталған төртінші дүние – салт-дәстүр және отбасылық құндылық. Жасыратыны жоқ, кейінгі кездерде отбасылық құндылықтың төмендеп кеткенін байқап жүрміз. Елбасы сол себепті, бұл мәселеге баса мән беріп отыр. Алдағы уақытта елдіктің маңызды тірегі саналатын осы институттың деңгейін көтеру үшін жұдырықтай жұмылуымыз қажет. Бұл жолда ауылдағы ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің сөздеріне құлақ түру, соған тоқтау, содан сабақ алу бұрынғыдай ұлттық деңгейге көтерілуге тиіс. Біз «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсете білген халықпыз. Осы ұлттық кодымызды жаңғыртып қана қоймай, тұрмыс-салтымызға еркін енгізсек, бірегейлігіміздің іргесі беки түсері сөзсіз.
Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткен ұлттық мәдениетті сақтау, білім мен еңбекке, прагматизмге басымдық беру – Тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы аса маңызды құндылықтар. Мұның бәрі сын сағатта ұлт болып ұйысып, ел болып ілгері жылжу үшін қажет. Сондықтан Елбасы айтқан жеті тұғырдың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіруіміз керек. Тіпті бұл қағидаттарды мектеп бағдарламасына енгізіп, өскелең ұрпақтың санасына сіңірудің де берері мол деп есептеймін.
Әкім ЫСҚАҚ,
қоғам қайраткері