– Бибігүл Ахметқызы, бір ғажабы, 16 желтоқсанда сіз қос бірдей қуанышты – өзіңіздің және Тәуелсіздіктің туған күнін қатар атап өтеді екенсіз. Жетімдікті, аштық пен соғысты көрген сіз үшін бұл қастерлі күннің бағасы меншікті мерекеңіздің қуанышымен қосылғанда арта түсетіні белгілі. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардың ақеділ шаттығы мен қиындығына алдымен өздеріңіз куә болдыңыздар, сондықтан сіз айтатын естелік те ерекше болуы тиіс...
– Өткен ғасырларда ат үстінен түспей азаттық аңсап өткен ата-бабаларымыздың арман-аңсары біз өмір сүрген ғасырда, біз жазып жатқан тарихтың парақтарында бедерленіп, алтын арай шапағын шашты. Бұл – өлшеусіз бақыт. Ел басындағы ауыр дағдарысқа қарамастан жаңа мемлекеттің іргесін қалауға құлшына кіріскен Елбасы бастамасы қоғамнан кедергісіз қолдау тауып отырды. Кеше ғана бір ту, бір ұранның астында ұйысып отырған одақтас республикалар жеке мемлекет болып бөлініп шығып, еншісін алғаннан кейін дербес тірлікті неден бастарын білмей дағдарып отырғанда, көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы іркілместен ірі шаруаларды шешуді қолға алды. Ол кісінің ел басшысы ретіндегі ең үлкен атқарған ісі деп өз басым шекараны шегендегенін айтар едім. Тәуелсіздігіміз үшін ана тілінің орны қандай болса, ұлтарақтай жерін көзінің қарашығындай сақтаған біз үшін шекара да сондай қастерлі. Тіл мен жер өзіміздікі болмай, өзгенің алдында «азатпын, еркінмін, елмін» деп айта алмаймыз. Шекара – өте нәзік мәселе, әр ұлт үшін киелі саналатын жер мәселесі дұрыс шешілмегеннен кейін зардабын ұрпағы тартады. Оған мынау Армения мен Әзербайжан, Ресей мен Украина елдері арасындағы жер дауы мысал. Құдайға мың тәубе, қазақ елі осындай қантөгіс пен қырғи қабақ соғыстан аман отыр. Ал бұл тікелей Елбасымыздың еңбегінің жемісі.
Міне, бостандыққа қолымыз жетіп егемендік алғанымызға отыз жыл болды. Тұңғыш Президентіміздің тағдырына ең қиын кезең тура келді. Кеше ғана сартылдап жұмыс істеп тұрған зауыт-фабриканың өкпесін үрлеп тұрған оттегінің көзін Ресей, Украина, Беларусь сияқты жетекші мемлекеттер жауып тастаған соң, онсыз да жартылай шикізат өндіретін еліміз қол-аяғы шідерленіп, біржола тұралап қалды. Президентіміз қалың тұман арасынан қарманып жол тауып, қиынның өзін қиыстырып, адам айтса сенбейтін жетістіктерге жетеледі. Әлі есімде, алғаш «астана Ақмолаға ауысады» деген хабарды естігенде, қимас көңілмен көзімнің жасын тыя алмай жылағаным есімде. Ал қазір стратегиялық жағынан дұрыс қабылданған шешім екенін уақыт өзі дәлелдеп отыр. Қазақстанның қақ жүрегінде орналасқан Нұр-Сұлтан қаласы қазақ елінің төрт бұрышы келіп түйісетін, бүкіл облыс орталықтарымен, шартараптағы шет мемлекеттермен қарым-қатынас жасауға қолайлы, экономикалық тұрғыдан, экологиялық жағынан тиімділігін танытып отырған ірі орталыққа айналды.
– Сіз Тәуелсіздік алғаннан кейін бес күннен соң, 1991 жылдың 21 желтоқсанында Социалистік Еңбек Ері атаныпсыз. Күйреп, келмеске кетіп бара жатқан Кеңес Одағының ең жоғарғы марапатының соңғы иегері сіз екенсіз. Қалай алғаныңыз есіңізде ме?
–Ол тарих күні бүгінгідей есімде. Мен үшін күтпеген жағдай еді. Кеңес Одағы құлап жатқанда, соңғы рет тұяқ серпігендей, шамасы, отар республикаларды жарылқап, сый жасаған М.Горбачев сыпыра жасауды жөн көріп, шын жүрегімен осы бұйрыққа қол қойған екен. Менің өнерімді қашан да биік бағалайтын және осы жоғары наградаға лайық санаған Н.Назарбаев Кеңестің биік марапатын өз қолымен табыстады. Менің де қуанышымда шек болмады. Еңбек пен қарапайым жұмысшының маңдай терін ерекше құрметтеп, насихаттаған Одақтың идеологиясы сүйегімізге дейін сіңіп кеткені сонша, мұны мен награда дегеннен гөрі халықтың маған деген құрметі мен ықыласының жемісі деп қабылдадым. Мен әрбір марапатыма маңдай теріммен қол жеткіздім деп мақтанышпен айта аламын. Жарты әлемді, тұтас Кеңес Одағын, бүкіл Қазақ даласын оңынан да, солынан да көктеп, алыстағы аудан, қияндағы ауыл демей, егін даласында, бел жазбай жер тырмалайтын күнқақты жандардың алдында, зауыттар мен фабрикаларда, шахтаның астында, тіпті 7-8 малшының алдында талай рет концерт беріп, ән салдым. «Маған салтанатты сарай, үлкен сахна керек» деп тәкаппарлық танытпадым, сахна талғамадым. Бұл марапаттар – сол еңбектің нәтижесі.
– Тәуелсіздіктің жеке басыңызға әсерін қалай сезіндіңіз?
– Тәуелсіздіктің қадірін қиындықты көрген біздің ұрпақ, менің замандастарым бәрінен гөрі биіктеу сезінеді. Себебі кеңестік жүйенің озбыр саясатының салқыны біздің отбасымызға оңай тиген жоқ. Әкемізді «халық жауы» атандырды, бізді балалық шағымыздан айырды, бұғанамыз бекімей тұрып ауыр жұмыстарға жегілдік. Бұл нәубет аяқталмай жатып соғыс басталды. Аталарымыз бен әкелерімізді майданның алғы шебіне салып, от пен оқтың аузына байлады. Жеті жасымнан жетім қалып, консерві зауытында жұмыс істеп жүрген жерімнен Семейге жер аударылған Галина Серебрякованың кеңесімен Алматыға келіп, консерваторияға оқуға түсіп, білім алдым. Жетімдікті де, жоқшылықты да, әділетсіздікті де көрдік, бірақ, адам баласы бәріне төзеді екен. Еңбек етсең, түбінің қайыры бар. Қазір осының бәрі көрген түстей, өзге түгілі өз балаңа айтсаң да, ертегі сияқты естіледі. Бүгін, міне, қадірлі әже болып, жастарға бата беріп, ақыл-кеңес айтамыз. Бұл сый-құрметтің бәрі маған тегін келген жоқ. Жақсы көрген адамына жарты әлемді сыйлап жібергісі келіп тұратын жаны жомарт, жүрегі таза ауыл адамдары, егіншілер мен малшылардың арқасында Бибігүл атандым, ел еркесі болдым, даңққа бөлендім. Мені алдымен ел төбесіне көтергеннен кейін ғана Үкімет маған назарын салып, атақ-лауазымын біртіндеп бере бастады. Күш – көпте. Мұны мен ешуақытта ұмытпаймын.
– 1967 жылы кеңестік делегация құрамында Монреальда өткен ЭКСПО-ға Қазақстан өнер шеберлері де қатысып, ән салып, концерт берген екенсіздер. Канада көрмесіне келген қонақтар сіздерді қалай қарсы алды?
–1967 жылға дейін «халық жауының қызы» деп, саяси жағынан сенімсіз адам санағаны болар, мені шетелге шығарған жоқ. Іргедегі Қытайға, Польшаға, Вьетнам сияқты елдерге барамын, бірақ ірі капиталистік мемлекеттерге жол жабық болды. Батыс Еуропаға жол осы Монреаль сапарымен ашылды. Жай сапар емес, төрткүл дүниенің техникалық жетістігін тауар сияқты тізіп тастаған ЭКСПО-ның өзіне бардық. Делегация құрамында Бәйкен Әшімов, Саттар Имашев, Ілияс Омаров секілді белгілі мемлекет қайраткерлері, Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Ришат Абдуллин, Роза Бағланова, Болат Аюханов, Байғали Досымжанов сияқты өнер қайраткерлері болды. Біз Роза Жаманова екеуміз қонақүйдің бір бөлмесінде тұрдық. Бізді Монреальдің модерн стиліндегі архитектурасы, шыны ғимараттар, тіпті бөлмеміздегі қабырғаға жапсарлас жасалған шкаф та таңғалдырды. Әлі есімде, Қазақ КСР-нен келген өнер шеберлерінің гала-концерті сұмдық аншлагпен өтті. Бізді жан-жағымыздан туристер келіп қоршап: «Қытайсыңдар ма, әлде жапонсыңдар ма?» деп қызықтап сұрайды. «Қазақпыз» дейміз. Көрмеген, естімеген, білмейді. Қалай айтсаң да, түсінбейді. Біздің концертімізге аштық жылдарында елден жырақтап кеткен отандастарымыз да келді. Қызын жетектеп келген бір салиқалы қазақ біздің жанымызға келіп еңкілдеп тұрып жылады. Қорқып қалдық. Түркиядан осы ЭКСПО-ны арнайы көруге келген математика ғылымының профессоры екен. Елге деген сағынышын айтып жеткізе алмай еңірегені көпке дейін есімнен кетпей жүрді. Ал осындай ешкім естімеген, білмеген, білгені орыстың басыбайлы бір боданы деп қана қараған Қазақстанымызды күллі әлемге Нұрсұлтан Әбішұлы танытты. Бұл шындықпен ешкім де дауласа алмайды. Тәуелсіз елдің Президенті болып сайланған күннен бастап жарғақ құлағы жастыққа тимей, шартараптағы елдерді шарлап, Қазақстанның саяси қарым-қатынасын реттеген абыройлы мұраты көз алдымызда жүзеге асты. «Елу жылда – ел жаңа» деген, осы мақалдың мазмұнын кеш те болса, шын ұқтым. Канада еліндегі аузымызды аштырып, көзімізді жұмғызған ертегідей «ЭКСПО – 67» тұп-тура елу жыл өткен соң, 2017 жылы біздің елімізде, өз Отанымыздың төрінде өтеді деп ойладық па? Қол жетпес арманды шындыққа айналдырған адам Нұрсұлтан Әбішұлы ғой, қане, бұл шындықпен кім таласа алады? Асүйде отырып әңгіме айтқан жеңіл, ал бір мемлекеттің тізгінін ұстап, көшін алып жүрудің қиындығын Елбасы өзі ғана біледі. Себебі иығына ауыр жүкті артқан да өзі, салмағын сезінген де өзі. Қазір заман кең ғой, қайда барып оқимын десең де, қай елде демаламын десең де, тіпті қай жаққа көшіп кетемін десең де, алдыңда жол сайрап жатыр. Баста білім, бойда батылдық, қалтада ақша болса, еш кедергі жоқ. Бұл – қазір, ал осыдан отыз жыл бұрын осының бірі де мүмкін бе еді? Ойланғанымыз абзал.
– Тоқсан жасқа толғаныңызда Елбасы сізді қабылдады. Сіз Нұрсұлтан Әбішұлын ертеректен танитын боларсыз?
– Мен Нұрекеңді танығалы жетпіс жылға жуықтады-ау, шамасы. Ол кезде Қазақстанның халық әртісі атағын жаңа иеленгенмін. Украинаның Днепродзержинск қаласына гастрольдік сапармен барғанымда металлург мамандығында оқып жүрген бір топ қазақ баласы концертіме келіп қатысты. Сол концертте Нұрекең маған гүл сыйлады. «Апай, біз осында бір топ қазақ баласы оқып жүрген едік. Бітірген соң елге барып жұмыс істейміз» деді. Содан кейін ол кісіні Теміртаудың металлургия зауытында, комсомол орындарында, партия комитетінде қызмет істеп жүрген кезінде кездестірдім. Теміртауға гастрольдік сапармен барған кезімде бір жігіттер келіп: «бүгін сіздің концертіңізге бірінші хатшымыз келіп қатысады» деді. Кешке Нұрсұлтан Әбішұлы мен Сара Алпысқызы екеуі келіп өнерімді тамашалады. «Нұрекеңмен бірге жиі шай ішетін едік» деп мақтана алмаймын. Бірақ сирек те болса салтанатты жиындарда, мерекелік басқосулар мен түрлі шараларда көзі шалып қалса, келіп амандасып, қолымызды алады. Көңіл шырайын көрсетіп, кішіпейілдік танытып, ниеттестігін білдіреді, біз де әрқашан ол кісінің әр ісін қолдап, сырттай тілекші болып отырамыз. Елбасы 2019 жылы 90 жылдық мерейтойыма орай мені қабылдап, ілтипат танытып, құрметін көрсетті. Ол үшін тек рахметімді ғана айтамын.
– Сіз Шәкен Аймановтың фильмдеріне түстіңіз. «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі таңғы шықтай тамылжыған «Көктем вальсі» мен «Тақиялы періштедегі» «Ана» әні қазақ эстрадасының ескірмейтін хит әні болып тыңдарман қауымның құлағында мәңгі қалды. Бірақ осы фильмге Тайлақтың әпкесі болып сіз түсесіз де, әнді белгілі әртісіміз Бақыт Әшімова орындайды. Неге?
– Бүгінгі көрермен біле бермейтін бір жайт бар. Сол кездің фильмдерінде бір шумақ болса да ән айтылуы тиіс дейтін жазылмаған қағида тән еді. Әйел дауысымен шырқалатын әнге Шәкен аға міндетті түрде мені шақыратын. «Дала қызы» фильміне де солай түскенмін. Ал «Біздің сүйікті дәрігер» фильміне шақырғанда, Шәкен аға: «Бибігүл, бұл фильмде сен өзіңді ойнайсың. Барлық әртістерді шақырып отырмын, солардың әрқайсысы өз рөлін ойнайды» деді. Шынымды айтсам, өз көңіліме жаққаны да осы фильм болды. Бірақ өнер күтпеген, тосын жайттарға толы болады екен. «Тақиялы періште» фильмінде мен эпизодтық рөлде ойнаймын. Ән айтып, бір-екі кадрда төбе көрсеткенім болмаса, жауапкершілігі бар салмақты рөл емес-тін. Бірақ «Біздің сүйікті дәрігердегі» жалт-жұлт жасанған рөлім «Тақиялы періштедегі» Тана шешемнің бір-екі тұста болар-болмас жылт еткен қызының рөліне астар болуға жарамай қалды. Қызық болды. Осы фильм жарыққа шыққаннан кейін қай ауылға барсам да, қай қалада концерт берсем де, көрерменім «Маманы айт» деп маған қолқа салып, қол соғып отырып алатын болды. «Фильмге түскенмен, ол әнді мен орындаған жоқпын. Әнді Бақыт Әшімова айтады» десем де, «Қалайша айтпайсың? Фильмнен сені көргеніміз рас қой, ендеше әнді де сен айтасың» деп жұрт жер тепкілеп отырып алатын. Ақыры әнді жаттап, әуезін көтеріп, өзімнің лирикалық сопрано дауысыма лайықтап айтуыма тура келді.
– Айтпақшы, сізді Рүстем Әбдірашевтың «Балалық шағымның аспаны» фильмінде Елбасының әжесінің рөлінен де көрген едік. Бағалаған адам үшін бұл кейіпкеріңіз де бірегей бейне болып шыққан. Шәкен ағамыз бекер қолқа салмаған, әнші болмағанда, актриса болатындай қабілетіңіз бар, кино өнерінің иіріміне түспегеніңіз таңғалдырады...
– Бірде Рүстем телефон соғып: «сізді бір қарт әженің рөліне шақырсақ, қалай қарайсыз?» деп өтінішін айтты. «Кәсіби актрисалар тұрғанда, қандай әженің рөлі ол?» деп қанша қарсылассам да, Рүстем ақыры киносына қатысуға көндірді. «Белгілі актрисалардың өзі ат-тонын алып қашып ойнаудан бас тартып жүрген қандай әже ол өзі?» деп ақыры шақырған студиясына келдім. Бетімді әрлеп, кимешек кигізіп, алдыма қол диірменін қойып, қасыма бір баланы жүгіртіп қойды. Сөйтіп отырғанда қолыма бір парақ қағаз беріп, «мына мәтінді оқып көріңіз» деді. Оқысам, Нұрсұлтан Әбішұлының әжесінің сөзі. Шын жүрексіндім. «Қой, айналайын» деп мен де атып тұрып, әлгі актрисалар сияқты кетуге ыңғайландым. Рүстем табанды жігіт екен, «мұның әлі фильм емес, жай ғана сынақ» екенін айтып, рөлді аяғына дейін ойнатты. Сөздің қысқасы, көркемдік кеңес мені бекітіпті. Фильм Жамбыл ауданында, Ұзынағаш ауылында түсірілді. Сондағы ауыл адамдарынан, ағайындарынан кейіпкерім туралы мәлімет жинап, «қандай адам еді?» деп сұрастырып, өзімше зерттеу жүргіздім. Сөйтсем, Нұрекеңнің әжесі ұзын бойлы, мінезі сұсты, ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын өте өткір адам болған екен. Ауылдастары көзіне тура қарай алмай тайсақтап, жүзін төмен салатын көрінеді. «Менің бойым тапал ғой» деп тағы да шегінгім келіп еді, бірнеше қабат көрпешенің үстіне қоқитып отырғызып, режиссер ол мәселені де шешіп қойды. Режиссер «сұстылау қараңыз», «қаттырақ айтыңыз» деген сөзін қайталай береді. «Айналайын, біреуге тілім тиіп, балағаттамасам, бұдан артық қатты сөйлей алмаймын» деймін. Әжімді терең салып, тырнағымның астына қара бояу жақты. Сөйтіп сексеннен асқан шағымда актриса болдым. Фильм көрерменге жол тартты. «Балалық шағымның аспанын» көрген Нұрекең: «Бибігүл апамның әжесі өте креативный болып шығыпты. Бүкіл қазақтың әжесі сияқты әсер береді» деген екен. Фильмді көргеннен кейін кей адам: «Ал Бибігүл Төлегенова қайда?» деп сұрайтын көрінеді. Титрде аты бар, өзі жоқ. Бұл қалай? «Фильм Бибігүл Төлегенованың диірменмен ұн тартып отырғанынан басталмай ма?» дегенде ғана «адамды да осыншама өзгертуге болады екен-ау» деп таңырқағандар көп болды. Ал Дариға Нұрсұлтанқызы экраннан үлкен әжесін көріп ағыл-тегіл жылапты. «Менің әжем де осындай өжет болған еді, сонда әжем өз енесіне ұқсаған екен ғой» деп өз әжесін еске алып, көзінің жасын бір бұлап алыпты.
– Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық вокалистер конкурсы – нағыз Тәуелсіздіктің төл туындысы. Жас орындаушылар бағын сынайтын бұл байқаудың арқалаған мұраты, ұйымдастырылу себебі белгілі. Пандемияға қарамастан күні кеше ХІ конкурсты өткізіп, тыныстап отырсыз. Ән өнеріндегі бұл салмақты байқау жас таланттарға атақтан басқа не береді?
– Ел есінде болар, менің Мәриямгүл деген қызым болды. Өкінішке қарай, 2007 жылы мезгілсіз дүниеден өтті. Сол жылдары Мәскеуде Ирина Архипова, Елена Образцова сынды Ресейдің опера жұлдыздары өздерінің атына конкурс жариялап, түкпір-түкпірдегі таланттарды шақырып, бағын сынатып, оларға жол ашып жатты. Қызым: «Мама, бүкіл республикалардағы мықты әншілер байқау өткізіп жатыр. Қазақстанның атынан сіз де ұйымдастырсаңыз қалай болады?» деді. Мен әдеттегідей басымды алып қашып, бірден қарсылық таныттым. Мәриям ақыры мені көндіріп, конкурс ұйымдастыруды өз мойнына алды. Үш-төрт жыл қатарынан Мәскеуді, басқа да шет мемлекеттерді аралап, архивтерін ақтарып, құжаттарымен танысып, халықаралық байқау өткізудің тәжірибесін зерттеді. «Сабақты ине сәтімен» деген, ғарыштағы Талғат Мұсабаев пен жердегі Нұрлан Өнербаевтың «Көзімнің қарасын» қосыла шырқаған дуэтін тікелей байланыстан тамашалау үшін Нұрсұлтан Әбішұлы студияға шақырылған екен. Нұрлан бізді де шақырған. Жиналған отыз шақты адамның арасында Нұрекең келіп амандық сұрады. Байқау ұйымдастырғалы жатқанымды айттым. Сол-ақ екен, жанымдағы Мәриямгүл Елбасыға конкурсты жекеменшік етіп өткізуге тура келіп тұрғанын, ол үшін демеушілер іздеп жатқанын айтты. «Демеуші іздеудің не керегі бар, жекеменшік байқау жасаудың қажеті қанша? Бибігүл Төлегенова қазақта біреу ғана, сондықтан ол байқау мемлекеттік болуы тиіс», деді Нұрекең. Қызымның жанары оттай жанып, қанаттанып кетті. Президент қолдағаннан кейін біз 2001 жылы Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жаздық. Ол кісі қол қойды. Мемлекет басшыларының тікелей қолдауымен дүниеге келген халықаралық конкурс, міне, жиырма жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бәрі жақсы. Бірақ үлкен бастаманы көтеріп, басы-қасында жүріп, барлық ауыр жұмысын атқарған Мәриямгүлімнің жоқтығы ғана әлі күнге өзегімді өртейді. Ал қазір Мәриямгүлдің жариялаған байқауын орта жолда қалдырмай, атын өшірмей, рухы шат болсын деген тілекпен бұл ауқымды жобаны екінші қызым Гузель қолына алып, жалғастырып жатыр. Х халықаралық байқаудың бас жүлдесін Италияның жас әншісі Козимо Оресте жеңіп алды. Ол қазір Ла-Скалада және Вена Опера театрында ән шырқайды. Сондықтан біздің байқауымыздың жағрапиясы өте кең әрі салмақты деп мақтанышпен айта аламын. Біз жастарға жол ашамыз. Біздің конкурстан қанат қағып ұшып шыққан жас таланттар әлемдік деңгейдегі басқа да байқауларға қатысып, өз елінің атын паш етіп, жүлдегер атанады. Эстрада – кезеңдік өнер, буырқанған уақыттың сынына төтеп бере алатыны некен-саяқ, ал классика – мәңгілік. Адамның жан әлеміне жарық нұр шашып, байытатын рухани азық.
– Бүкіл әлемдегі жеке мемлекеттердің оңашаланып, оқшау өмір сүріп жатқанына екі жылға таяп келеді. Аты жаман індеттен қалай қорғанасыз, екпе алдыңыз ба?
– Әрине, «Спутник» вакцинасының екі компонентін де салдырдым. Жылдың соңында үшіншісін қабылдауға әзір отырмын. Бұл жағынан өте тәртіпті адаммын. Себепсіз далаға шықпаймын. Көпшілік орынға мүлде бармаймын. Өзімді журналистерге ең ашық адаммын деп есептеуші едім. Сұхбаттан бас тартқан, қойған сұрақтың жауабынан жалтарған жерім жоқ. Қазір де телеарналарға сұхбатқа жиі шақырады. Бас тартқаным үшін ренжиді. Өзім тау бөктеріндегі Бағанашылда тұрамын. Аулам толы қарағай мен қайың. Бір уақ таза ауамен тыныстауға шыққанымда, ормандағы қарағайдың ортасында отырғандай сезінетінім бар. Жасым 92-ге келсе де, қарап отыра алмаймын. Күләш Байсейітовадан бастап Әлібек Дінішевке дейінгі қазақ әншілерінің өнерін қамтыған «ХХ ғасырдың жұлдыздары» атты антологияны әзірлеп, баспадан шығардық. Ермек Серкебаевтың қызы Ирина Серкебаева екеуміз екі жыл сұхбаттасып жүріп «Бибігүл Төлегенова: сүю, үміт пен сенім» – «Бибигуль Тулегенова: любить, надеяться и верить» атты орысша-қазақша кітапты оқырманға сыйға тарттық. Тыныштықты жақсы көремін. Кітап оқимын. Әйтеуір өмірдегі бар жақсы нәрсені, жарық дүниені, сұлулықты сүйемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
АЛМАТЫ