Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолындағы ерен еңбегін сөз етіп, Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндерінен қалған естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Адамзат тарихына ең қанды қырғын ретінде енген екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндері, бала болсам да, әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Сәби кезімді еске алғанда әр үйден майданға аттанған ағаларым, ер-азаматының орнын жоқтатпай, «Бәрі де жеңіс үшін» деп, бел шешпей еңбек еткен аналарым мен жеңгелерім, қаршадай күнінен өгізге жегілген соқамен жер жыртып, масақ теріп, еңбекпен көзін ашқан қатарластарым еске түседі. Менің еңбек тақырыбына жиі оралатынымның бір сыры да балалығын соғыс ұрлаған сол ауыр күндерден қалған естелікте болса керек. Адамды қандай қиындықтан да аман алып шығатын құдірет еңбек екенін мен сәби кезімнен-ақ сезіндім. Кейінгі жастарға үнемі «Еңбек ет, отбасыңды асыра, еліңе қызмет қыл: өзің де табысты болып, Отаныңның да қуаты артады» дейтінім сондықтан», деп жазады Елбасы өзінің мақаласында.
Иә, тәуелсіздік сөзінің мағынасы терең. Бүгінгі күні дамыған мемлекеттердің қатарынан көріну кешегі соғыс пен бабаларымыздың төгілген қанының жемісі. Шынымен де, барлығы халықтың күш-жігерінен, бірлескен еңбегінен басталады.
«Соғыстан соңғы кезеңдегі тың игеру, металл қорыту, болат балқыту – халық шаруашылығын қалпына келтірудің дәл ортасында жүрдік. Социализмнің артықшылығын да, кемшілігін де көрдік. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес Одағы құрамында болған жетпіс жылдықтың нәтижесі біздің елдің пайдасына шешілген жоқ», деп қосты Нұрсұлтан Назарбаев.