• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 29 Желтоқсан, 2021

Тас жып-жылы. Жаз еді...

4424 рет
көрсетілді

Жаздың соңы еді. 2018 жыл. Облыстар мен аудандарда тұратын жергілікті жазушылар топ-топ болып, көршілес өңірлерді аралағанбыз. Мақсат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау.

Несіпбек Дәутайұлы екеуміз Алматы облысының Іле, Жамбыл аудандарын­да болдық. Бір аптадай бірге жүрдік. Бар­лық кездесуде бой-болмысы бөтен­ше, түр-тұрпаты төтенше, желкесінде жел­кілдеген желкегі, қос қап­талы қай­қы­ланған қалпағы... Де­геніміздей, осы­нау оқшау кей­пінен титімдей де тан­ба­ған.

Қазіргі жұртшылығыңыз, бү­гінгі оқыр­маныңыз бұрынғы бір кездердегі­­дей емес. Соны терең сезінетін саңлағы­ңыз басынан тастамайтын, жұртта жоқ қалпағымен ғана емес, сол қал­пақтың астындағы қашанда қал­ғымайтын, ояу ойларымен де бөлекше баурап, жүрек­терді жаулап алып жүргені жадымызда жаңғырады.

2016 жыл болу керек, даусыз дары­ныңыз Дәутайұлының «Айғыркісі» және «Мінез» ат­ты қос томдығы Мемлекет­тік сый­лыққа ұсынылған. Соған байланысты «Қараүзген қаламгер» деген мақаламыз жарияланған. Алматыдағы «Ан Арыс» баспасынан шыққан егіз кітаптың алғашқы томына «Құдірет пен қасірет» романы, «Ақкүшік» повесі және «Айғыркісі», «Ба­тыр» атты әңгімелері, екінші то­мына «Жол», «Ақкөгершін» хикаят­тары мен он шақты әңгі­месі жинақталған еді. Қос том­дық Қордай қыранының қос қана­тындай еді. Осы күнгі, заманауи, ұлттық роман бар ма десе, «Құдірет пен қасіретті»; қазіргі қазақ хикаяттары қандай десе, «Ақкүшік» пен «Ақкөгершін­ді»; әлемдік әдіптегі әңгіме ре­тін­де «Айғыркісі», «Мінез», «Қан­қызыл жалқын», «Тәңірінің сыйы» сынды дүниелерін айтатынбыз. Біз. Басқалар да.

Несіпбек Дәутайұлы – қазіргі қа­зақ прозасына жанрлық жаң­ғырулар да­рыт­қан дарын, жанр­ға жаңа өре-өріс­тер ашқан аймү­йіз еді. Ол әлемдік әлеу­меттік-пси­хологиялық әдебиеттің жауһар жетістіктері мен ұлттық уызды, дәстүрлі прозаңыздың дүрри-гауһар қазыналарын Қордай­­дың қыранына ғана тән талан­ты­мен шебер үйлестіре, үндестіре, жарастыра жазатындығымен даратұғын.

«Иосиф Сталиннің демі тү­ге­сілуге үш күн қалған» деп бас­талатын «Құдірет пен қасі­рет» романының авторын біз «Модернист-постмодернист» деуші едік. Әзіл-шынымызды араластырып. Оқтын да оқтын сол Сталиніңізді төбеңіз­ден төтеншелеп төндіреді-ай. «Иосиф Сталиннің демі бітуіне екі күн қалған», «Иосиф Сталиннің өлуіне бір күн қал­ған» деп, әр тұста үрей үйіріп алады-дағы, оқырманды да, кейіпкерлерін де, өзін де аяусыз қинап, қал­ты­ратады. Опа­сыздық пен сат­қындықтың қалай, қайтіп, не­лік­тен туындап, қабынатын құпия­ларын қалайынша, қалауынша ашады десеңізші! Ашаршылық атты қасіреттің, он ғасырға зарар-зардаптары бірге баратын опат-абырдың астарлары мен қатпарлары қалам құдіреті­мен ота жасалғандай осып-осып бей­неленеді.

«Модернист-постмодер­нист» Дәу­тай­ұлының тұспалында сат­қын­дық пен опасыздық ашар­шылықтан да, Сталин мен Голо­щекиннен де, НКВД-дан да қа­уіптірек секілді сезіледі. Әсі­ресе до­с-­­ тың сатқындығы. Достың опа­сыздығы. Қай заманда да. Қан­дай қоғам­да да. Нендей кезеңдер­де де.

Досмағамбеттің досы Әб­жалдың сатқын, опасыз бейнесін бере білуде Несіпбек шеберлік­­тің шыңына көтері­ле алған. Әлем­дік әдебиет тұрғысынан топ­шыласаңыз да. Ақбұлың ­ауылы адам­­дарының ашаршылық­тан аман қал­ға­нына кектенеді. Жұр­тына жаппай зауал келтіре­тін бәле тілейді. «Күні-түні бі­реу­ге жамандық ойлап, оның жаңы­лар, сү­рінер тұсын жатпай-тұр­май аңду дер­тіне ұшырау­мен бір мезгілде және мы­нандай сұм­дық нәрсені аңғарды: ол өзі­нің өн бойында өзге түгілі өзі­не-өзі қастандық жасауға да дайын бір сұрқия сезімнің пайда болғаны еді», дейді қараүзген қаламгеріңіз. Одан әрі: «Осындай азаппен жүріп ол өзіне өзінің қастандығынан бәрібір құтылып кетіп жүрді, ал өзгелер мұның қастандығынан құтылған жоқ...» деп түйеді.

Алайда оның қастандығынан қан­ша­ма қасірет шегіп, айдалып, азап ше­гіп жүрсе де Досмағамбет бақытты. Оны Қызбалтай сынды сұлу әйел адам айтқысыз сүйеді. Ал әбжыландай Әбжал күйінеді, күйеді. Романдағы Қызбалтай мен Ақтамақтайын арулар да – жаңалығы көп, жалғандығы, жасандылығы жоқ, тың да тосын тұлғалар. Бірегей бейнелер. Көркемдіктің көкжиегін ке­ңейт­кен кейіпкерлер. Дегенбіз.

«Ақкүшік» повесіне де аял­дағанбыз. Ақкүшік бейнесі де – постмодернист Дәутайұлының өзіндік өрнекті табысы. Әлем жүзінде әлденеше жүз жазушы ит туралы жазған шығар. Сол жүздеген иттердің арасынан қа­зақ қаламгері Несіпбектің Ақ­күшігі айрықшаланып, алдың­ғы лекте аталатыны да анық-дүр. Дәутайұлы өзінің Ақкүшігі ар­қылы адам­дардан артық иттердің әлемдік әйбат тізі­мін толықтыра түскен. Ал енді «Айғыр­кісі» әңгі­месі хақында небір-небір білік­ті сыншылар таңдана отырып, тал­дамалар жазған. Әлімізге қа­рамай, біз пақы­рыңыз да өз пікірімізді біл­діргенбіз.

Өкінішке қарай, сол 2016 жылы да, 2020 жылы екінші мәр­те ұсынылып, қоғамдық пікір, әдеби қауым қызу қол­дағанда да, Несіпбек Дәутайұлына Мем­лекеттік сыйлық бұйырмады. Бұйырт­пады. Әттең-ай...

Жоғарыда айтқанымыздай, 2018 жы­лы Алматы облысы­ның аудандары­нан қай­тып келе жат­­қанымызда ше, Қор­дай­дағы Ке­нен ауылы маңайына тоқ­­та­ғанбыз.

– Анау жол Иірсуға апара­ды, – деді қос қапталы қайқылан­ған қалпағын қолына алып, күр­сініп. – Мына таста жыр-жол­барыс Жамбыл баба отырған. Жанындағы кішірек, қыналы қойтаста Кенен ата отырған. Сыр­ласып...

– Тасқа отырған зиян емес пе? – дедік біз. Жанары буалдырланып, дымқыл жарқылы­нан жаңылыңқыраған жазушы інімізді жадыратпаққа тырысып. Әзілдеп.

– Осындай, жайдарман жаз болса керек, тас жып-жылы ғой қазір, біз де отырайықшы, – деді Несіпбек сонда... Қайран-ай...

Менің туған ауылым Таупіс­теліде Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл бауы бар. Мәрмәр тасқа: Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл бастаған жазушылар баудың негізін 1995 жылы қалаған» деп жазылған. Әрбір үш жыл сайын мұнда «Таупістелі тағылымы» атты арнайы бас­қосу өтеді. 2019 жылғы басқосуға тү­рік, өзбек, қырғыз қаламгерлері қатыс­қан.

Қазақтың жиырмашақты жазушылары мен ақындарын, жур­налистерін Есенғали Раушанов пен Несіпбек Дәу­тай­ұлы сынды дарындар бастап келген. Екеуі де Көкбұлақ өзені бойындағы жиында небір-небір ойларын ортаға салып, жұртты оятқан.

Бүгінде екеуі де бақи дү­ниеде...

Таупістелі ауылындағы Шер­хан мен Насыр бауында қос таланттың қол ұс­тасып жүрген жолымен өтетін өскін жас­тар жаутаңдай қарап: «Ата, Несіп­бек пен Есенғали ағалардың іздерін көрсе­тіңізші» деседі.

Олардың қайран қазақ әде­биетіндегі іздері мен істері, асыл-ақық мұралары – мәңгілік. Дейміз. Күбірлеп. Кеудемізді күр­сін кернеп.

 

Мархабат БАЙҒҰТ,

жазушы