• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 31 Желтоқсан, 2021

Қазақстан өз азаматтарын қорғаусыз қалдырмайды

425 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық тарихында әлеуметтік-экономикалық жетіс­тік­терімізбен қатар саяси-идеологиялық саладағы жеңістеріміз де көп болды. Әсіресе, ақпарат кеңістігінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабы «Республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді» тармағының жүзеге асырылу көрінісі немесе «біз өз адамдарымызға қамқорлық жасаймыз» ұраны мемлекеттік идеологияның маңызды бағытына айналып отыр.

Осы орайда, Уинстон Черчилльдің «Англияның мәңгілік достары жоқ, оның тек мәңгілік мүдделері ғана бар» деген қанатты сөзі мемлекетшіл сая­саткердің жеке пайымы ғана емес, бір­неше ғасырға созылған табысты жүзе­ге асырылған ағылшындық саясаттың маңызын түсіндіретін ой орамы десе болатын шығар. Мемлекеттік саясатты қа­лыптастыру ісі оның азамат­та­ры­ның мүддесін қорғауды немесе жалпы ұлттық арман-тілекті аңғартып жатса онда мемлекеттік идеология деңгейі көтеріледі. Мұндай көпшіліктің мұраты жүзеге аса­тын идеологиялық механизмді іске қосу үнемі мүмкін емес және қоғамдық-саяси кеңістік аясындағы үрдістерді мем­лекет­тер­дің өз еншісіне шебер пайдалануды талап етеді.

Осы орайда, кейбір мемлекеттердің өз хал­қынан қолдау тапқан және халық­аралық қатынастар саласында белгілі бір абырой әкелген сыртқы және ішкі саясатындағы жемісті іс-қимылдарын хронологиялық тәртіппен орналастырып, қазақстандық оқиғалар қатарымен салыстыруға болар еді.

1952 жылғы 10 қыркүйектегі Гер­мания, Израиль үкіметтері және «Еврей­лер­дің Германияға қатысты материалдық талаптары жөніндегі конференциясы» ұйымы арасындағы келісімге сәйкес Холокост құрбандары үшін Германия Израильге 3 млрд марка және кон­фе­ренцияға 500 млн марка төледі.

1975 жылы Вьетнамдағы соғыс аяқ­та­ла салысымен АҚШ үкіметі қаза тапқан және жоғалып кеткен әскерилердің дене­сін елге қайтару мақсатында іздестіру жұмыстарына кірісті. Экспедиция амери­калық соңғы әскердің денесі елге қай­тарылмайынша жалғасады деген мәлім­деме жасады.

Мұндай мысалдарды алпауыт елдер тарихында көптеп кездестіреміз. Олардың әрқайсысының түпкі мақсаты туралы көп айтып, түрлі жорамалдар жасауға болатын шығар. Бір анығы, осы іс-әрекеттер елдің өз азаматтары үшін қамқорлық сезімінің мемлекет деңгейінде көрініс табуын және халқының мүддесінен туындаған іс-қимыл екенін білдірсе керек.

Мемлекеттілігі жоғары деңгейде ұйымдасқан, асқақ мақсаттарға ұмты­латын елдер ғана өз мүддесін қорғауды, азаматтарының алдындағы әлеуметтік міндеттерін атқаруды алдыңғы орынға қойып келген. Әлсіз ұйымдасқан, быты­раңқы, шағын топтардың мүддесін ғана көздейтін немесе елдің стратегиялық ай­мақ­тары қылмыстық ұйымдардың қол астында қалған мемлекеттер азамат­тар­дың еркін жүзеге асыруды маңызды санамайды.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдардан бастап «біз өз адам­дарымызға қамқорлық жасаймыз» ұранын жалаң популизм немесе бос дақпыртқа айналдырмастан орындап келеді. «Рес­публика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қам­қорлық жасауға кепілдік береді» деген Заңның 11-бабы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ мемлекеттік саясаттың басты ұстанымына айналды. Мәселен, 1991 жылы Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы Қаулы қабылдады. «Егемен Қазақстан» газетінде Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек» деп аталған тарихи кезеңдерде шетел асып кеткен қандастарға арналған мақаласы жарияланды. Бұл алыс және жақын шетелдердегі қазақтар үшін сүйінші хабар болды. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген нақылды құлаққа құйып өскен әр қазаққа Ұлы Отан-анасы шақырып жатқанда қандай кідіру болуы мүмкін. Осылайша бірнеше жылға созылған Ұлы көш бастау алды. Бұл тек Конституция нормасының жүзеге асуы ғана емес, «біз өз адамдарымызды тастамаймыз» идеологиясының алғашқы көрінісі еді.

Сириядағы соғыс көлемі, ұзақтығы және қамту жағынан ХХІ ғасырдағы ауқымды алапат қақтығысқа айналды. Бірнеше жылға созылған соғыс аумақтық деңгейде Қазақстанға қауіп-қатер төндірмесе де, қазақстандықтардың содырлар қатарына қосылуы еліміздің сыртқы саясатының күн тәртібіне жаңа мәселелерді шығарды. Өйткені 2014-2015 жылдары еліміздің бірнеше өңірінен Сирия жеріне аттанған ер азаматтармен бірге олардың отбасылары да бар еді.

Қақтығыс аймағында қалған бала­лар мен әйелдер зорлық-зомбылық пен қа­тыгездіктің құрбанына айналды. Осындай сындарлы шақта Қазақстан тарапы бар­лық қиыншылығы мен күрделілігіне қарамастан Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтару жөніндегі «Жусан» операциясын бастады. 4 мәрте қайталанған «Жусан» операциясы аясында елге қазақстандық 600-ге жуық азамат қайтарылды.

2016 жылы Ресей мен Қазақстан үкіметтері басшыларының кездесуі барысында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қаһарманы Кейкі батырдың бас сүйегін елге қайтару жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Батырдың басының елге қай­тарылуы көпшіліктің қошеметі мен ықыласына бөленді.

Қазақстан өз азаматтарының ғана емес, кешегі нәубетті жылдарда шекара асып, әлемнің өзге аймақтарына тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды да қамқорлықсыз қалдырмайды. Осы­ның бір дәлелі ретінде 2021 жылы 9 қыр­күйекте билігін талибандар басып алған Ауғанстан елінен Қазақстан Қарулы Күштерінің арнайы ұшағымен Алматыға 41 адамның жеткізілгенін, олардың 35-нің қандасымыз екенін айтуға болады. Ауғанстан жерінде тұратын қан­дас­тарымыздың жеке өтініштеріне қарай оларды елге эвакуациялау әлі де жалғасуда.

 

Нұрғиса КӨШЕРОВ,

саясаттанушы