• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 15 Қараша, 2016

Сағынтаев Сербия Премьер-Министрімен кездесті

7250 рет
көрсетілді

Бүгін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қазақстанға ресми сапармен келген Сербия Премьер-Министрi Александр Вучичпен кездестi.

Олар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, халықаралық деңгейдегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Кездесуде Бақытжан Сағынтаев Сербия Премьер-Министрiнiң сапары аясында көптеген маңызды мәселелер талқыланып жатқанын атап өттi.

«Сізді және бірге еріп келген делегацияны қазақ жерінде қабылдап отырғанымызға қуаныштымыз. Сiзге бiздiң ел ұнағанын байқап отырмыз. Кеше елордамыз туралы жылы лебiзiңiздi бiлдiрдiңiз. Астана қазіргі суық пен қарға қарамастан, келбетті шаһар. Бүгiн шағын құрамда көптеген мәселелердi талқыладық. Мұның бәрі бiздiң елдердiң мемлекет басшыларының тапсырмасы аясында жүзеге асуда. Қазақстан Президентiнiң Сербияға жасаған сапарынан кейiнгi хаттама бар. Арнайы iс-шаралар жоспары жасалды, министрлiктер мен ұлттық компаниялар барлық тапсырмаларды орындау бойынша жұмыс атқарып жатыр»,  дедi Қазақстан Премьер-Министрі.

Өз кезегiнде Сербия Премьер-Министрi Александр Вучич Қазақстан тарапынан көрсетiлген құрметке алғысын айтып, екi елдiң ынтымақтастығы дами түсетiнiне сенім бiлдiрдi.

«Сербия Қазақстанның ұстанымдарын, Президентiн құрметтейдi. Қазақстан ЮНЕСКО-да бiздiң мәдени мұрамызды сақтауға қолдау көрсеттi. Қазақстан мен Сербия арасында достық қарым-қатынас орнап отыр. Осы ынтымақтастығымыз одан әрi нығая түсетiнiне сенiмдiмiз. Жалпы, еліміз сіздердің қадамдарыңызды жоғары бағалайды және біздің екіжақты байланыстарымыз достық қатынастарымызды тағы да дәлелдеп отыр. Бұл ретте Сербияға нағыз сенімді дос ретінде арқа сүйей аласыздар», деді Сербия Үкіметінің басшысы.

Үкімет үйінде өткен келіссөздерден кейін екіжақты құжаттарға қол қойылды.  Атап айтқанда, Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен Сербия Экономика министрі Горан Кнежевич екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша 2017-2018 жылдарға арналған Жол картасына қол қойды. Бұдан бөлек, Астана әкімі Әсет Исекешев пен Белград мэрі Синиша Мали Қазақстан елордасының әкімдігі мен Сербия астанасы мэриясы арасындағы ниеттер туралы хаттаманы бекітті.

Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».