Қазақстан Президентінің Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзі тарихи сөз болды деп есептеймін. Барлық ел өміріндегі өзекті мәселелер ортаға салынды, ашық айтылды.
Соның ішінде елдің дамуына негізгі өзек болатын экономикалық саясат, оның ішінде өнеркәсіпті, өңдеу өнеркәсібін, тау-кен өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселелері, сонымен бірге халықтың ең қиналған мәселесінің бірі – инфляцияны, яғни бағаның шарықтауын ауыздықтау мәселесіне байланысты, білім сапасын арттыруға қатысты, халықты толғандырып отырған денсаулық мәселесі, әлеуметтік жағдайы деген мәселелердің барлығы да ортаға айтылды, сарапқа салынған салиқалы сөз болды деп бағалауға болады.
Бұл біздің жаңа кезеңге көшкенімізді білдіретін мәлімдеме, халықтың жағдайын жақсарту. Бірінші кезекте – елдің тұтастығын қамтамасыз ету, сақтау, егемендікті сақтау, осыған орай, әскерилердің күшін арттыру, ішкі халықты, осы ішкі жұмылдыру мәселесі, кешегі қирандыларды тазарту, қалыпқа келтіру, жағдайды реттеу, осылардың барлығы да өте бір өзекті, ойлы, салмақты және өте қажетті шешімдерді тапсырды.
Үкіметке бірқатар мәселені, қазір екі айдың ішінде осы тиісті шараларды жүзеге асыратынын кезең-кезеңімен белгілеп берді. Сондықтан да халықтың үміті мен сенімін оятқан, ертеңгі күнге деген осы сенімді орнықтыру ең бір басты мәселе болды. Президент сөзінен осының бәрін аңғардық. Яғни «Қазақстан халқына» деген арнайы қордың құрылатындығы белгілі болды. Демек біздің бұрынғы көптеген олигархиялық жүйенің, жасалған былықтардың салдарынан болғандығы бізге баян болды. Сондықтан да мына «Самұрық-Қазына», азаматтарды көп толғандырған «утилсбор» мәселесі, сонымен бірге біраз қиындықтарға апарған бағаның шектен тыс шексіз бетімен кету мәселесі, Ұлттық банкке 3-4 пайыз дәлізін 2025 жылға дейін сақтау мәселесі айтылды.
Тағы бір маңызды нәрсе – аймақтарды дамыту мәселесіндегі теңгерімді саясаттың болмағандығы да ашық айтылды. Осыған орай біздің қазақтың білімді жастарының қатарын, яғни техникалық білімді мамандарды, инженерлерді даярлау мәселесіне ерекше назар аудару тапсырылды. Және батыс аймақтарда жоғары жетекші оқу орындарының бес филиалын ашу, оның ішінде екі техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарының ашылатындығы белгілі болып жатыр. Мұның барлығы да халыққа қуат беретін сөздер деп есептеймін.
Елдің ішкі қуатына көп нәрсе байланысты. Біз қиындықтан бірге шығамыз. Бірге еңсереміз. Ұрпақтарымыздың баянды болашағын бәріміз бірге жасаймыз. Қазір азаматтардың Қазақ мемлекеті деген ұғымның төңірегінде бірлесуі, қазақтың атына кір келтірмеуі жөніндегі біздің іс-әрекетіміздің саналы, сындарлы, салмақты болуы өте маңызды.
Нұртөре ЖҮСІП,
сенатор