Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» тақырыбында Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз – мықты халықпыз. Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты жəне басқа да алапат қиындықты бастан өткердік. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз» деді.
Осы орайда жоғарыда сөз болған халқымыздың мықтылық қасиеттері жайлы айтар болсақ, соның бірі – мәмілегерлігі. Тіпті өте ерте ғасырларда аталарымыз ел ішінде орын алған даулы оқиғаларды әділдікпен өлшеп, мәмілегерлікпен шешіп отырған. Мәміле дегеніміз – ортақ мүдделер тоғысы. Яғни қос тарапты берекеге шақырып, екеуінің де мақсат-мүддесін толық қанағаттандыратын – ізгі жол.
Белгілі философ ғалым Төлеуғали Бурбаев өзінің «Ұлт менталитеті» атты еңбегінде, қазақтың ежелгі мәмілегерлік ілімін қазіргі қоғамдық саяси аренада қолданылып жүрген «толеранттылық» сөзінің баламасы ретінде түсінуге болады десе, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы: «Қазақтың мәмілегерлігі – шарасыз көнбістік емес, парасатты мәмілегерлік; ғасырлар тәжірибесі негізінде қалыптасқан өмір сүру өнері, әдебі, мәдениеті. Ол – дүниетанымның, ой-өрістің, пайымдау қабілетінің кеңдігі, бейбітсүйгіштік, дархандық, жан жомарттығы секілді абзал қасиеттердің жиынтығы. Оның шегі «Ашылып келгенге алақан, жұмылып келгенге жұдырық» қағидатымен белгіленген. Қазақ – кекшіл емес, текшіл ел. Сол тектіліктің бір өлшемі – осы мәмілегерлігі. Қазақтың мәмілесі – қасқая қарсы тұрып, алысуға емес, қалауын тауып, келісуге негізделген» деп жазады.
Расында, қазақтың мәмілегерлігі – білімнің қайнары һәм парасаттың пайымды жолы, сондай-ақ қоғамды тұрақтандырудың кемел үлгісі. Мысалы, майдангер жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» атты кітабы бар. Батыр атамыз осы туындысында байырғы қазақ өмірінің этнотұрмысын және керемет мәмілегерлігін суреттей білген. Баукеңнің нағашысы Текебай би мен Байзақ датқаның баласы Қабылбек екеуі болыстық сайлауға қатар түсетін болады. Бәсеке болған соң қос тараптың бір-бірінен мін іздеуі заңдылық.
Осы орайда Қабылбектің жақтаушылары Текебай биді «барымтаға бейім, пара алады» деп оязға арыз жазған екен. Бұндай жалаға жаны күйінген Текебайдың үлкен ұлы Серкебай сайдың тасындай оншақты жігітті бастап атқа қонады. Айдындатып Қабылбектің ауылына келеді. Әкесінің қарсыласы Қабекеңе тіке кіріп барып, оны армансыз балағаттайды. Қабылбек болса былқ етпейді. Тіпті қабағын да шытпапты.
Серкебайдың сөзі шамына тиген ауыл азаматтары «Уа, Қабылбек, ордамызға ат ойнататын бұлар кім еді, ұлықсат ет тілерсектерін тіліп, аяғын аспанға қаратып асып қоялық» деп, кіжінеді. Тіпті кейбір дес бермей елеуреп бара жатқан жігіттерге Қабылбек «тоқтаңдар» деп ақырып: – Ертең көресіңдер, опық жейтін Серкебайдың өзі болады, – дейді.
Осылай мейманасы асқан Серкебай шапқан күйі әкесінің алдына барып:
– Қабылбектің екі аяғын бір етікке тықтым, тіпті ол жұмған аузын аша алмады, – дейді еліріп. Текебай болса жастықтан басын көтеріп мән-жайға қаныққан соң баласына «барып тұрған ақымақ екенсің, өзіңнен 20 жас үлкен адамға қалай дәтің барып тіл безедің» деп налиды.
Содан Текебай би ат-шапан айыбын дайындап, елдің игі-жақсыларын бастап, кінәлі Серкебайды алдына салып жолға шығады. Ауылға ат шаптырым қалғанда Текебай баласы Серкебайды алдына салған бойы топтан озып шығып: «Ей, Қабылбек, менің мына күшігім саған шәуілдеген екен, айыбын көтеріп алдыңа келдім, сірә кешірерсің» дейді.
Жоғарыдағы сөзді естіген Қабылбек бидің де қабырғасы сөгіліп:
– Уа, текті арысым Текебай! Сен ауылыма келгенде сөзіңді мен аттың үстінде тұрып тыңдаппын-ау кешір. Сен аға емессің бе, менің айбым Серкебайдан асып кетті білем. Қайта ат-шапан айыбың менен Текебай аға, кешіргейсіз – деп, иіліпті. Онымен қоймай ту сыртында қаумалап тұрған қауымға «Уа, ағайын сайлауға түспеймін, қойдым. Мені сыйласаңдар дауыстарыңды Тәкеңе беріңдер!» деп айғай салыпты.
Қайран аталарымыз-ай, елдің берекесі үшін билік-мансапты қиып тастап, мәмілегерліктің туын жықпаған.