Өмірін өнерге арнап келе жатқан ғажап композитор, музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақановтың барлық әнін кәсіби мамандар жоғары бағалайтыны рас. Өйткені ол – өнердің шын өкілі. Оның өнерінде халтураға орын жоқ. Композитордың «Еділ мен Жайық», «Даниярдың әні», «Жайлаукөл кештері» секілді өзге де туындылары әлі күнге елінің жүрегінде сақталған. Сақтала береді де.
Содан да шығар, аталған шығармалар ретроға айналып кеткені. Оның 1964 жылы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесі негізінде жазылған «Жәмиланың әні» атты туындысын Қырғыз Республикасының халық әртісі Дариға Жалғасынова жетер жеріне жеткізе шырқағанда жұрт орнынан тік тұрып қошемет көрсеткен. Әдемі әнді мамандар да жылы қабылдаған.
Атақты композитор Евгений Брусиловский өзінің Қазақстан туралы бір әнін Ришат Абдуллинге жаздырып, жұмысына қайтып бара жатқанда көркемдік кеңеске келіп «Даниярдың әнін» тыңдайды. Сонда ол кісі: «Великолепно. Это не только песня. Это что? Романс или ария? По моему, ария!» деп жылы лебізін білдіргені де бар.
Бүгін белгілі композитордың туған жер төсінде туған «Жайлаукөл кештері» атты әнінің шығу тарихына тоқталғанды жөн көрдік.
«Алаулап күн батса қырды асып,
Кетуші ек, қалқатай, сырласып.
Ұмытсам сол күнді, сол күнді, кеш мені,
Есте ғой, Дариға, Жайлаукөл кештері.
Ай туып, жұлдыздар жанғанда,
Қол созып көктегі арманға.
Жүрген кез жүректен, жүректен өшпеді,
Жақсы еді, Дариға, Жайлаукөл кештері.
Мүлгіген тыныштық, айдала,
Шу бойы ырғалып жай ғана.
Гүлдерді тербетіп самалдың ескені,
Аңсаттың, Дариға, Жайлаукөл кештері», деп келетін ғаламат ән кезінде «МузАРТ» үштігінің (ол кезде ансамбль емес) орындауында әнсүйер қауымның жүрегіне жеткені рас. Әлі де жұрт бұл шығарманы жадынан шығармақ емес. Туындының әнін де, сөзін де Илья Жақановтың өзі жазған.
– Шәмші Қалдаяқов, Күнсайын Қуатбеков, Теміржан Базарбаев төртеуміз отырғанбыз. Кенет: «Подмосковные вечера» не деген керемет ән!» – дедім. «Бұл әнге адамның қандай жан сезімі, қандай табиғат сыйып кеткен. Біздің қазақтың әуені де, әуезі де жетеді ғой. Шіркін, «Подмосковные вечера» сияқты бір ән жазар ма еді» деп айтқан болатынмын. Толқып отырған шақ қой.
Арада біраз жыл өткенде, 1971 жылы мен атақты күйші Ықылас Дүкенұлы туралы туындыма материал жинап жүріп, Жамбыл облысы, Сарысу ауданындағы Жайлаукөлге бардым. Қыс мезгілі еді. Қыстың қаһары жан түршіктіреді. Ақсақалдардан Ықылас туралы көп материалдарды емін-еркін қағазға түсіріп отырдым. Жайбарақат жатқан ауыл тұрғындарының таңертең – бірі, түсте – екіншісі, кешке – үшіншісі соғымға шақырады. Барасың, кейде шаршайсың. Қолым қариялардың әңгімелерінен босамайды. Қазіргідей диктофон жоқ. Кейде далаға шығамын. Тысқа беттегенде батыс жақта қып-қызыл боп күн батып бара жатады. Әлгі өртеніп батқан күнге қараймын да, ойға шомып үйге кіремін. «Кукурузник» деп аталатын ұшаққа отырып, бір таңда Жамбылға қайтатын болдым. Сол күні Құлыншақ (Ықыластың немере туыстары) деген кісінің үйінде Ермекбай есімді Ықыластың тікелей немересі, ауылдың бір топ кісілерімен ет жеп отырып, толқып кеттім. Сондағы мені толқытқан сөз: «Илаға, амандық болса ертең сіз қайтасыз. Жамбыл, Жамбылдан соң Алматыға ат басын бұрасыз. Сіз қалалық болдыңыз, біз осы жерде жүріп-тұрып жатырмыз. Сәуір-мамыр айларында келе қалсаңыз, айнала гүл болып тербеліп кетеді де, Жайлаукөлге құстардың бәрі бет түзейді. Осы дала бізге жұмақтың төріндей толқып жатады. Құстардың үні, тағы өзге көріністер жүректі тербейді» деп әңгіме айтты.
Осы әңгімені тыңдап отырғанда:
«Алаулап күн батса қырды асып,
Кетуші ек, қалқатай, сырласып.
Ұмытсам сол күнді-оу, сол күнді, кеш мені.
Есте ғой, Дариға, Жайлаукөл кештері» деген ән туды.
Сол үйдің Рабхат деген ұлының барқыт үні, баритон дауысы бар екен. Мектепте мұғалім көрінеді. Баянмен балбыратып, толқытып, кең тыныспен орындады. Сол сәтте-ақ үйреніп алды. Ертесіне ұшаққа отырар кезде жайлаукөлдіктер өзім сөзін жазған сол әннің бір шумағымен мені шығарып салды. Міне, «Жайлаукөл кештерінің» туған сәті осы.
Арада жылдар өткеннен кейін біз әлгі композиторлар бас қосып отырғанда «Ой, шіркін-ай, «Подмосковные вечера» секілді керемет ән жазу деген бұл ғажап қой» деп отырғанымызда, Теміржан Базарбаев маған: «Илья, сен сол әнді жаздың ғой!» – деді. Бұл сөзге мен таңырқай қарадым. Сол сәтте Күнсайын Қуатбеков әңгімені жалғап: «Сен жаздың ол әнді. Ол – «Жайлаукөл кештері», деді. Бұл кезде үндемей отырған Шәмші: «Это верно», деп үн қатты.
Сөйтіп «Подмосковные вечера» маған «Жайлаукөл кештері» сияқты әнді жазуға ықпал еткен сияқты. Мен оны өзім сездім бе, сезбедім бе, білмеймін. Бірақ сол әнге деген менің бүкіл ынта-ықыласым, ол әнге берілуім, түсінуім, жүректің солай соғуы, осылай болса деген ниеттің барлығы «Жайлаукөл кештері» арқылы шыққан сыңайлы, – дейді автор сағынышқа айналған жылдар туралы еске алып.