О тұста қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының Ақмола атанып тұрған шағы. Сонау қиын кезеңде қазақ даласында іргесі қаланған алғашқы мешіттердің бірі бейнеленген ескі сурет көзімізге оттай басылды. XIX ғасырдың мұғдарында мұсылманның рухани өміріне шырақшы болған қасиетті ғимарат ұзақ жылдар бойы ұлттың игілігіне қызмет етті. Бүгінгі әңгімеміз сол жайында.
Мақаламыздың түп-төркіні Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік мұрағатында жатыр. Ата дінімізбен алысқан кеңес идеологиясының кесапатты шешімдері таңбаланған құжаттар көптеп кездеседі. Біз тақырыпқа тұздық болар ақпараттарды ғана ілікке алдық. Кербаққан кеңестік жүйенің қазақ халқына жасаған жамандығы жанымызға батты.
Ақмоладағы алғашқы мешітті қарапайым халық «ескі мешіт», «бірінші мешіт», «ағаш мешіт» деп атаған. Құрылысы 1838 жылы басталады. Оны өз қаражатына тұрғызған Қоңырқұлжа Құдаймендин сұлтан екен. Есімі ел ішінде әлі күнге дейін үлкен құрметпен аталады, әсіресе байырғы қала тұрғындары жақсы білсе керек.
1842 жылы имамдардың қолдауымен осы мешіт жанынан діни оқу орны ашылып, балаларға шағатайша, арабша оқу мен жазуды үйретеді. Ұстаздар бірлесіп Құран Кәрімді жаттады. Оқушыларға қажетті оқулықтар мен кітаптарды ата-аналары мен туыстары сатып алып беріп отырған.
1843 жылы жергілікті мұсылман балаларына сабақ берген молда мешіт жанынан шағын үй салады. Оның бірден-бір себебі – қайырымдылық дастарқаны. Алыстан ат терлетіп келген қонақтар, керуен-көштер мешіт жанына аялдап, ас-суын ішкен. Кейіннен ізгі дәстүр кең етек жайып, маңайдағы ауыл тұрғындары мешітті дұға оқитын көрнекті ғимараттың біріне айналдырады.
Әйтсе де халықтың қуанышы көпке ұзамады. Өкінішке қарай, діни ғимарат 1920 жылы отқа оранды. Қала архивінің бастамасымен 2019 жылы қазіргі Иманов көшесіне салынған үйдің қасбетіне мемориалдық тақта орнатылды.
Орнында бар оңалар дегендей, өртенген ғимараттың орнына қаладағы кәсіпкерлер, ағайынды Қосшығұловтар бастаған дәулетті адамдар, діндарлар бірлесіп, күйген қызыл кірпіштен жаңа мешіт салады. Оны халық «тас мешіт» немесе «қызыл мешіт» деп атаған екен.
Айтпақшы, Ақмолада екінші мешіт те болды. Оны 1895 жылы қала байларының бірі, көпес Нұрмұхаммед Забиров өз қаражатына тұрғызды. Қабырғаларының түсіне қарай халық арасында «татар мешіт» немесе «жасыл мешіт» деп аталған бұл ағаш мешіт қазіргі Абай көшесі мен Республика даңғылының қиылысында орналасқан екен.
Көп ұзамай екі ғимараттың да тозығы жетеді. Алғашқы мешіт тарихи-өлкетану мұражайына пайдалануға беріледі. Артынан 1940 жылы Константин-Еленинский шіркеуіне айналады. Одан кейін «Казпиво» зауыты орналасады. Уақыт өте, 1970 жылы ғимарат бұзылып, оның орнына көпқабатты үй тұрғызылады.
1930 жылдардың аяғында «жасыл мешіт» те жабылады. Алдымен мұнда Пионерлер үйі орналасса, 1950 жылдары ғимарат бұзылып, орнына үш қабатты тұрғын үй салынған. Қазір оның қоршауы ғана сақталған. Алдыңыздан қақпалар, тас тіректер, темір торлар ғана шығады. Бүгінде «жасыл мешіттің» қоршауы қаланың киелі нысандар картасына енгізілген.
Осы ретте тағы бір дерекке көз тастасақ. Қалалық кеңес жергілікті салық төленбегендіктен екінші мешітті жапқаны туралы айтылады. Бірақ оның жабылуы Ораза айт мерекесіне тұспа-тұс келіпті. Содан молдалар халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, салық төлеуге қажетті қаражат жинайды. Осылайша нақты шешім бекітілмей тұрып, қалалық кеңестің мешітті халыққа қайтарудан басқа амалы қалмайды. Бірақ көп ұзамай салық қызметкерлері өз дегеніне жетеді.
Жұрттың бірлігі қос мешітті бірнеше жыл бойы қираудан сақтап қалған екен. Халықтың рухани һәм мәдени өміріне жол ашқан айшықты ғимараттар жылдар алмаса келе идеологияның құрбаны болды. Десе де ата дініміздің айбары болған Алланың үйі қаншама баланың ғұмырына рухани азық болғаны анық.