• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 26 Қаңтар, 2022

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді

404 рет
көрсетілді

Бірер айлық үзілістен соң базалық пайыздық мөл­шер­леме тағы да көтерілді. Бұл жолы 10,25 пайызға көтеріліп отыр. Мұндай шешім инфля­ция дәлізін 4-6 пайыз деңгейіне түсіру үшін жасалып отыр. Осы­лайша, Ұлттық банк қымбат­шы­лықпен күреске база­лық ставканы көтеру арқылы біржола кіріскен сыңайлы.

Ұлттық банктің хабарлауын­ша, әлемнің ірі экономикаларында және негізгі сауда әріптес елдерде инфляция әлі де жоғары күйде қалып отыр.

«АҚШ-та инфляция 1982 жылдан бастап алғаш рет 7,0%-ға дейін көтерілді. 2021 жыл­ғы желтоқсанда ЕО-да тұтыну­шылық инфляция 5,3%-ға дейін, Германияда 1992 жылдан бас­тап алғаш рет 5,7%-ға дейін өсті. Қытайда бағаның өсуі 2021 жылғы қарашада 15 айлық ең жоғарғы көрсеткішке жетті (2,3%), содан кейін 2021 жылғы желтоқсанда 1,5%-ға дейін төмендеді. Ресейде инфляция 2021 жылғы желтоқсанда бұ­рынғы жоғары, 8,4% деңгейін­де қалды. Қазақстанда 2021 жылғы желтоқсанда жылдық инфляция 8,4%-ға дейін төмендеді. Азық-түлік инфляциясы 2021 жылғы желтоқсанда елеулі түрде төмендеп, жылдық көр­сетуде 9,9% болды. Бұл инфля­ция­ға қарсы ден қою шараларын іске асыруға және жекелеген азық-түлік тауарларына жоғары айлық мәндердің жыл­дық инфляция есебінен шығуына байланысты. Сүт өнім­дерінің, жұмыртқа, май, қант пен көкөністердің жылдық дезинфляциясы байқалып отыр. Осыған қарамастан, жеміс-көк­өніс өнімі құнының жылдық өсу қарқыны әлі де жоғары дең­гей­де болып отыр», дейді Ұлт­тық банк мамандары соңғы деректерді кел­тіре отырып.

Инфляциялық күтулер бір­ша­ма төмендеуге қарамастан жоғары деңгейде қалып отыр. 2021 жылғы желтоқсанда бір жыл бұрынға инфляцияны сандық бағалау 10,3% болыпты. Респонденттердің басым көпшілігі (66%) бұрынғыша қазіргі баға өсуінің келесі 12 айда сақталады не жеделдейді деп санайды.

«Экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде ақшалай ұсы­ныстың едәуір ұлғаюы эко­но­микадағы инфляцияға қарсы қысымға алып келеді және валюта нарығының тұрақ­ты­лы­ғы­на теріс әсер етеді. Осы бағ­дар­ламаларды іске асыру эко­номиканың пандемияға дейін­­гі деңгейге дейін қалпына ке­луін жылдамдатты, бірақ сонымен бірге 2020 жылдың басынан бастап ақша базасының 11 трлн теңгеге дейін 1,6 есе кеңеюіне алып келді, сол кезең­де ақша массасы 30,1 трлн тең­геге дейін 41,2%-ға ұл­ғай­ды. Осы фактордың инфля­ци­я­­ға әсерін төмендету үшін Ұлт­­­тық банк экономиканы қол­­­дау­дың мемлекеттік бағдар­ла­­ма­­­ларынан шығуды бастап, 2021 жылы 5 қаржыландыру бағ­­дар­­ламасын аяқтады (Кәсіп­кер­лерді жеңілдікпен кредиттеу бағ­дарламасы, Жұмыспен қам­ту­дың жол картасы, Нұрлы жер, Жеңілдікпен автокредиттеу бағдарламасы және «Бас­пана хит» ипотекалық бағ­дар­ламасы). 2022 жылы «Қара­пайым заттар экономикасы» бағ­дарламасын және «7-20-25» ипо­текалық бағдарламасын қаржы­лан­дыруды аяқтау жоспарланып отыр», деп жазады Ұлттық банк.

Инфляция процестерінің өсуі аясында дамыған экономикалар өз саясатын күшейтуді жалғастыруда. 2021 жылы әлем­нің орталық банктерінің бар­лық шешімінің 78%-ы ақ­ша-кредит талаптарын кү­шей­туге бағытталған болатын. Тұты­ну бағасының өсуін тұ­рақ­­тандыру үшін ФРЖ басшы­сы АҚШ Сенатындағы тың­дау­ларда олардың 2022 жылғы нау­рызда активтерді сатып алу­ды тоқтататыны туралы мәлім­­деді. Осының аясында нарық қатысушылары биылғы нау­­ры­здан бастап 2022 жыл ішін­де мөлшерлеменің 3-4 рет көтерілуін күтеді.

«Дүниежүзілік банктің баға­лауы бойынша тұтыну баға­ларының жаһандық инфляциясы 2022 жылдың бірінші жарты­сында ең жоғары деңгейге же­­тіп, одан кейін 2023 жыл ішін­­де бір­тіндеп төмендейді. Әлем­­­де инф­ля­цияның төмен­деуі­не жа­һан­дық өсудің баяу­лауы және шикі­зат тауар­ларын жеткізу­дің кеңеюі ық­пал ете­тін болады. Әлемдік эконо­ми­ка­дағы ахуал­дың дамуын және Қазақ­стан­дағы қазіргі ішкі фак­­тор­лар­ды ескере отырып, жа­ңар­тыл­ған болжамға сәйкес Ұлтт­ық банк 2022 жылдың қо­ры­тын­ды­сы бойынша инфля­цияның 6-6,5% деңгейіне дейін одан әрі баяу­лауын күтуде. Бұл ретте, биыл қаңтардың басында Қазақ­станда болған қайғылы оқиғаларға және 2021 жылдың 1-жартысындағы салыстырмалы түрде төмен базаға байланысты инфляциялық процестердің өсуі ықтимал, оның негізгі қысымы биылғы I тоқсанға келеді. II жарты жылдықта ӘМАТ, ЖЖМ және коммуналдық қызметтер бағасын уақытша реттеу шара­ларының қолданылу мерзімі (180 күн) өткеннен кейін инфля­цияның жылдамдау тәуекелі ұлғаяуы мүмкін», дейді Ұлттық банктің ақша-несие саясаты комитеті.

Тәуекелдердің қазіргі тең­герімі, азық-түлікке жатпай­тын құрамдас бөліктің жедел­деуіне байланысты 2021 жыл­дың соңында инфляция баяу­лауының тұрақсыздығы, сон­дай-ақ инфляциялық күтулердің артуы негізінде Ұлттық банк ақша-кредит саясатын күшейту­ді жалғастыруда.

«Үкімет әзірлеп жатқан Инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар кешенін тиімді іске асырумен бірге Ұлттық банктің дезинфляциялық ақша-кредит саясаты 2022 жылға белгілен­ген 4-6% мақсатқа сәйкес инф­ляцияны төмендетуге мүмкін­дік береді», дейді Ұлттық банк мамандары.

Қазақстан Республикасы­ның Ұлттық банкі Ақша-кредит сая­саты комитетінің базалық мөл­шерлеме бойынша кезекті жос­парлы шешімі 2022 жылғы 9 нау­рызда Нұр-Сұлтан қала­­сы­ның уақыты бойынша 15:00-де жарияланатын болады.