Жақында бір үлкен шығармашылық ұйымның беделді басшысымен пікір алысқанымызда, ол бүгінгі еліміздің басындағы сын кезең жайлы ойларын ортаға сала келіп: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әу бастан ұстанып келе жатқан әлеуметтік әділдік қағидаты халқымызды бірлікке бастайтынына сенемін. Оған өзім басқарып отырған ұжымның мысалында кәміл көз жеткіздім», деген еді.
Сол сөзінің астарында қандай сыр жатқанын суыртпақтап сұрап білсем, ол осы шығармашылық ұйым басшылығына тағайындалған кезде ұжымда қалыптасқан моральдық ахуал тым кінәратты болған екен. Елдің әр өңірінен жиналған қызметкерлер топ-топқа бөлініп, бір-бірімен сәлемдесуден де қалып бара жатыпты. Мұның себебі – бұрынғы басшы ұжымды алалап, өзі шыққан өңірден келгендерді ашықтан-ашық қолпаштай бергенінде екен. Сыйақының сүбелісін, марапаттың салмақтысын жерлестеріне әперіп, өзгелерді өгейсітіп, қызметкерлердің арасында пендешілік пыш-пыш әңгіме өрбіп, сыртқа да тарап жатуына өзі себепші болыпты. Жаңа басшы ізашарының жіберген қателігінен бірден тиісті қорытынды шығарып, ұжымды бөліп-жармай, бәрін тең ұстауға тырысқаннан кейін ондағы жағымсыз жағдай біртіндеп түзеліп, ың-шыңсыз, нағыз шығармашылық ахуал орныққан.
Расында да, мемлекетімізде де әлеуметтік әділдік, заңның үстемдігі салтанат құрса, халқымыздың әл-ауқаты әлдеқайда жақсарып, бірлігі де нығая түсері хақ. Президентіміздің сайлауалды бағдарламасының «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» аталғандығы бекерден-бекер емес. «Әділдік – мәдениетіміздің ажырамас бөлігі және ғасырлар бойы қалыптасқан құндылығымыз. Ұлтына, діни нанымына, тұрмыстық жағдайына қарамастан, барлық азаматтардың құқығының теңдігі туралы Конституция қағидасы – менің жұмысымның басты бағдары. Менің міндетім – әр отандасымыздың жеке табысқа жетуіне және өзінің әл-ауқатын арттыруына жаңа мүмкіндіктер туғызу», деп қадай айтқан болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Содан бері Мемлекет басшысының тікелей тапсырмаларына сәйкес атқарылған және қолға алынған игілікті істер аз емес. Соның ішінде халық денсаулығы жолында, әсіресе коронавирус індетімен күрес кезінде уақытпен санаспай, жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен ел болашағы – жас ұрпақ тәрбиесіне жауапты мұғалімдердің жалақылары елеулі мөлшерде арттырылды, ең төменгі жалақы деңгейі 60 мың теңгеге дейін көтерілді. Енді, міне, ел билігінің тізгінін өз қолына толық алған Мемлекет басшысы қоғамымызда әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету үшін бірқатар маңызды шешім қабылдап, жаңа Үкіметке нардың жүгіндей зор жауапкершілік артып отыр. Жақында отандық ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен болған кездесуде: «Ұлттық табыстың әділ бөлінуі бойынша теңгерімсіздік пен проблеманың бар екені айдан анық. Халықаралық сарапшылар (KPMG, 2019 жыл) Қазақстан байлығының жартысы 162 адамның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1 300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы бағытта Президент ұсынған нақты да пәрменді қадам – «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорының құрылғандығы деп ойлаймыз. Мемлекет басшысының үндеуіне үн қосқан ірі компаниялар мен жекелеген кәсіпкерлер аталған қорға қазірдің өзінде миллиардтаған теңге қаржы аударып, өз байлықтарын халықпен бөлісе бастады. Жиналған қаражат мемлекет пен жеке бизнес ұсынбайтын кейбір қызметтерге мұқтаж адамдарға денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет пен спорт саласында қайырымдылық көмек көрсетпекші.
Жалпы, «Қазақстан халқына» қорының құрылуы елімізде әлеуметтік әділдік орнатуда жұртшылық көптен күткен әділ шешім болғаны сөзсіз. Әрине, «байлар да жылайды» демекші, тек соларға арқа сүйеу келешекте аздық етуі мүмкін. Сондықтан бұл ретте қазірден бастап көп болып ойланарлық мәселелер де бар. Айталық, қоғамымызда байлар мен кедейлердің арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайту мақсатында прогрессивті табыс салығын енгізу қажеттігі туралы ұсыныс көптен бері айтылып жүр.