Халықаралық валюта қоры жаңартылған World Economic Outlook макроесебін жариялап, жаһандық қаржы және экономика нарығының жайы туралы құнды деректерді жария етті. Әдепкі болжамдары аса жайлы емес. ХВҚ-ның хабарлауынша, жаһандық өсім 2021 жылғы 5,9-дан 2022 жылы 4,4 пайызға, ал 2023 жылы 3,8 пайызға дейін төмендейді.
«COVID-19-дың жаңа түрлерінің пайда болуы пандемия ғұмырын ұзарта түседі және жаңа экономикалық қиындықтар тудырады. Оның үстіне геосаяси қысымдар мен климат жағдайы да тәуекелдерді күшейтіп отыр. Жоғары инфляция әлі ұзақ сақталады деген болжам бар. Өйткені 2022 жылы жеткізу тізбегіндегі ақаулар мен энергия тасымалдаушының жоғары бағасы сақталады» делінеді зерттеуде.
ХВҚ болжамына сүйенсек, биыл қай ел үшін де жағдай оңай болмайды. АҚШ экономикасының өсімі – 1,2, Еуроаймақ – 0,4, Ұлыбритания – 0,3, Қытай – 0,8, Ресей – 0,1, Бразилия – 1,2, ОАР 0,3 пайызға азаймақ. Бұл ретте Жапония (+0,1 пайыз) мен Үндістанның (+0,5 пайыз) өсімі ғана жоғарылайды деп көрсетілген.
Қордың бірінші орынбасары Гита Гопинаттың айтуынша, көп елдегі қарыздың рекордтық деңгейі мен ырық бермей тұрған инфляция экономикалық кедергілерді бұзып-жарып өтуге мүмкіндік берер емес.
«Алайда кейбір қиындықтар басқаларымен салыстырғанда ұзақмерзімді емес. Сондықтан біздің болжамда «Омикрон» штамы 2022 жылдың бірінші тоқсанында экономикалық белсенділікке жағымсыз әсер бергенімен, екінші тоқсаннан бастап біртіндеп кері әсер төмендей түсетіні айтылған. Біз биылғы жаһандық өсімді 4,4 пайыз деп болжап отырмыз. Бұл алдыңғы болжамдардан 0,5 пайыздық тармаққа төмен, негізінен АҚШ пен Қытайдың болжамдарының төмендеуіне байланысты. 2022 жылы сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық қысқарады деп ойлаймыз. Жалпы алғанда, экономикасы дамыған елдердің жағдайы пандемияға дейінгі деңгейге оралады, ал дамушы елдерде ортамерзімді перспективада өндіріс көлемінде айтарлықтай тоқырау сақталады. Қиындықпен лайықты күресу үшін кең ауқымды вакциналау жүргізу өте маңызды. Қазір табысы төмен елдерде халықтың тек 4 пайызы вакцина қабылдаған», дейді Гопинат.
ХВҚ-ның елімізге қатысты болжамына назар салар болсақ, халықаралық қор 2022 жылы Қазақстанның өсімі 0,1 пайызға (яғни 3,9-дан 3,8 пайызға) төмендейді деп пайымдайды.