• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 02 Ақпан, 2022

Жүз жылға созылған қуғын

5408 рет
көрсетілді

1885 жыл. Қарғалы. Бұл Тосын болысының тоғайлы, сулы, көрікті жерінің бірі еді.Тосын болысы өзеннің жағасы мен жиде тоғайының арасына  ылғи аппақ ақ шаңқан киіз үйлер тіккен. Болыс сайлауы өтіп, ояз бастығы қатысқан үлкен жиын болып, оған қарасты Торғай бекетінің, Ақкөл, Аққұм, Шөптікөл ауылдарының өкілдері қатысқан. Сайлау қорытындысына наразылық білдіріп, іштен тынып тұрған негізінен Ақкөл, Аққұмнан келгендер еді. Бұл жақтағы белсенді, белді, ел арасында беделділері – үмбетейліктер, оның ішінде Шошақ балалары − Ақтас, Байтұрсын, Сабалақтың жүріс-тұрысы, сөздері де ірі еді.

Жиналған жұрт сайлаудың қорытын­ды­сына көңілдері толмай, іштей тынған­мен, Ақтастай ірі қимылды ағасына сүйен­­ді ме, Байтұрсын ортадағы он екі қа­­нат­ты ақ үйден маң-маң басып шығып, сұлу күрең атқа мініп, уезд орталығына қай­туға бет алған уезд бастығы полковник Яковлевке сөз айтуға бекініп, күрең аттың жолын тоса берген. Уезд бастығының екі жағында қайқы қылыш тағынған казактар Байтұрсынға қарай ұмтыла берген. Соған қарамастан Байтұрсын уезд бастығына: «Біз сайлау қорытындысына наразымыз!» деп айтып салды. Яковлев қасындағыларға «Қалаға апарып, қамаңдар, мынаны!» деп бұйрық берген. Казактар Байтұрсынға ұмтыла бергені сол еді, үлгермеді, ол қо­лындағы шыбыртқымен Яковлевті тар­тып жібергенде, шыбыртқының ұшы мой­нына оралып, уезд бастығы атынан жерге мұрттай ұшып түсті. 1868 жылы орыс патшасының указымен Қазақ жерін ай­мақ­тар мен облыстарға бөліп басқару енгізіліп, Батыс Сібір аймағы, Торғай, Сырдария, Түркістан, Жетісу облыстарына бөлінді. Ол жүйе бойынша Торғай облысының орталығы − Орынборда, уезд орталығы Торғайда болды.

Қазақ жерінде отарлық ай­мақтық бас­қару жүйесі жүзеге асқан он жеті жыл ішінде «Орыстың уезд басқарып отырған полковник бастығын ұрған екен» дегендей ерек оқиға Торғайдан басқа жерде болып көрген емес.

Бұл оқиға былай болған. Ол кезде Ақ­құм, Ақкөл ауылдары Тосын болысына қарайды. Солай болса да Аққұм мен Ақкөлді қыстайтын Үмбетей ұрпақтары жаз жайлауын Наурызым маңында өткі­зеді. Шошақтан Ақтас, Байтұрсын, Да­нияр, Ерғазы, Ермағанбет атты бес бала тарайды. Шошақ ұрпақтарынан басқа Таңбайдан тарайтын үмбетейлер де Тосын болысын ұзақ билеп келе жатқан Шеген ұрпақтарына көңілдері толмайтын. Қырсық шалғанда, Шошақ балалары биыл жайлаудан кештеу оралып, Қарғалы тұсындағы Торғай өзенінің таяз жерінен малдарын баяу өткізіп жатқан. Сондықтан Ақтас, Байтұрсын, Данияр Қарғалы басына қос тігіп, малдарының түгел өзеннен өтуін күтіп отырған. Тосын болысы Шошақ балаларының Қарғалыда екі-үш күн кідіргеніне наразы болып, уезд бастығына арыз айтады. Содан уезд басты­ғы Яковлев Қарғалыға оншақты қарулы казак солдатымен келіп, Ақтасқа ай­ғай­лап, «Қостарыңды жығып, өзеннің арғы бетіне, елдеріңе көшіңдер» дейді. Ақтас – Шошақтың үлкені елге сыйлы аға­сы. Оның қасында тұрған Данияр уезд бастығының ағасына айғайлағанына намыстанып, қолындағы шыбыртқымен Яковлевті тартып жібереді. Шыбыртқыға оралған Яковлев аттан мұрттай ұшып түседі. Содан уезд бастығы Яковлевті ұрғаны үшін Ақтастың, Байтұрсынның, Сабалақтың қолдарына кісен салынып, сол күні түрмеге айдалды. Яковлевтің қатаң талабымен Шошақ балаларының мал-мүлкі түгел тәркіленіп, малдарын Торғайға айдады. Шошақтың басқа балалары Ерғазы мен Ермағамбет осы оқиға кезінде атқан оқтан жаралы болғандықтан, тұтқындалудан аман қалды.

Бірақ сотқа дейінгі тергеушілердің Ақ­тас пен Байтұрсынға көрсетпеген қор­лы­ғы жоқ, оларды ұрып, сабайды. Оған тұтқындағы үш азамат шыдамдық танытады. Көп ұзамай уезд соты Ақтас, Бай­тұрсын, Сабалақты он бес жыл Сібір каторгасына айдауға шешім шығарды.

«Тұтқындарды Сібірге айдайды» деген күні Ақкөл мен Аққұмнан келген ағайын­дар уезд орталығындағы «бұрын болмаған қызықты» көру үшін қызыл түрменің шыға берісіне жиналған. Сәске ауа қылышты казактар жиналды да түрме есігі ашылып, одан кісендеулі сақал-мұрты өскен үш тұтқын шықты. Әуелі Ақтастың бәйбішесі Үбіжан күңіреніп, күйеуімен көрісті. Одан кейін жолын күтіп тұрған Ахметтің анасы Күңше Байтұрсынды еңіреп, жыр айтып көрісті. Басқа ағайындар да шулап, жылап жатыр. Казактардың старшинасы жиналған жұртқа айғайлап, қамшы сілтеп, айбар көрсетті. Олар тұтқындарды жедел түйе жегілген арбаға отырғызды. Екінші арбада тұтқындарды бақылайтын солдаттар отырған. Ақтастың бәйбішесі Үбіжан уезд әкімшілігінен каторгаға күйеуі Ақ­тас­пен бірге баруға ұлықсат қағаз алған. Үбіжан арбаға тұтқындармен бірге отырды. Жылап қоштасу өте ауыр болды. Бүкіл Торғай тітіркеніп кеткендей болды. Шошақтың үлкені Ақтас Ерғазы інісіне «Бізге сот кезінде орысша аударып отыратын адам болмай, содан қорлық көрдік, Сен менің кенже ұлым Спандиярды орысша оқуға бер» деп аманат етеді. Ерғазы ағасына аманатын орындауға уәде береді.

 Қылыш асынған казактар қоршаған үш тұтқын және Үбіжан отырған арба Қостанай жолына түсіп, қайғылы адамдардан тез алыстағысы келгендей, түйелер даңғыл жолға түсіп жортып барады...

Ақтас, Байтұрсын айдалғаннан кейін бірер ай өткенде «Сабалақ (Данияр) жолда қайтыс болды» деген қаралы хабар келіп, ауылда қалған Ақтастың туыстары бұл ауыр қайғыны мойындарымен көтеріп алды.

Күзде Ерғазы Ақтастың аманатын орын­­дамақ болып, Спандиярды «Тор­ғайда­ғы орыс мектебіне түсесің» деп үгіттейді. Орыстардың көрсеткен қор­лығын көзімен көрген Спандияр Торғайға барудан бас тар­тады. Ерғазының інісі Ермағанбет те оқудан бас тартады. Сосын Ерғазы Ах­­­мет­ке біраз ақыл айтып, Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне береді.  Ахмет қайсар мінезді еді, кітап­ханадан шықпайтын, оқудан бас алмайтын оқушы болды. Оқудың екінші жылында орысшаны еркін меңгеріп кетті. Ахмет осы училищенің интернатында жатып, төрт жыл оқыды. Анасын сағынғанмен, кедейліктің ауырлығын бас­тан кешіп жатқан туыстарының көзіне түскісі келмей, төрт жылды интернаттың қара нанын жеп, оқуын тауысты.

Ахаң 1891 жылы Торғай­дағы орыс-қазақ училищесін жақсы аяқтап, Орын­бордағы мұғалімдер даярлайтын мектепке түскен болатын. Оны 1895 жылы ойдағыдай бітіріп, Әулиекөлде бірер жыл ұстаздық қызметте болып, тәжірибе жинады.

Ұлт ұстазының әкесі мен ағасы Сібір­дегі айдаудан 1902 жылы, яғни елге он же­ті жылдан кейін оралды. Атажұртта отыр­ған Шошақ әулеті қайтадан абырой-бедел­ге ие болып, тіршіліктері жөнделе бастады.

Ахаңның әкесі айдаудан оралғаннан кейін жеті жылдан соң, яғни, 1909 жылы алпыс алты жасында өмірден озса, анасы Күңше 1919 жылы өмірден өткен екен. Күңше қасиетті, әулие адам болды десек те болады. Әкесі Байтұрсынның ағасы Ақтас 1920 жылы қайтыс болыпты. А.Байтұрсынұлы И.Крыловтың мысалдарын ХХ ғасырдың бас кезінен аудара ­бастап, осы еңбегі 1909 жылы «Қырық мысал» деген атпен жарық көрді. Сол жылы Міржақып Дулатовтың да «Оян, қазақ!» атты жыр жинағы басылып шықты. «Оян, қазақ!» пен «Қырық мысалдың» сол кез­дегі қазаққа әсері мол болды.

1904 жылы А.Байтұрсынұлы Омбы­дағы Торғай облысы оқу істері жөніндегі инспекторы Алекторовты іздеп барған. Оған мектептерде қазақ балаларын хрис­­­­тиан дініне кіргізуді доғаруды, мұ­сыл­­­манша оқытатын қазақ кластарын ашу мәселелерін айтқан болатын. Бі­рақ миссионерлік қызмет атқарып жүр­ген Алекторов А.Байтұрсынұлының көтер­ген мәселелеріне көңіл бөлмеді. Ресей отаршыларының қазақ жерінде мектеп ашқандағы мақсаттары, оларды хрис­тиан дініне көптеп тарту екенін Ахаң содан түсінген.

Сол күннен бастап Алаш ардақтысы ағарту ісінде жаңа бағыт әкелу үшін ғылыми бағытта зерттеу жұмысына белсене кірісті.

Омбыда жүргенде Ахаңды Міржақып Дулатов іздеп келген. Жалындап тұрған ақын жігітке Ахмет қатты ырза болып, екеуі достасып, ел үшін бір мақсатта қызмет етуге белсене кірісіп кетті. Содан екеуі мұғалімдікті Семей облысында жалғастырды.

Сөйтіп жүргенде Ресейде 1905 жылы революция болып, одан іле демократиялық кейбір кеңдіктерге жол ашқан патша­ның декларациясы шыққан. 1905 жылғы Ре­сейдегі революциялық көтеріліс қазақ­тың оқығандарының арасында бір үміт отын жалғады.

Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов Семейден қазақтың қамын, келешегін ойлайтын оқыған озық ойлы азаматтармен танысты. Соның бірі заң саласында қызмет істейтін заңгер Жақып Ақбаев еді. Әлихан Бөкейханов Омбыда жүрсе де, Ахаңмен, Міржақыппен хабарласып тұратын. Патшаға қазақ мәселесін көтеріп, аймақтық билікке петиция жазу идеясын көтерген сол кісі. Он екі мың­дай адам қол қойған әйгілі петиция жа­зы­­лып, Омбыдағы Ә.Бөкейхановқа жет­кі­­зілген. Ол патшаның, Ішкі істер ми­нис­­трлігіне және аймақтық губернатор атына жазылған еді. Семей уезінің жан­дармериясының бастығы Осовскийдің губернаторға жеткізген деректері бойын­ша Ә.Бөкейханов бұл петицияны пошта арқылы Петерборға жіберген. Содан кейін, Семей уезінің тыңшылары петиция жазғандарды іздеп, «күдікті» деп, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатовтың, Ж.Ақбаевтың және басқа бірнеше адам­ның артынан аңдыған. Содан кейін ал­ғаш 1907 жылы А.Байтұрсынов, Ж.Ақ­баев және тағы бірер адамды аз уақыт­қа қамауға алған. Тыңшылардың Дала губер­наторына жеткізуі бойынша «Қар­қара­лы петициясының» тексін жазған Ж.Ақбаев» делінген. Содан сол жылы сот болып, заң­­гер Жақып Ақбаев Жетісуға жер аударылған.

Семей уезінің жандармериясы тұрақ­ты аңдуда болған Ахаңды 1909 жылы 1 шілдеде «сепаратистік үгіт-насихат жүр­гізді» деп тағы түрмеге қамаған. Жұ­байы Бәдрисафа Дала губернаторынан көмек көре алмағасын, Ресей Думасының депутаттарына Ахмет Байтұрсынұлының хал-жағдайын айтып арыз жазған. Ре­сей Думасының депутаты Бәдрисафа Мұхамедсалыққызының арызына назар аударып, Ішкі істер министріне осы істі «қысқарту» туралы ұсыныс жасайды. 1910 жылы Семей уездік соты ұлт қай­раткерінің ісін қарап, оны 16 жылға жер аудару туралы үкім шығарған.

«Қарқаралы ісін» тергеушілер тергеу­ді бес жылға созған. Соңында 1910 жы­лы «осы іске қатысы бар» деп тауып Ә.Бө­кейханов пен М.Дулатовты түрмеге жап­қан. Олар бір жылдай түрмеде отырып шық­қан. М.Дулатов одан шыққан соң, жан­дармериядан тасада болу үшін Түркіс­танға кетті. Достар тапты сол жерден. 1913 жылы М.Дулатов Орынборға ке­тер­­де сол достары біраз ақша жинап берген.

Сол ақшамен Міржақып Дулатов бір­ден А.Байтұрсынұлына келеді. Өйткені екеуінің де арманы қазақша газет шығару еді. Міржақыптың қаржысына Қазан медресесінде оқып жүрген оқушылар да ақша қосады. Сөйтіп, Ахаң мен Міржақып шағын типография сатып алады. Ахаң Қазан қаласында өзі араб әліпбиі негізінде жасаған әліпбиіндегі жиырма сегіз әріптің ұясын Қазанда темірден құйдырады. Газет шығатын қағаз сатып алады, типография тұратын үй жалдайды. Сөйтіп, біраз ұйымдастыру жұмыстарынан кейін, 1913 жылы 1-ші ақпанда Орынборда «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бұл қазақ елінің келешегі үшін жасаған өте маңызды қадам болды. Газетте сол кез­де­рі қазақ басында шешілмей жүрген басты мәселелердің бәрі жазылды. Жерді қазаққа бөлу, жерді земствоға қарату, қа­зақ кластарын ашу мен әліпбимен оқыту, соттарда присяжныйлардың болуы, қа­зақ­тарды жер аударуды тоқтату, орыс қарашекпенділерін қазақ жерінің шұрай­лы жерлеріне қоныстандыруды тоқтату деген сияқты өзекті мәселелерді көтеріп отырумен бірге «қазақ қалай ел бо­лады» деген тәрізді келешек қазақ мемле­кеттігіне қатысты ойларға түрткі болған.

Жергілікті үкімет «Қазақ» газетінде жазылған осындай мәселелерді «сепара­тистік» деп танып, 1914 жылы газеттің бас редакторы А.Байтұрсынұлын тұтқын­даған. Шамалы уақыт өткеннен кейін ел­дің қолдауымен Ахаңды 3000 сом (ол кезде бұл өте көп ақша) төлеп түрмеден босатқан. Өз ғұмырындағы ең үлкен зорлық, ең үлкен қорлық біраз жылдан кейін Кеңес өкіметі тұсында болатынын Ахаң ол кезде сезбеді.

1913 жылдан 1929 жылға дейінгі ара­лықта ұлт ұстазының туған елінің келе­шегі үшін атқарған қызметі орасан. Қазақ әліпбиі мен бірнеше оқу құралдарын, методикалық оқулықтар мен қазақ терминологиясын қалыптастырды. «Қазақ» газетіндегі мақалалардың көбін осы Ахаң мен Жақаң (М.Дулатов) жазған. Газет­­ке келген мақалаларды түзетіп, өң­деп қайта жазып шығудың өзі қанша жұ­мыс?! А.Байтұрсынұлы не істесе де, ұл­ты­­ның келешегі үшін істеді. 1923 жылы Ахаң­ның мерейтойында Үкімет мүшесі Сәкен Сейфуллиннің «Қазақтың басқа оқығандары шен іздеп қызмет қылып жүргенде, сол заманда А.Байтұрсынов қазақ халқының қамын ойлаған жалғыз кісі еді» деген себебі сол.

А.Байтұрсынов 1917 жылы Ресейде Ақпан төңкерісі болғаннан кейін, Қазақ съезін шақырып, Алаш партиясын құру туралы идея көтергендердің бірі. 1917 жылы сәуірде Орынборда Жалпы Қазақ съезі болып, онда «Алаш» партиясы мен Алаш орда құрылды. «Алаш» партиясының бағдарламасын жазғандардың бірі – Ахаң. Бұл партия бағдарламасы қараша айын­да «Қазақ» газетінде жарияланды. «Алаш» партиясы Уақытша үкіметтен Қазақ автономиясын алудан үміттенген болатын Бірақ күзде Ресейде Қазан төң­керісі болып, өкімет большевиктердің қолына өткен. А.Байтұрсынұлы қазақ ав­то­­­номиясын осы Кеңес өкіметінен алу­­ға бел буады. 1919 жылы наурызда Ә.Жан­­гелдин бастаған он бір адаммен бірге А.Байтұрсынов Мәскеуге барып, Ле­нинмен және Ұлт істері жөнін­дегі комис­сар Сталинмен Қазақ автономия­сын құру туралы келіссөзді тура төрт ай бойы, яғни шілде айына дейін жүр­гі­зеді. Ақыры, Ленин мен Сталин А.Бай­тұр­сынұлының төрт ай ішінде жарыс­сөздерде айтқан мәселелерімен келісіп, Қырғыз автономиясын құру туралы ше­шім шығарады. Сол Қазақ автономиясын құру комиссиясының мүшесі болып тағайындалған А.Байтұрсынұлы Қазақ автономиясының шекарасын, республика статусының жобаларын жазумен айналысады. Соның негізінде 1920 жылы Ахаң көрсеткен территориялар негізінде Қазақ (Қырғыз) автономиясының құрылғаны туралы Жарлыққа Ленин қол қояды.

Ахмет Байтұрсынұлы сонымен бірге осы уақытта Алаш қайраткерлеріне ке­шірім жасау туралы Кеңес билігіне өті­ніш жазып, ол қабыл болып, Алаш арыс­тары қысқа уақытқа болса да, Кеңес өкі­метінің түрлі салаларында қызмет істеуге мүмкіндік алды.

Кеңес өкіметі тұсындағы қуғын пат­ша­лық империя кезіндегі қуғыннан асып түсіп, қанды қырғынға жалғасты. Голо­щекин Қазақстандағы өкімет басына келгеннен кейін нағыз аласапыран бас­талды. Байлар деп аталғандардың мал мүл­кі тәркіленіп, өздері отбасымен жер аударылды. Сосын Алаш қайраткерлерін түрмеге жаба бастады. М.Дулатов, Ә.Бө­кей­ханов, А.Байтұрсынұлы 1929 жылы тұтқындалып, түрмеге жабылды. Ахмет Байтұрсынұлы Бутырка түрмесінде үш жыл отырып, содан соң Архангельскіге ұзақ жылға каторгаға айдалды.

Ахмет Байтұрсынұлы тұтқындал­ғанда оның туыстарын да қуғындау бас­тал­ған еді. Ахаңның інісі Мәшен қажыны да НКВД тұтқындап, одан соң тіпті хабарсыз жоғалып кеткен. Содан көп ұзамай, Ахаңның ағасы Кәкіштің Аумат пен Қазихан деген екі баласын аудан мили­циясы мен белсенділері Ақкөлдің жағасында қуып жүріп, сабап, қорлап өлтірген.

Ахаң ұсталғаннан кейін Алма­тыда қалған жары Бәдрисафа Мұхамедсадық­қызы жазушы Гор­кий­дің әйелі Пеш­коваға хат жазып, «А.Байтұрсыновқа көмек­те­суін» өтінген. Сол кезде «Красный крест» деген мекемеде қызмет істеп жүр­ген Пеш­­кова А.Байтұрсынұлына ара түс­кен. Содан кейін ғана А.Байтұрсынов 1934 жылы Архангельскіден Алматыға келген. Бірақ еш мекеме Ахаңды қызметке қа­был­дамаған. Тек бір орыс дәрігерінің қам­қорлығына ілігіп, санитар болып жұмыс істеген.

А. Байтұрсынұлын НКВД 1937 жылы күзде қайта тұтқындаған. Бір апта өтпей, Ахаңның қарындасы Кәтездің күйеуі Рүстемді де (Әбдіғапар ханның баласы) қамаған. Оның үйінен Ахаңның «Мә­дениет тарихы» деген кітабын тауып, тер­геуші алып кетіпті. Рүстемге сосын «Мем­лекетке қауіпті адамның кітабын жасыр­ған» деп айып тағып, ату жазасына кесіпті.

Ахаң үшін бұл жолы ( 1937 жылы) Қа­ли деген ағасының баласы Әмірді НКВД түрмеге жауып, оны да атып жіберіпті.

Ал Ахаңның ауру халдегі зайыбы Бә­­­дри­сафаны асырап алған қызы Шолпанмен Том қаласына айдап жіберген. Содан Бәдрисафа Мұхаммедсадыққызы 1941 жылы оралып, Қостанайдағы Әмірдің баласы Назардың үйін іздеп тауып алады. Олардың көрген күні нашар екен, содан Бәдрисафа Қостанай жанындағы Қарттар үйінен пана тауып, сол жерде көп ұзамай өмірден өтеді.

Ақтастың баласы Шәймерден Қос­танай жақтағы орыстардың арасына кіріп кетіп, содан НКВД-нің қуғынынан аман қалған.

Бар ғұмырын ұлтының мұратына сарп еткен мемлекет қайраткері, бірнеше ғылымның негізін қалаған ғалым, ақын, публицист Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы НКВД үштігінің шешімімен қараша айында атылып кетті. Сөйтіп, тура 66 жасында қанды қол­дылардың оғы­нан өмірі қиылды.

Әңгімемізді Шошақ балары Ақтас, Бай­тұрсын, Сабалақтың оязды ұрып ұзақ жылға каторгаға айдалғанынан бастап едім. Қазақтың батыр тұлғаларының бұл ісі орыс отаршылдығына қарсы көрсет­кен қайраты еді. Солай бола тұрса да патша­лық империя құлағаннан кейін, бұл ер азаматтарды ақтау туралы сөз қоз­­ғалмады. Кеңес билігі тұсында да солай болды. Солай болса да біз Ахаң­ның ағалары, әкесі отаршыл, әділетсіз қоғам­ға қарсы айбат танытқаны үшін ғана айып­талғандарын, айдауда болғандарын іштей сеземіз.

Кеңес идеологиясы Алаш қайраткер­лерін, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы тәрізді ұлы қайраткерді тұқымымен құр­тып жіберуді ойластырған еді. 1937 жы­лы НКВД Ахаңнан басқа, төрт туысын атып, ұрып өлтірген, екеуін Том қаласына жер айдаған. Бірақ осы аталған кісілер НКВД-ның кінәсінен қаза тапса да, ақталмады. Тек 1988 жылы осы кісілердің ішінен Одақ бойын­ша ақталғаны − Ахмет Байтұр­сынұлы.

1988 жылға дейін Ахаңның атын атау қылмыс саналып келді. Сонда, әділдікті талап еткені үшін сотталып кеткен 1885 жыл­­­­ды қосып санағанда, Шошақ балалары 103 жыл жазықсыз «айыпты» болып келген екен. Сексенінші жылға дейін «Ахаң­ның сөзін, өлеңін, әнін айтқаны» үшін сот­та­лып, қызметінен қуылған адамдар бол­ды. Ахмет Байтұрсынұлының қандай дең­гей­де қуғында болғанын содан біле беріңіз.

Жұмат Әнесұлы, ақын, жазушы,

Қазақстанның Құрметті журналисі