Жалпы, біздегі көп мәселенің тіні жең ұшынан жалғасқан жемқорлықта жатса керек. Мемлекеттің дамуына мінсіз қызмет етуге тиіс жауапты шенеуніктердің сыбайласу арқылы қазына қаржысын қарпуының салдары тиісті саланың туралауына ғана әкеліп қоймай, тұтас экономиканың тығырыққа тірелуіне мәжбүр еткені анық.
Соның бірі, оның ішінде де ең ірісі – еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне қатысты болып отыр. Әйтпесе, аграрлы мемлекетте ауыл шаруашылығының дамуы қамшы салдырмауы керек еді. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Ел ішінде қосынын тігіп, көшін түзеген шаруалар қатары мол болғанымен, салаға қатысты мәселе де жеткілікті. Мұның бір сыдырғысын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап айтып, қатаң сынға алғаны рас.
– Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 млрд теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, бұл батареялар ауыл тұрғындарына неге қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Тіпті кейде мемлекеттік органдардың өздері тікелей араласып, заңсыз әрекет жасаған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек. Бұл салада жемқорлыққа қатысты дау-дамай жиі туындайды. Біресе элеваторда сақтау үшін берілген астық көлемі туралы жалған қолхаттарға қатысты шу шығады. Біресе су шаруашылығынан шикілік туындайды, – деді Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде.
Осы жерде сын тезіне ұшыраған субсидияға қатысты деректер тіптен сұмдық. Мемлекет ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында соңғы 5 жыл аралығында 2 трлн теңгеден артық қаржы бөлген. Алайда нақты нәтиже болмай отыр. Есесіне, ауыл шаруашылығы саласына қатысты тексеру жұмыстарының нәтижесінде, 960 заң бұзу дерегі анықталып, 450 шенеунік қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Демек ел қазынасынан бөлінген қаражат мал өсірген шаруа мен жер емген диқанның қолына түспей, орта жолдағы ұйымдасқан топтың қалтасына түсіп отырғаны жасырын емес. Мұндай деректер Алматы облысында да жиі кездеседі. Бұған дейін субсидия үшін сергелдеңге түсіп, бірнеше жыл қатарынан әділдік іздеген шаруа туралы бірнеше мәрте жазғанбыз. Панфилов ауданындағы «Шүкейіт ата» шаруа қожалығының жетекшісі Мұхтар Ақынов асыл тұқымды мал сатып алуға берілетін субсидияға қол жеткізбегенін айтып, шағымданған. Жеке шаруа 2015 жылы «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламасына құжат өткізіп, 6 млн теңге несие алады. Бұл қаржыға 230 бас асыл тұқымды қой мен қошқар сатып әкеледі. Бағдарлама шарты бойынша төленетін 14 пайыздың 10 пайызын мемлекет субсидиялауы керек болатын. Дау осы арадан туындаған екен. 2016 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан өтемақы дауы 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жолдағаннан кейін ғана облыс әкімінің құлағына жеткен еді.
– Сол кездегі облыс әкімі Амандық Баталовтың қабылдауына 3 жылға жуық жазылып, сұранып жүріп, кіре алмаған едім. Ол мені Президенттің атына ашық хат жазған соң ғана қабылдаған болатын. Тиісті мәселенің қайдан шыққанын анықтап, кінәлі адамды тауып, субсидия төлеудің жолын қарастыруды тапсырған еді. Бірақ тапсырма алған шенділер жақын күндері нәтижесін хабарлайтынын айтып, шығарып салды. Өкінішке қарай, одан нақты жауап алмадым. Ақыры өз күнімді өзім көріп, мемлекеттің қолдауынан мүлдем түңілдім. Бірақ мені әбден сергелдеңге салған сол шенеуніктер кейіннен субсидияға қатысты қылмыспен ұсталып, сотталып кетті, – дейді шаруа.
Біз сөз еткен мәселе өңірдегі субсидияға қатысты бір мысал ғана. Өкінішке қарай, мұндай мысалдардың көп болуы тұтас ауыл шаруашылығы саласының артта қалуына және осы бағыттағы өнеркәсіптің ұлттық экономика драйверіне айналмауына нақты себеп болып отырғаны жасырын емес. Бірақ аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің жетістіктерін айтпай кету әділетті болмас еді. Өйткені негізінен ауыл шаруашылығына арқа сүйеген облыс үшін тұрғындардың негізгі табыс көзі – төрт түлік мал мен жер ему екенін естен шығармау керек.
– Ауыл шаруашылығы саласында 400 мыңға жуық адам еңбек етіп, облыс экономикасының дамуына зор үлес қосып келеді. Біз өткен жылды жақсы нәтижелермен аяқтадық. Агросектордағы өндіріс көлемі 1 трлн-ға жетті. Былтыр өңірде 16 мыңнан астам шаруашылық құрылымдарына бюджеттен 50 млрд теңге көлемінде қаражат берілді, оның 43 млрд теңгесі – субсидия. Президенттің агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін жəне өнім экспортын 2,5 есеге арттыру туралы тапсырмасын орындау мен жоспарланған іс-шараларды іске асыруға облыста барлық мүмкіндік бар, – деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.
Жетісудың ирригациялық желілерінің жалпы ұзындығы 17 мың шақырымды құрайды. Бұл ел бойынша ең үлкен жүйе қатарында. Енді осы желілерді қалпына келтіру мен жөндеу жұмыстарына жыл сайын қыруар қаражат жұмсалуда. Мысалы, 2020 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3,662 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, 2 300 га суармалы жер пайдалануға берілуге тиіс болған. Ал айтылған цифрлардың іс жүзінде жүзеге асуына қатысты есеп әлі нақты емес. Бірақ жайылымдық жерді суландыруға бөлінген қаражаттың сұрауы болуға тиіс. Бұл бағытта ел қазынасынан 80 млрд теңге бөлініп, оның тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмағанын Президент атап өткен еді...
Алматы облысы