• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Ақпан, 2022

Қираған ғимараттар қашан қалпына келеді?

496 рет
көрсетілді

Қаңтар айындағы қайғылы оқиғаның зардабы Жетісу жерінде де сезілген болатын. Жаппай тәртіпсіздіктің салдары облыс орталығы Талдықорған қаласында ерекше байқалды. Сол тұста ел Президентінің Жарлығымен аймақта төтенше жағдай жарияланып, террорлық қауіптің «қызыл деңгейі» белгіленген-ді. Қазір өңірде зардап шегіп, қираған нысандарды қалыпқа келтіру жұмысы қызу жүріп жатыр.

Бүлікшілер бұлғақтың ал­­ғашқы күні облыс әкім­ді­гінің, қалалық поли­ция бас­қармасының ғимарат­тары­на басып кіріп, нысандарға өрт қойған еді. Нәтижесін­де, бей­біт тұрғындар да зардап шегіп, көптеген адам медициналық көмекке жү­гін­ді. Сол бұлғақ кезінде Тал­­­ды­қорған қаласындағы бір­­­неше сауда нүктесі де зар­дап шекті. Оның арасында «Тех­но­дом» сауда үйі мен «Қара­ғаш» сауда орталығы ша­буылдың негізгі нысана­сы­на айналды. Бұзақылар тұр­мыстық техника мен зер­гер­лік бұйымдарды тонап кет­ті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының дерегіне қара­ғанда, аймақтағы 143 сау­да нысаны зардап шеккен кө­рінеді. Кәсіпкерлерге келті­ріл­­ген шығын көлемі 8,8 млрд теңге шамасында деген ше­шім шыққан.

Бүгінде Талдықорған қала­сындағы бүлінген ғимарат­тарды жөндеу жұмысы жал­ғасуда. Бұл қатарда облыс­тық және қалалық ішкі істер басқармасының ғима­рат­тары, ҰҚК облыстық депар­таментінің ғимараты және Nur Otan партиясының жеке ғи­ма­раты бар. Аталған нысан­дардағы құрылыс аяқталға­сын қалыпты тіршілікке кі­ріспек. Ал жөндеуге кететін шығын көлемі 4,5 млрд теңге шамасында есептелді.

– Дүрбелең кезінде Тал­ды­қорған қаласында 5 ғима­ратқа зақым келді. Оның ішінде облыстық әкімдік үйі толықтай жанып кеткен болатын. Қазір ғимарат ішінде тазарту жұмыстары аяқталды. Қалыпқа келтіру бойынша зерттеу-сараптама жұмысын жүргізудеміз, онымен «Каз­НИСА» компаниясы айналысуда. Қорытынды дайын болғаннан кейін ғимаратты қайта қалпына келтіруге бола ма, әлде жаңадан нысан соғу қажет пе деген сұраққа жа­уап аламыз. Бұл ғимарат 1972 жылы қолданысқа берілген, өте ескі нысандар қатарында. Нысанды толықтай сараптамадан өткізу үшін 19 млн теңге шамасында қаражат жұмсалады. Ал жобалау жұмы­сына 150 млн теңгедей ке­туі мүмкін. Мұның бәрін сараптама қорытындысы да­йын болғаннан кейін нақ­ты айта аламыз, – дейді Алматы облыстық құрылыс бас­қар­масы басшысының орынбасары Еркебұлан Усманбаев.

 

Алматы облысы