Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, салық түсімдерінің өсуіне және мұнайдың қымбаттауына қарамастан Қазақстан бюджетінің тапшылығы бір жыл ішінде 1 трлн теңгеге жақындай түскен.
2021 жылы елде 13,3 трлн теңге салық жиналды. Бұл 2020 жылға қарағанда 34 пайызға немесе 3,4 трлн-ға жоғары, деп хабарлайды қауымдастық.
«Энергия ресурстары нарығындағы бағаның қалпына келуі және елдегі экономикалық белсенділіктің артуы аясында (экономика 2021 жылғы 11 айда 3,8 пайызға өсті) 2021 жылы шоғырландырылған бюджетке (КБ) салық түсімдері айтарлықтай өсті. Абсолютті параметрлерде салық түсімдерінің барынша ұлғаюы республикалық бюджетте байқалады. Салыстырмалы өсімде салық түсімдері 86 пайызға ұлғайып, пандемияға дейінгі деңгейге жақындаған», деп мәлімдейді.
Алайда шоғырландырылған бюджеттің жиынтық кірістері іс жүзінде 2020 жылдың деңгейінде қалған және Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық табысты (78 пайызға немесе 2,8 трлн) және салықтық емес түсімдерді (60 пайызға немесе 0,6 трлн) қысқарту есебінен 15,0 трлн (+1 пайыз) теңгені құраған.
«Осылайша, 2021 жылы салық төлемдерінің жылдық жоспары 11 пайызға артты, өйткені мұнайдың нақты бағасы бюджетті қалыптастыру кезінде пайдаланылған болжамды деңгейден жоғары болды. 2021 жылы шоғырландырылған бюджет шығыстары кіріс бөлігін 33 пайызға немесе 4,9 трлн-ға асыра отырып, 9 пайызға немесе 19,9 трлн-ға дейін өсті. Бұл көрсетілген өсімнің көп бөлігі (68 пайызы немесе 1,1 трлн) экономиканың әлеуметтік секторларының (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек) шығыстарына тиесілі. Осы салаларға жұмсалатын жиынтық шығыстар 2021 жылы 10 трлн теңгеге жуықтады немесе барлық шығыстардың жартысын құрады», деп хабарлады.
Тапшылықтың орнын толтыру үшін 3,9 трлн теңге қарыз алынған. Ұлттық қордан 4,5 трлн теңге алынып, республикалық бюджетке трансферттелген. Мемлекеттің 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына қарар болсақ, мұнай бағасы барреліне 60 доллар жағдайында шоғырландырылған бюджеттің шығыстары кірістерден 15,6 пайызға асып кетпек. Ал қазір Brent маркалы мұнай бағасының барреліне 90 доллардан асқаны белгілі. Бұл ахуал алдағы төрт жылда ел бюджетінің профицитпен қалыптасуына ықпал етеді.
«2021 жылы бюджеттің кіріс бөлігі шығындарының ұлғаюына байланысты тапшылық 992,7 млрд теңгеге жетті. Бюджеттің кіріс бөлігі мұнай бағасының динамикасына тәуелді күйінде қалып отыр. Бұл ретте 2021 жылы шоғырландырылған бюджет кірістері өзгерген жоқ, өйткені Ұлттық қор басқаруындағы инвестициялық табыстың төмендеуімен мұнайдан түскен салық түсімдерінің өсімі жойылып кетті. Бюджет шығындары экономиканың әлеуметтік секторларын қаржыландыру есебінен көбейіп кетті және мемлекеттік қарыз алу мен бюджет қалдығын пайдалану есебінен ішінара жабылды. Мемлекет басшысының ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс жүйесін реформалау, елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы тапсырмасын ескерер болсақ, 2022 жылы шоғырландырылған бюджет кіріс бөлігінің шығындары ұлғая түседі», делінген қауымдастық хабарламасында.
Сыртқы жағдайлардың қандай сценариймен өрбитіні әлі де белгісіз. Мұнай бағасы барреліне 90 доллардан асты. Көптеген елдің орталық банктері ақша-несие саясатына байланысты әр алуан шешім қабылдауда. Сонымен қатар геосаяси ахуал да ушығып тұр. Негативті сценарий жағдайында шоғырландырылған бюджет тағы да тапшылыққа ұрынады, мемлекеттік қарызға мұқтаж (қазіргі мемқарыз – 22 трлн теңге) болады және қаржыландырудың басқа да көздерін іздестіруге тура келеді.