Сән-салтанат салығын енгізу мәселесінің көтерілгеніне он жылдан асты. Сонау 2012 жылдың өзінде мәжілісмендер бұл тақырыпты арагідік көтерген болатын. Әріге бармай-ақ берідегі депутаттардың ұсынысынан бастай берейік. Былтыр жыл соңында Мұрат Бақтиярұлы сән-салтанат салығын енгізейік, көп елде бұл тәжірибе бар деп дәйек келтірген. Оған Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев бас изеп, құптаған.
«2019 жылы Президент өз Жолдауында «Жалпы ішкі өнім мен халық табысының артуына қарамастан, қоғамда мүліктік жіктелу үдерісі сақталып отыр. Бұл – алаңдатарлық фактор. Сондықтан оған ерекше назар аудару керек», деген болатын. Осыған байланысты халықаралық тәжірибеде көптеген елде бар, сән-салтанатқа арнайы салық енгізу өте өзекті мәселе деп есептеймін», деген еді депутат.
Оның айтуынша, салық жылжымайтын мүліктен бастап ұшатын ұшақ, жүзетін кемеге де салынғаны жөн. Ішінде жүйткитін көліктер де бар. Жақында мұны Қаржы министрлігі де растады. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, салық Aston Martin, Bentley, Ferrari, Lamborghini және Maserati секілді люкстік маркалардың қымбат моделдеріне салынады. Нақтылап айтқанда, құнына байланысты олар үшін транспорт салығына арнайы жоғары коэффициенттер енгізілуі мүмкін. Әрине, қымбат салыққа ұрынатын маркалар тізімі мұнымен бітпейді. Бірақ тағы қандай автокөліктердің кіретіні де белгісіз. Белгілісі, тізім сөзсіз толығады.
Сән-салтанат салығы өзге елдерде бар үрдіс. Мәселен, Ресей Федерациясы 2014 жылдан бері қымбат автокөліктерге салық сала бастады. Қымбат ставкалар құны 3 млн рубльден (17 млн теңге) жоғары тұратын барлық автокөлікке салынады.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов біз онсыз да жалпыға бірдей декларациялау бастамасын енгіздік, азаматтардың табысын біліп, барлық мүлік пен кіріске салық саламыз дейді.
«Бұл біреуге сән-салтанат болса, біреуге ақылға қонымды көлем. Оны осыдан кейін түсінетін боламыз. Декларацияда көрсетілмейінше, сәнді тауарлар тізімі жасалған жоқ. Бұл мәселеге мүлік туралы барлық ақпаратты алып, мұқият қарауымыз керек. Жалпыға бірдей декларациялауды 2025 жылға қарай аяқтау жоспарланып отыр. Содан кейін салық базасын талдауға және салық салу тәсілдеріне кірісеміз», дейді ол.
Ведомство өкілінің сақтана сөйлеуін түсінуге болады. Табысы 100 мың теңгеден әрең асатын, сықырлаған ескі көлігі бар жанбағар үшін 6-7 млн теңгенің темір тұлпарын мінген азаматтың сән-салтанат салығын төлеуі өте-мөте заңды. Ал ол пақырыңыз 6-7 млн теңгенің көлігін несиеге алған болса ше? Онда мынау салығыңыз әділетсіз боп шыға келмей ме?! Қысқасы, бұл әлі де жетілдіре түсуді қажет ететін идея. Бірақ түбегейлі жаны жоқ та емес. Әсілі, қажет заң. Қоғамды жікке бөлу үшін емес. Бір ғана критерий салтанат құрса дейсің: «Табысыңа қарай тапқаныңмен бөліс» деген ұстаным адал, әділ, лайықты орындалса.