Ауыл шаруашылығындағы субсидия жырының айтылғанына біраз жылдың жүзі болды. Созбаққа салынған бұл тақырып айтылған сайын құдды шешімін әне-міне табардай болып тұрады. Бірақ бірер күннен соң-ақ құмға сіңген судай із-түссіз ұмытылушы еді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге нүкте қояр кез жеткенін аңғартқандай болды.
Президенттің айтуынша, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ триллиондаған субсидияның өзі бұл саланы ұшпаққа шығара алмай тұр. Қаржының тиімді жұмсалуын ешкім бақыламайды, мемлекет қаржысы көпе-көрнеу талан-таражға салынып жатыр. Субсидияның түпкі иесіне жетпегені былай тұрсын, оны ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар іліп әкеткен.
«Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 млрд теңге бөлінді.
Бірақ оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсетілген. Тіпті кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған», деді Мемлекет басшысы.
Қанша желге ұшты дегенмен де субсидияңыз азды-көпті ағайынның қолына тигені де рас. Бірақ солардың өзі ауылшаруашылық өнімдерін өңдеп, сақтауға аса құлықты емес. Себебі субсидия жүйесі шаруалардың ынтасын арттырмайды. Сала дәл осылай бойкүйезденіп тұра берер болса, агроөнеркәсіп кешені шикізат өндіруден әрі аспайды, әрі-беріден соң осының өзіне мұқтаж боп қалмасақ игі.
Ақпан айының басында Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова агроөнеркәсіп кешеніне қыруар ақша бөлінетінін, бірақ ауылшаруашылық өнімдері бағасының еш арзандамайтынын айтып шағым білдірген еді.
«Ауыл шаруашылығына субсидия бөлу саланың дамуына ешқандай кепілдік бермейді. Қырғызстанда бұл салаға мүлде субсидия берілмейді. Алайда ол жақтан табын-табын мал, әдемі болып өскен картоп, алқапты түгел алып жатқан құлпынайды көруге болады. Шаруа қожалықтары да, құс шаруашылығы да жақсы дамыған», деді депутат.
Наурыз айының соңына дейін Президент Әкімшілігіне ауыл шаруашылығын субсидиялаудың бірыңғай жаңа жүйесі ұсынылуы тиіс. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов аграрлық комитетке екінші оқылымға дейін ауыл шаруашылығындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін қарастыруды тапсырды.
Ал Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Дайрабаев қауымдастық атынан Ауыл шаруашылығы министріне бірнеше талап қойып отыр. Төрағаның айтуынша, елімізде дәл қазір 280 мың шаруа бар. Оның бәріне бірдей субсидия беруге шама келмейді. Сондықтан шағын фермерлерге басымдық берген абзал.
«Мемлекет қаражаты ең алдымен кіші және орта буындағы шаруаларға жетуі керек. Ірі мекемелер аяқтарынан нық тұр. Олар үшін экспортты ашып беру ауадай қажет. Бұл – бір. Екіншіден, техника мен құрал-жабдық қолжетімді болуын талап етеміз. Кәдеге жарату деген салықтың көзі жойылсын. Инвестициялық субсидия мөлшері ұлғайып, шаруаларға өз материалдық-техникалық базасын жаңартуға мүмкіндік берілуі қажет. Үшіншіден, жанар-жағармай мәселесін түбегейлі шешетін уақыт келді. Арзандатылған деген түсінік 10-20 пайызбен өлшенбеу керек. Баға мөлшері кем дегенде 2,5-3 есе азайтылуы тиіс. Оған мүмкіндік бар», дейді ол.
Қауымдастық басшысының сөзінше, сонымен қатар жылдар бойы басымдық берілген бағыттарды ғана емес, АӨК-тің басқа да салаларын қолдайтын кез келді. Астық пен ірі қара малдан бөлек ондаған бағыт бар. Солардың күнделікті проблемаларымен айналысу қажет.
«Агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің барлығы салықтан босағаны дұрыс. Фермерлердің жиған-тергенін қазына қалтасына емес, нақты ауыл инфрақұрылымы мен агробизнестің дамуына бағыттаған жөн болады. Содан кейінгі тағы бір маңызды мәселе – министрлік қарамағындағы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы», НАНОЦ деген ұйымдардың тек фермерлердің мүддесіне ғана жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Өнім сату мәселесін қолға алатын да кез келді. Жыл он екі ай далада тынбай жұмыс істегендердің өнімді қайта сатамын деп басы ауырмауы керек. Мемлекеттік сатып алу жүйесін фермерлердің сұрауын ескере отырып түбегейлі реформалау қажет», дейді Жигули Дайрабаев.
Президент тапсырмасы мен шаруалар талабы үндесіп, үлкен бір өзгеріс болатын секілді. Бұл параллель міндет жауапкершілігін салалық министрлік қалай сезінді, қандай нәтиже шығарады, оны ай өтпей-ақ біліп қалармыз. Сонымен бірге Мемлекет басшысының субсидиялау туралы ақпаратты толық қамтитын платформа әзірлеу тапсырмасы да орындалуы тиіс. Бұл да кетпен, күрегін шыңдап, білегін түрінген біраз ағайынның көңілін жайландырар бастама болса игі. Қазіргі басты міндет – қаражаттың әділ бөлінуі және шашау шықпай шаруаға жетуі. Егер орталық және атқарушы билік осы міндетті ойдағыдай атқарса, оның өзі тәп-тәуір жеңіске баланбақ.