Наурыздың 19-30 аралығында Алматы облысының Ak Bulak тау-шаңғы курортында шахматтан кезекті ел чемпионаты өтеді. Онда 6, 8, 10, 12, 14, 16, 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар рапид және блиц шахмат бойынша кім мықтыны анықтайды.
Чемпионат ережесіне сәйкес, классикалық шахматтан Қазақстан чемпионы атанған 8, 10, 12, 14, 16 және 18 жасқа дейінгі спортшылар әлем біріншілігінде бақ сынайды. Ал классикалық шахматтан 8, 10, 12, 14, 16 және 18 жас санаттарына дейінгі ел біріншілігінің күміс жүлдесін иеленгендер (ұлдар мен қыздар) Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.
Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль, диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталады. Бас жүлде (Кубок) ең көп алтын медаль жеңген аймақ делегациясына беріледі. Биылғы ел чемпионатының жалпы жүлде қоры – 2 880 000 теңгені құрайды.