• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Білім 14 Ақпан, 2022

Байтұрсыновтың әдістемесі

4758 рет
көрсетілді

Сауат ашу әдістемесінің негізін салған А.Байтұрсынұлы екендігі мәлім. Ұлт ұстазы: «Жалғыз әліпбиді үйретудің өзінде толып жатқан әдіс бар. Сол әдістерді әр әдісқой өзінше өзгертіп қолданған түрлерін сөз қылсақ, әдіс түрлерін айтып түгесе алмас едік. Әдіс – керекшіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман болмағы жұмсалатын орнының керек қылуына қарай», дей отырып, баланың сауатын ашуда қандай әдіс дұрыс екенін айқындап берді.

 

Ең әуелі А.Байтұрсынұлының әдіс­темеге қатысты басты тұжырым­дарына назар аударайық:

Сауаттау әдісін алсақ, бір жұрт­тың сауаттау ісіне қолайлы болған әдіс екінші жұрттың да сауаттау ісіне қо­лайлы бо­луға тиіс деп айтуға болмайды. Егер де тілінің заңы, емлесінің немесе әрпінің жүйесі басқа болса, онда біріне жақсы болған сауаттау әдісі, екіншісіне де жақ­сы болады деп ешкім айта алмайды. Шапшаң жаза білгенде, шапшаң оқи білгенде сауаты ашылды, сауатты адам болды дейміз. Сауаттау әдісідегеніміз соны білдіруге жұмсалатын түрлі әдістердің шумағы болады. Жазу үшін әріп алмай, таңба алған жұрттың бірі, мәселен, қытай. «Ауыз» бен «ит» таңбасы қатар тұрса «үреді» деген сөз болады. Мұғалім бұл жазумен сауаттағанда дыбыспен де, әріппен де жұмысы жоқ. Жазу үшін әріп алғанымен, ол әріптері тіліндегі дыбыстарына сәйкес келмейтін ағылшын, американ сияқты жұрттар. Бұлардың сөздерінің жазылуы мен айтылуы айырылып, алыс кеткендігі сонша «ит» деп жазып, «шошқа» деп оқиды. Сондықтан олардың жазу жүйесі әріпті болғанымен, мағынасы таңба ­жү­й­елі жазуға жақын. Ал тілінің жазылуы мен айтылуы бөлектенген жұрттың мысалы – орыс халқы. Мұндай жазуы бар жұрттың кей сөздерін дыбыстарына қарай жазуға болады, кей сөздерін тек жатталған түрінде ғана жазуға болады. Сондықтан бұлардың бәрі сөзді таңбаша жазып отырған соң немесе таңбаша жа­зуға жақын түрде жазып отырған соң таңбаша үйрету әдісін қолданып отыр. Тұтас сөз әдісі деген сол таңбаша үйре­ту әдісі болады. Тұтас сөз әдісінне мақсат­пен қолданып отырғандарына назар салмай, тек басқалар қолданып жатқанда бізге де қолдану керек деушілер бар. Жалқылау әдіс жалпылау әдіс­ке қарсы жөніндегі әдіс. Жалпылау­дың асылы ұсақтан ірілету болса, жалқы­лаудың асылы іріден ұсақтату. Жалқылау әдістің жалпылау әдіс­тен артықшылығын қуаттайтын пікір ХVІІІ ғасырдың аяғында Францияда пайда бол­ды. Оқу үйреткенде сөзді әріптен, буын­нан бастамай, сөздің тұтас тұрған тұл­ғасынан бастап үйрету керек дейді. Негізгі кемшілігі сөзді жаттату, не үшін «ат» деп сызған нәрсе «ат» болып оқы­луға тиістігі балаларға түсініксіз. Оқы­ған сөздерін балалар неге солай оқыла­тынын білместен жаттау. Бір жерде жалпылау, бір жерде жалқылау әдісі жүріп, ақырында екеуі жалқылаулы-жалпылау әдісіболып бірі­геді. Бұл әдістің өзі қолданысына қарай бірнеше түрге бөлінеді: «Шағын сөзді» түрі – мұның бір артық жері аз сөзді оқи білумен балалар көп сөзді оқып кетуге жарайды. Сондай артықтығы болғандықтан, бұл әдіс мәдениетті жұрт­тардың бәріне жайылды. «Жазу-оқу» деген түрі – оқуды жазу арқылы үйрету. Бұл әдісті қолданушылар оқу үйретуді оқудан бастау дұрыс емес, жазудан бастау дұрыс дейді. «Жазу-оқу» әдісі шыққаннан кейін оқу мен жазу қатар жүретін болды. «Дыбысты әдіс» түрі – дыбысты әдіспен үйреткендегі істелетін істің негізі бес түрлі (балалармен әңгімелесу; оқу үйретуге даярлайтын жұмыстар; сөзден дыбыстарды айырып шығару; әріптермен таныстыру; берілген әріптерінен сөз құрау, соны оқу).

А.Байтұрсынұлы сол кезеңдегі әлем­ге тарап жатқан оқыту әдістемелерін осылайша, саралап, талдай отырып, со­лар­дың ішінде қайсысы қазақ тілінде сауат ашуға қолайлы екенін анықтады. Өзі шығарған «Әліппені» (Оқу құра­лы) «Дыбысты әдіспен» оқытуды ұсы­нып, мұны мұғалімдерге арналған нұс­қаулығы – «Баяншыда» мұқият тәп­тіштеп түсіндірген. Дыбысты әдісті қол­дану үшін «Дыбыспен жаттығу» тәсілін ұсынған.

А.Байтұрсынұлы «Дыбысты әдісті» не үшін таңдады? Оның басты себебі, балалар «сөздің ішінде қанша һәм қан­дай дыбыстар бар екенін айыруды біл­се, харіфтерін қою қиын болмайды». Ғалым қазіргі айтылып жүрген оқы­лым, жазылым, айтылым, тыңдалым әрекет­терінің негізі осы «Дыбысты әдіс» арқы­лы қалануы керектігін сол кезде-ақ сара­лаған. Мәселен, ұлт ұстазы былай дейді:

Сөз айту – дыбысты ауызбен тізу (айтылым)

Сөз жазу – дыбыстардың белгісін қағаз бетіне тізу (жазылым)

Оқуға келген балалар сөйлей білсе де, дыбыстарды тізіп сөз шығара білмейді, себебі олар сөздің дыбыстан тізілетінін білмейді (оқылым).

Дыбысты білмей, дыбыстың қалай тізілетінін білмей, оқу, жазу үйрену қиын (тыңдалым).

А.Байтұрсынұлы осылай түсіндіре отырып, «бұл усул сотиенің (жаңаша оқы­­ту тәсілі) ең жақсы жолы» деген қо­ры­тынды шығарады және жаңаша оқы­ту тәсілінің басты қағидасы ретінде айты­лым әрекетін бірінші орынға қой­ған:

- әуелі балаларға әртүрлі дыбыс бар екенін білдіру;

- екінші балаларға таныс сөздерді алып, олардың ішінде қандай дыбыстар барын айырту;

- үшінші бөлек-бөлек дыбыстарды тіздіріп сөз айтуды білдіру;

- бұларды білмей тұрғанда балаларға харіф көрсету жарамайды («Баяншы»).

Осылай деген ұлт ұстазы «осы күн­де оқуы тәртіпті жұрттар балаларға харіф көрсетпей тұрып, әуелі дыбыс­пен жат­тықтыратынын» ескерткен. Ал өте­тін әріпті дыбыспен оқыту жолын қа­­зақ мұғалімдеріне былайша тү­сін­ді­реді: «Мұғалім созып «А» деп айта­ды да, балалардан сұрайды не дыбыс ес­тіл­ді? Балалар: «А» деген дыбыс естілді. Мұғалім созып басқа бір ды­быс айтады. Мысалы «З», мұның тура­сында да не дыбыс естілді деп сұ­райды. Осылай бірнеше дыбыстарды айт­қаннан кейін балалар дыбыстың әртүрлі болатындығын біледі һәм бір дыбыстан бір дыбысты айырып тануға күші жетеді. Сонан соң сөз ішіндегі дыбыстарды айыруға да шамалары келеді».

А.Байтұрсынұлы сөз ішіндегі дыбыс­тарды балаларға айырту үшін әуелі бір буынды, сонан соң екі буынды, онан соң үш буынды сөздер алынатынын айтады және екі, үш буынды сөздерді буынға бөлуді үйрету аса маңызды екенін ескерткен: «Бұл арада балаларды сөздің буынымен таныстыру керек. Ол үшін екі буынды, үш буынды сөздерді алып, созып айту керек. Созып айтқанда, сөз буын-буыннан бөлініп естіледі. Мы­салы: «аға» дегенді созып айтқанда екіге бөлінеді, «ағалар» деген сөзді созып айтқанда үшке, «ағаларға» деген сөзді созып айтқанда төртке бөлінеді. Осылайша, бірнеше сөзді созып айтып көрсеткеннен кейін балалар да әр сөзді созып айтып, қай сөзде қанша буын бар еке­нін айыруды біледі. Балалар сөздің буын­дарын һәм дыбыстарын қосып үйрен­геннен кейін, харіфтерді көрсету керек».

Ұлт ұстазы өз «Әліппесін» осы дыбысты әдіспен оқытуды мұғалімдерден талап етті және 1920 жылы шыққан нұс­қау­лығында («Баяншы») өз тарапынан «Дыбыспен жаттығу» тәсілін ұсына отырып, онымен балаларды қалай оқыту жолдарын жан-жақты үйреткен. 1913 жылы жариялаған «Қазақша оқу жайынан» деген мақаласында да «Дыбыспен балаларды жаттықтыру – оқу мен жазу үйретудің негізі», деген болатын.

Ал 1926 жылы А.Байтұрсынұлы «Әліб-бій» (Әліппе) атты жаңа құралды жарыққа шығарды. Бұл кітапта ғалым бұған дейінгі «Әліппесі» тек дыбыстық әдіске негізделгенін, кейінгі кезде дыбыс әдісімен қатар сөз негізді тұтас оқу әдісі шыққанын, сондықтан бұл жаңа құралда дыбыс әдісі мен тұтас оқу әдісі қатар беріл­ге­нін айта отырып, «Әліппе» мен бұл жаңа құралдың қайсысы үйретуге же­ңіл, қайсысымен оқытқанда балалар оқу мен жазуды тез үйренеді, осы жа­ғынан тәжірибе түйілсе екен, деп мұға­лімдерге өтініш білдіреді.

Бұл жаңа құралда сөйлеу әрекет­те­рінің жазылым, айтылым, оқылым түр­леріне әртүрлі тапсырмалар берілген, тың­далым әрекеті «Дыбыстық әдіске» негіз­делген. «Тұтас сөз әдісін» қолдан­ғанда өтпеген әріптер бойынша мысалдар алынбаған. Бұдан А.Байтұрсынұлы­ның бұл әдісті тек керек жерінде ғана қолданып отырғанын аңғарамыз. Бұл оқулықта балалар қызығатындай суреттер, әртүрлі ойын түріндегі топтық, жұптық тапсырмалар, балалардың логи­калық дағдысын жетілдіруге бағыт­талған сұрақтар берілген. Мәселен:

Жазылым бойынша:

«Шыққанын шырпыдан жасау» (ермек-еңбек). Карта үлестіріледі, сонда жазылған сөзді балалар шырпы арқылы жазып шығады.

Алғанын жазу (ермек-еңбек). Сөз жазылған картаны екі баладан немесе үш баладан алады. Сөздің әріптерін санайды. Әрпі көп шыққан жақ ол сөздерді жазады.

Қисындау (ермек-еңбек). Алты сөзді бөлек-бөлек кесіп, екеу-екеуден қосып сөйлем құрайды, сөйлемдерін жазып отырады.

Ақыл хат жасау. Оқулықта суреттер берілген, сол бойынша оқушылар хат жазады.

Ермек-еңбек. Таблицада тоғыз сөз берілген. Тоғыз сөзден сөйлемдер құрап жазады.

Сын атына зат аты. Берілген сын есім­­дердің қасына зат есімді сәйкес­тен­діріп жазады.

Топ хабары. Топтық жұмыс. Бір бала жасауыл болып ойынды басқарады. То­ғыз сөз жазылған картаны үлестіреді, соның ішінде не жазылғанын алған бала табуы керек, таппаса сөзді жазады, тапса жазбайды.

Қайсысын қайда қою. Бұл мәтінмен жұмыс істеу тәсіліне арналған тапсырма түрі. Мәселен, бір мәтінді береді, оны балалар оқиды, оқыған соң мұғалім ба­лаларға карта таратады. Әр картада сөйлем жазылады. Сол сөйлемдерді мәтіндегі орнымен дұрыс қою керек. Дұрыс қойса бала жазбайды, дұрыс қоя алмаса төрт сөйлемді жазады. Бұл тапсырма аясында өлең мәтіндері де берілген. Өлең жолдарын ұйқасына қарай қос-қостап қойып, дұрыс құрап шығу керек.

Суретпен жұмыс. Жеке-жеке сурет­тер беріледі. Мысалы қазы, қасық, тары­ның суреті беріледі, бала соған қа­рап сөйлем құрауы керек. Сонымен қатар суреттер мен оның аттары бөлек-бөлек балаларға таратылады, соны сәйкес­тендірулері керек.

Айтылым бойынша:

Сөйлемдер жасату. Сөздерден ­ауызша сөйлем құрау.

Сөйлеммен лепес жасату. Берілген сөйлемдерден ауызша мәтін құрау.

Жаңылтпаш жасату. Берілген сөй­лемдерді үш қайтара шапшаң-шапшаң айту.

Оқылым бойынша:

Қате оқыған жақ қайта оқиды. Алты сөйлемді мәтін беріледі. Алты ба­ла­дан топтасып сол мәтіндегі 6 сөй­лем­ді кітаптағы мәтінге қарамай қолда­рын­дағы карта бойынша ретімен оқу керек. Қателессе дұрыс оқығанға дейін оқиды.

Ойнаңдар! Ойлаңдар! Балалардың логикалық ойлау дағдысын жетілдіруге бағытталған тапсырмалар. Мысалы:

Тайға мінген балалар жарысып келеді екен.

Бір бала екі баланың алдында келе жатыр.

Бір бала екі баланың ортасында келе жатыр.

Бір бала екі баланың артында келе жатыр.

Неше бала жарысып келеді екен? Санаңдаршы!

А.Байтұрсынұлының 1912-1925 жылдар аралығында қолданылған «Әліппесі» дыбыстық әдіспен оқытуға негізделсе, 1926 жылы шыққан бұл «Әліппесінде» оқыту әдістерін әртүрлі қызықты тапсырмалар арқылы барынша толықтыр­ды, яғни оқыту тәсілдерін «Әліппе­нің» ішіндегі тапсырмалар арқылы бірге беру мәселесін 1925 жылдан бастап қолға алды.

«Бастауыш мектептен үйренген білім әрі оқимын дегендерге негіз боларлық жағын көздеу керек. Бастауыш мектеп оқуы артқы оқудың негізі болуға жарасын. Мектептің міндеті – берген баланы ата-анасының үміті мен мемлекеттің мақсатындағы көздеген түрде адам қы­лып шығару. Қалай үйреткенде бала көздеген түрдегі адам болып шықпақ? Мәселенің қисыны – осы жерінде», де­ген А.Байтұрсынұлының барлық әдіс­темелік ұстанымдары оқушының оқу және функционалдық сауаттылығын арт­тыруға бағытталды. Тілші ғалым Айнұр Сейтбекова атап көрсеткендей, «Қазір жаңа деп танылған әдістемелердің, бү­­гін­гі жаңашыл деп табылған оқыту тех­­но­логияларының көпшілігі Ахмет Бай­­тұрсынұлы еңбектерінен бастау ала­ды» («Тіл әлемі» сайты, 2019 жыл, 6-қыркүйек).

Қорыта айтқанда, ұлтымыздың ұлы ұстазы баланың сауатын ашу әдістерін қайткенде жақсартамын, жетілдіремін деп әлемнің алдыңғы қатарлы тәжіри­белерін зерттеп, озығын таңдап, мұға­лім­дердің жаңаны меңгеруіне жол аш­ты. Қазіргі таңда бастауыш сыныптағы «Әліп­пе», «Қазақ тілі» пәндерін оқытуда Ахмет Байтұрсынұлының әдіс-тәсілдері кеңі­нен қолданылып келеді.

 

Қаламқас БАЙТЕНОВА,

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ «Білім беру бағдарламалары орталығы» Мектепке дейінгі және

бастауыш білім беру

бөлімінің бастығы

Гүлфар МАМЫРБЕК,

«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ «Білім беру бағдарламалары орталығының» аға менеджері