• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Ақпан, 2022

Отан-ана оғландарын ұмытпайды

386 рет
көрсетілді

Жылдар өтсе де ұмытылмайтын сәттер, оқиғалар болады. Тарих сонысымен құнды. 1993 жылдың мамырында қазақ шекарашылары тәжік елінің ауған жерімен шектескен шебін күзетуге кірісті. 2001 жылдың 8 ақпанына дейін жалғасқан жауапты миссияға қазақ даласынан аттанған ҰҚК Шекара қызметінің офицерлері мен сарбаздары өз міндеттерін абыроймен атқарды.

Тәжік-ауған шекарасын күзету, содырлармен қару­лы қақтығыс, есірткі тасы­мал­­дау­шыларды ұстау – тәжік халқының ғана емес, тәуел­сіз еліміздің де бейбіт өмі­рін, тыныштығын қорғау сарбаз­дарға жүктелген салмақты міндет еді. Қазақстандық батальонның әр кезеңдегі жеке құрамдары өздеріне жүк­телген жауынгерлік тапсырманы жанқиярлықпен орындағаны аңыздай айтылып келеді.

Ең өкініштісі, 1994 жыл­дың қыркүйегінде содыр­лар­мен болған қанды қақты­ғыс­та ше­карашы Раджан Батыр­ханов қаза тапса, араға жыл са­лып Ұлт­тық ұланның 17 сар­базы оқ­қа ұшты. Есімі ерлік­пен өріл­ген бұл жандар Ота­ны­мыз­­дың нағыз патриот­тары ре­тін­де тарихымызға таңба­ланды. 

Содан бері де 21 жыл өтіп­ті. Алматы іргесінде есімі ел есінен өшпейтін есімдер 21-ші мәрте еске алынды. Дәстүрлі шарада шекара қыз­метінің өкілдері сол қиян-кескі кезеңнің сұсты бейнесін тағы бір мәрте шолып өтті. Сап түзеген сарбаздар алдында қаруластарының ерліктері жайлы сыр шерткен тәжік-ауған ардагерлері жат ел шекарасында жан бергендерді тебірене еске алды.

ҰҚК Шекара қызметі Ал­маты облысы бойынша депар­­та­­менті­нің Қарасай аудан­дық бас­­қармасында тә­жік-ауған ше­­карасында қаза тапқан батыр­лар рухы­на орнатылған ес­керт­кіш бар. Шекарашылар үшін қас­­терлі саналатын осынау «обе­­­­лиск­тің» алдында жыл са­­­йын ақын­д­ар өлең оқып, пат­риот­­тық әндер шырқалады. Бұл дәс­­түр биыл да жалғасын тапты.

...Шатқал. Күз.

Жатып алды дымқыл

 тұман.

Памир тұр айырылған

 нұр-құтынан.

Кешқұрым.

Тәжік қызы қара киген

Келеді жүрегінен

сырғытып ән...

...Шекарашылардың алдында шабыттана жыр оқыған ақын, шекара қызметінің офицері Рауан Қабдолда. Шекара­шының рухын шекарашы ғана түсінеді деген ол, қапыда қаза тапқан Раджан Батырхановтың ерлігін өлеңмен аспандатты.

Бұл әні тәжік қыздың

 ерлік жайлы,

Ерлік пе?!

Ана үшін бұл ән-қайғы.

Рухтың иісі аңқиды суық

 тастан.

Әй, бала! Әнді тыңда,

Біл мән-жайды...

«Тәжік-ауған шекарасы бізге туған жеріміздің қадірін түсініп, Отанға адал қызмет етуге, жауапкершілік пен тәр­тіпке үйретті. Қаншама жыл­ өтсе де тәжік-ауған ше­ка­ра­сының ардагерлері бауыр­лас тәжік елінің шебінде өт­кен қауіп-қатерге толы күн­­дер­ді бір сәт естерінен шыға­р­­­мақ емес», дейді «Застава тар­­лан­дары» респуб­ликалық қоғам­дық ұйымы Алматы қала­лық фи­лиалының төраға­сы, запас­тағы генерал-майор М.Мәжитов.

Осы жылдардың бедерінде сарбаздар рухына сан мәрте салауат айтылып, кітаптар жазылды. Биыл да жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті. Кіші буын ше­кара­шыларға тәжік елінің шекарасында өткен тынышсыз күндер туралы баяндалды. Салтанатты шарадан қайтып бара жатқанымызда қолын сермеп өлең оқыған шекарашы ақынның шымыр шумақтары жадымызда жаңғырып жатты.

...Мейірімнің Аруанасы

 боздасын да,

Боздасын, шерді аздап

 қозғасын да.

«Болмасын енді соғыс»

 деп тіледі,

Жалт етті Рух ананың көз

жасында...

Иә, ерім деген елі барда, Ер­лік гимні шырқала бермек. Отан-ана оғландарын ұмытпайды...

 

АЛМАТЫ