• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 17 Ақпан, 2022

Қайта қаржыландыру амалдары

499 рет
көрсетілді

Арагідік кейбір сайттар мен әлеуметтік желіде несие кешіріледі деген ақпарат жарқ ете қалады. Оған сеніп, банкке құстай ұшатын адамдар да жоқ емес. Әрине, бәрі де еңсесін басқан қарыздан құтылғысы-ақ келеді. Бірақ алдымен таралған ақпараттың жалған-шын екенін айырып алған абзал.

Жақында тағы да осы сарындас жаңалық ел ішін шарлап кеткен. Жаңалыққа дереу назар аударған Қаржы нарығын реттеу және дамыту а­генттігі таратылып жат­қан ақ­параттың дәйексіз екенін мәлімдеді.

«Осыған байланысты агенттік кредиттері бойынша төлеу мерзі­мі өтіп кеткен азаматтарға қол­дау көрсету үшін 2021 жылғы қазан­нан бастап берешекті реттеу­дің бірыңғай міндетті тәртібі енгізіл­генін хабарлайды. Кредиттер бойын­ша төлеу мерзімі өтіп кеткен жағдайда қарыз алушылар банкке немесе микроқаржы ұйы­мына өтінішпен жүгінуі қажет, онда олардың өтініштері қара­лып, проблемалық берешекті қайта құ­рылымдау талаптары ұсынылады», деп хабарлайды құзыретті орган.

Қарызды қайта құрылымдау талаптары сыйақы мөлшерлемесін азайту; төлемді кейінге қалдыру; өтеу әдісін өзгерту; қарыз мерзімін ұзарту; мерзімі өткен негізгі борыш және (немесе) сыйақыны кеші­ру; айып­ақының (айыппұлдың, өсім­пұл­дың), комиссиялардың және қарызға қызмет көрсетумен байланысты өзге де төлемдердің күшін жою және тағы басқа түрде болуы мүмкін.

Егер қарыз алушы қарызды қай­та құры­лымдау талаптары бойын­ша креди­тормен келісімге қол жеткізе ал­маса, ол кредитордың жауабын ал­ған күннен бастап 15 күн ішінде агентт­­ікке жүгінуге құқылы. Бұл рет­­те қарыз алушы банкке немесе МҚҰ-ға өзінің өтініш бергенін жә­­не өзара ұтымды шешімге қол жет­­кіз­бегенін растау­ды міндетті түр­де ұсы­нуға тиіс», делін­ген хабар­ламада.

Бірақ елімізде ипотекалық қарыздар бойынша теңгемен алған ипоте­калық несиені қайта қаржылан­дыру бағдарламасы жүргізіліп жатқа­ны белгілі. Бұл азаматтар үшін өте тиімді. Себебі кешіру бағдарламасы аясында банктер азаматтың мерзімі өткен берешегін сұрамайды.

«Қазақстанда 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде теңгемен ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету үшін Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын (Бағдарлама) іске асыру жалғасып жатқанын да хабарлаймыз. Бағдарлама шеңберінде қарыз бойынша негізгі борышты жылдық 3 пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен қай­та қаржыландыру жүргізіледі. Қарыз алушының сыйақы, өсімпұл (айып­ақы), айыппұлдар мен комиссиялар бойынша мерзімі өткен берешегін банктер кешіруге тиіс», деп хабарлайды агенттік мамандары.

Несие бойынша ақиқат ақпарат осы агенттіктің ресми сайтында және өзге де мемлекеттік органдар платформасында жарияланады. Сондықтан дәлел-дерегі жоқ, ресми емес мәлімдеулерге сенбеген жөн.