Архангельск – Қызылжар ауданындағы ірі ауылдық округтердің бірі. Оның құрамына енетін Новокаменка және Архангельск елді мекендері облыс орталығына жақын орналасқандықтан және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары басып өтетіндіктен, тұрғындардың бақуатты өмір сүруіне де, төрт түлік өсіруіне де өте қолайлы. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Оның мән-жайына округ әкімі Ирина Рыбакованың дәстүрлі есеп беру жиынына қатысқанымызда тұрғындардың өздері майдан қыл суырғандай етіп тәптіштеп айтып берді.
Баяндамашының ырқына салсаң, бәрі тап-тұйнақтай секілді. Залдың басым көпшілігі қазақтар бола тұра, мемлекеттік тілде амандасуға да жарамаған лауазым иесі 6 беттік баяндаманы ресми тілде сыдыртып оқып берді. Тек бірыңғай жетістіктерді желпіндіргеніне қысылды ма, соңғы жағында ғана көшелердің жөнделетінін, абаттандырылып, жарықтандырылатынын бір ауыз сөзбен қайыра салды. Жұртшылықтың қордаланған проблемаларды тізбелеп, жандарын жабырқатқан, талай жылдан бері арқаларына аяздай батқан, қанша айтылса да шешілмей, баяндамадан баяндамаға «көшіп» жүрген мәселелерге «иә» деп бас изеумен ғана отырды.
Біз жеткен жетістіктерді, толымды табыстарды жоққа шығарудан аулақпыз. Округ аумағында 7 ЖШС, 3 фермерлік, 32 шаруа қожалығы, 2 әлеуметтік-кәсіпкерлік бірлестік жұмыс істейді. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі 20 центнерді құраған. Сүт өнімін сатып алумен «Омаров» жеке кәсіпкерлігі айналысады. «Вагнер» ЖК қоғамдық моншаның құрылысын бастаған. «Павленко» ЖК жаңа дүкен ашқан. «Елім Қызылжар» ЖШС 5 мың тонна көкөніс қоймасын салып, сәбіз сақтауға арналған тоңазытқыш орнатқан. «Молодое Агро» ЖШС асхана мен демалыс аймағының құрылысын жүргізуде. 1 млн теңгеге 7 көшеге шам орнатылған. 25 адам жұмысқа орналастырылған. 17 жаңа жұмыс орны құрылған. 2 адам кәсіби қайта даярлаудан өтіп, шаштараз және сатушы мамандығын алған. 17 кәсіпкерлік субъектісі, 2 ФАП, 1 клуб, 1 кітапхана, Михаил Архангелдің ғибадатханасы, Дмитрий Солунскийдің приходы, намазхана жұмыс істейді.
Баяндама аяқталып, зал ішіне шыбын ызыңы естілетіндей бір уақ тыныштық орнады. Алайда қатысушылардың аузынан «бәрекелді, жарайсың, қанағаттанарлық» деген қолдау шыққан жоқ. Керісінше, баяндама біткенін тағатсыздана күтіп отырғандай сұрақ қарша борады дерсің. Орнынан ашулана тұрған М.Күзембаева қатулана сөйледі.
«Мына Бескөлге бару бір мұң. Жаяу-жалпылап жүргеніміз. Қоғамдық көлік қатынасын қалпына келтіру жайлы қанша айтсақ та, құлағына ешкім ілмейді. Әкімдіктің жанында бұралқы иттер өріп жүр. Әлі күнге дейін құдық суын, жерасты ұңғымаларын пайдаланамыз. Есіл іргемізде, тиіп тұр. Сапалы сумен қамту орталықтандырылмаған. Мен тұратын көшеде түнде жүру қорқынышты, тас қараңғы, Жаңа жылға дейін шам орнатамыз деген уәде сөз жүзінде қалды», деген Марал Уәлиқызы көкейіндегісін осылайша ақтарып салды.
Зейнеткер Николай Пулжиковтің сауалы жайылым-шабындықтарға қатысты болды. Ауыл іргесіне дейін егістікке айналғанын ашына әңгімеледі.
«Осы жерді жыртқан кім, мұндай бассыздықты тыюға ауыл әкімі неге қау-қарсыз?» деген заңды сұрақ туады.
Ақсақалдар алқасының мүшесі Әлім Төлебаев есепті кездесуге бірде-бір шаруашылық жетекшісінің қатыспауын әлеуметтік жауапкершіліктің төмендігіне балады.
«Архангельскіде онға жуық шаруашылық бар, олар аудан орталығы Бескөлмен екі араға жүретін автобустың шығынын көтеріп алуға еш қиналмас еді. Екіншіден, азын-аулақ малмен тірлігімізді айырып отырған біз жайылым мәселесіне қатты алаңдаулымыз. «Жайылым-шабындықтарды өз қалауынша пайдаланып, заңды белінен басып жүрген кеудемсоқтарды атай аласыз ба?», деп тікесінен қойылған сұраққа Ирина Станиславовна үндемей құтылды. Оларды тәртіпке шақыруға, бұрмалаушылықтарды түзетуге әкімнің толық құқы да, мүмкіндігі де жеткілікті. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» заңы бойынша әкімнің аппараты мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып саналады. Өз құзыреті шегінде көптеген функцияны атқару міндеттері белгіленген. Солардың бірі – мемлекеттік органдар мен басқа ұйымдардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпаратты, құжаттарды және өзге де материалдарды сұрау және алу құқығына ие. Олай болса, аудандық әкімдікке дейін жолданған шағымдардың бүгінге дейін ескерілмеуі қалай?
Округ бойынша жайылым – 7 050, егістік – 12 мың, шабындық – 1 800 гектар. Қос ауылда түтін түтететін 581 шаңыраққа шаққанда 1,4 ірі қарадан, 0,5 жылқыдан, 2,6 қой-ешкіден, 0,4 шошқадан ғана келеді екен. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Түгін тартса, майы шығатын Есіл өзені, су айдындары жағасында отырса да, бала-шағаның негізгі нәпақасы саналатын мал өсіре алмаудың басты сыры жайылымдық жерлердің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі дер едік. Бәрінен сорақысы, жолдарға дейін жыртылып тасталғаны. Соған қарағанда «әй дер әже, қой дер қожаның» табылмауына келіп тірелетін тәрізді. Демек, баяндаманың бір тұсындағы жеке сектордағы малды жайылыммен қамтамасыз ете аламыз деген әкімнің сөзін есепті кездесуге келгендердің түгелдей жоққа шығаруы кездейсоқ емес.
Көшелердің Школьная, Береговая, Центральная, Репейная деп аталуына қарап, бұл елді мекеннен белгілі тұлғалар түлеп ұшпаған болу керек деген дүдәмал ойымызды Бітім Нұрғожин, Мұрат Құсайынов жоққа шығарды. Сөйтсе, орысы ормандай ауылдан Есләм Бәукенов және Молдай Байтөсев сынды екі Социалистік Еңбек Ері шыққан екен. Өкінішке қарай, туған жері үшін маңдай терін шүмектете төккен жандарға көше атын беру туралы ұсыныстар қабылданбаған. Оның орнына ауылға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «Репейная» бекітіліп кеткен. «Береговая» қалтарысының өзі – бірнешеу.
Кезінде бұл ауылда еңселі мәдениет үйі де болған. Белгісіз себептермен өртеніп кеткен, орны әлі күнге дейін үңірейіп тұр. Дәрігерлік амбулаторияда жоғары білімді дәрігер медициналық қызмет көрсеткен. Қазір фельдшерлік-акушерлік пунктке айналдырылып, дәрігерлік амбулатория Боголюбовоға көшірілген.
«Жастар кешке қарай қайда барарын білмей сенделіп жүргені. Кезінде жап-жақсы байланыс бөлімшесі жұмыс істеген. Оңтайландыру деген желеумен жауып тынды. Пошташы қазір хат-хабарды, газет-журналды үйінде таратады. Зейнетақы, тағы басқа әлеуметтік жәрдемақылар келгенде проблема көбейеді. Сенесіздер ме, дәріхана жоқ. Күлкілі естілсе де, шындығы осы. Бәрінен де әрқайсысы 7 млн теңгеге тұрғызылған ауыл сыртындағы үш үйдің қаңтарулы аттай иесіз тұрғаны жанға батады», дейді шарасыз тұрғындар кімге шағынарын білмей.
«Оңтүстіктен – Солтүстікке» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Мағжан еліне ерікті түрде көшіп келуге ниет еткен отбасыларды экономикалық әлеуеті жоғары 224 елді мекенге орналастыру белгіленген болатын. Отырар ауданы Шәуілдір ауылының тумасы, 7 баланың әкесі Бақытжан Толыбаев осында орныққан. Ауыл шетінде, желдің өтінде бой көтерген баспананың сапасыздығы жанына қатты батқан. Электр жарығы тартылмаған, үйдің сырты қоршалмаған. Отынға арналған сарай, мал ұстайтын қора салынбаған. Қабырғалар тілім-тілім болып жарылып кеткен. Электр есептегішті өз қаражатына орнатқан. Жанындағы екі ақшаңқан үйдің де төбесінен су сорғалап, еден тақтайлары қақ айырылған. Бүгінде бұл баспаналарда ешкім тұрмайды, күнгейден келген ағайындарымыз басқа жақтарға көшіп кетуге мәжбүр болған. Ау, желге ұшқан миллиондарға жауап беретін шенеуіктер қайда?
Өмір ЕСҚАЛИ,
журналист
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы