• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Пікір 22 Ақпан, 2022

Жүйелі іс қана жүкті жеңілдетеді

705 рет
көрсетілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына берген сұхбатын ел болып көріп шықтық.

Біріншіден, журналист тарапынан өте жақсы, түйткілді, елдің көкейінде жүрген бірқатар сұрақ қойылды. Беріл­ген жауаптардан Президенттің барлық ақпарат құралдарына шолу жасап отыратынын, әлеуметтік желілерде де көп пікір туғызатын посттарға, пікірлерге, ойларға назар аударатынын, елдің көкейіндегі кез келген сұрақтардан, оқиғалардан хабардар екенін аңғаруға болады. Бұдан билік пен халық арасының жақындау үдерісі­нің жылдам жүріп жатқанын көреміз. Яғни біздің ел азаматтық қоғам құруға бет алғандығын байқаймыз. Бұл – өте жақсы қадам!

Екіншіден, әрине қазіргі сәтте қоғам­ды елеңдетіп отырған нәрсе ол – қаңтар оқиғасы. Қаңтар оқиғасына байланыс­ты мен бір нәрсені баса айтқым келеді. Мемлекет басшысы болғаннан кейін, тәжірибелі дипломат ретінде ол кісінің ашық айтатын мәселелері бар және өзінің бір деңгейінде әліптің артын бағатын сәттер де жеткілікті. Ол – тергеу жұмыстары. Тергеу жұмыстарын арнайы құқық қорғау органдары жан-жақты жүргізіп жатыр. Қазір Қазақстан халқы «Сол дүрбелеңнің артында кім тұрды? Қанды қырғынды кім ұйымдастырды? Оған қандай топтар мүдделі болды?» деген сауалдарға жауап күтіп отыр. Осы сауалдарға байланысты Президент, бұл дүрбелеңді ұйымдастырған, іске асырған, мақсат­тары мемлекеттік төңкеріс жасау болған арнайы, тыңғылықты дайын­дықтан өткен террористік топ деді. Яғни бұл – алдын ала дайындалған, халық­тың ішіне әбден тереңдеп, тамырланып енген ұйымның жұмысы. Оған халық­тың да көзі жетті. Ендігі сауал, ол ұйымның басында кім тұрды, негізгі ұйымдас­тыру­шы кім? Олардың нақты мақсаты қандай деген сұрақтардың жауабын білгісі келген халық тынышсызданып барады.

Алдымен мына жағдайды ескеруіміз керек, бұл сауалдарға бір-екі адамды ұстай салып, соларды тергей салып, нәтижесі айтылмайды. Ол әбден зерттеледі, тергеледі, тексеріледі. Содан соң барып, жауап беріледі. Осыны жадымызда жақсы ұстауымыз керек. Егер жауап берілмесе, елдің арасында хаос ту­ғызу, террорлық әрекеттер жасау, би­лікке қарсы шығу, басқа да түрлі қар­сы­лықтар туындай береді. Ал ондай жағ­дайда тағы да бейбіт халық арандайды, түрлі қиындыққа ұшырайды. Зардап шегеді. Осы орайда біз дұрыс түсініп, дұрыс қорытынды жасауымыз керек.

Қазақстандағыдай жағдай өзге елдерде де болған. Мысалы, Түркияда 2016 жылы діни радикалды топтар әскери төңкеріс жасады. Жағдай ушыққан сондай сәтте Түркия Президенті Ердоған Кипрге барды да тікелей эфирге шығып, бүкіл халыққа үндеу жолдады. Бір ел­дің басшысы өзінің ордасын тастап, басқа бір аралға баруға мәжбүр болды. Сондай қиын жағдайда бүкіл Түркия халқы президентін қолдап, төңкеріс жасаушыларды өздері бірге жүріп ұстап, оларды түрмеге тоғытты. Қазір біздің халыққа керек болып жатқан нәрсе – осы. Халық басшысын осылай қолдау керек. Бізде болған жағдай сол Түркиядағы төңкеріс жасау әрекетімен ұқсас. Ал енді бұдан бөлек басқа да мәселелер бар. Ол – жалпы ақпарат таратушыларға қарата айтылған Президенттің сөзі. Бізде кәсіби деңгейдегі журналисттер бар, одан бөлек қоғамдық пікір туғы­затын түрлі деңгейдегі адамдар бар. Оны блогер дейміз, әлеуметші, бас­қа дейміз. Мысалы, Кеңес дәуірінде бел­гілі бір шағын бас­палар, бұқаралық ақпа­рат құралдары болды. Бірді-екілі газет, телеарна деген сияқты. Содан кім сөй­лейді, қандай журналист, қандай жазушы, қандай зиялы қауым өкілі пікір білдіреді, солардың ойы маңызды болды. Олар қоғамда пікір туғызып, пікір қалыптастыра білді. Тіпті бір адамның мақаласы лауазымды тұлғаны орнынан алып тастайтын деңгейге жетті. Қазір бұл форма ауыс­ты. Бұны биліктегі саяси технологтер де жақсы түсінуі керек. Және түсініп те отыр деп ойлаймын. Бірақ фейктерге фейктермен жауап беру деген – ол уақытша ғана әрекет. Бұл бағытта біз тұрақты, жүйелі түрде жұмыс істеуіміз керек. Нәтижелерді көрсе­туіміз қажет. Енді бұл мәселеде ақпарат таратушы тарих алдында, ар-ұяты мен келер ұрпақтың алдында өзінің жауапкершілігін сезінуі керек. Мен қандай ақпарат таратып отырмын, мүмкін бұл мемлекеттің тұтастығына зиян тигізетін, мемлекетті құрдымға жіберетін ақпарат емес пе деп әрбір азамат ойлануы керек дегенді меңзеді Президент аталған сұхбатында. Бұдан да басқа әкімдерді сайлау сияқты нақты мәселелер де айтылды. Бұл қадамдардың барлығы демократияны орнықтыруға, жалпы жұрттың талабынан шығуға, халықтың көңіліндегіні дөп басуға деген талпыныс деп білемін. Осындай жағдайда біз халық болып, Президентке, оның жаңадан жасақтаған командасына жұмыс істеуге, реформалар жасауға мүмкіндік беруіміз керек. Яғни Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегіне топтасып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» сын сәтке жеттік! Егер де осындай алмағайып уақытта топтасып, бірліктің ерен үлгісін көрсете алмасақ, біз келер ұрпақ алдындағы борышымызды өтей алмаймыз! Тарихтың дауылды сынына төтеп бере алмаған халықтардың санатында қаламыз!

 

Ғалымжан ӨТЕЛБАЙҰЛЫ,

«Қазақ әуендері» АҚ президенті