Ал театр өнері үшін сол ізденістің үздіксіз болуы аса маңызды. Өйткені бұл – қоғамның бүгінгі үні мен тынысын көркемдікпен баяндайтын ерекше өнер. Сол қоғамның көшіне ілесе алмайтын, адамзат проблемасын әр уақыттың өз тілімен ашық түрде насихаттауға ниетсіз, сол арқылы болашаққа бағдар жасауға мүмкіндігі жоқ сахналық өнерде мәннің де, сәннің де болмайтыны ақиқат. Осы тұста қазақ театрларының бүгінгі тынысы қандай, сахналық-көркемдік ізденісі қай бағытта, қандай деңгейде деген сауалдың тұруы заңдылық.
Елімізде дәл қазіргі таңдағы сахналық өнердің аса қарқынды дамып келе жатқандығы белгілі. Яғни жаңа форма, жаңа көзқарастың қалыптасып үлгергеніне біршама уақыт болды. Сол негізде әсіресе жас режиссерлер арасынан айтулы есімдердің танылғанына да куә болып жүрміз. Демек бүгінгі шығармашылық ұжымдардың ішінде сан жағынан аз болса да әлемдік сахна өнерінің даму үдерісімен санасып, соған ілесуге мүмкіндігін байқатып жүрген ұжымдар жоқ емес. Әрине, мұндай мүмкіндіктердің еліміздегі барлық дерлік театрда орын алып отырмағаны анық.
Жалпы, елімізде ресми түрде білетініміздей, алпыстан аса театр бар. Соның ішінде тарихы өткен ғасырдың алғашқы жартысында қалыптасып, дамудың түрлі сатысынан өткен, тәжірибелі ұжымдар сан жағынан едәуір. Алайда олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі көңіл алаңдатарлық деңгейде. Бұған дәлел Шығыс Қазақстан облыстық Семейдің Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының шығармашылық әлемнен алшақ жатқандығы. Анығын айтар болсақ, өткен жылдың соңғы айларының бірінде аталған театрдың репертуарындағы спектакльдерін көру үшін Семей қаласына баруға мүмкіндік туды. Ұлттық театр өнерінің қайнар көзі, бастауы саналғанымен, мәдени орталықтан шалғай жатқан ұжымның қазіргі шығармашылық ізденісі кімнің де болмасын қызығушылығын тудырмай қоймайды, әрине.
М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек», «Айман – Шолпан», «Абай», «Бәйбіше – тоқал», Б.Майлиннің «Майдан», «Шұға», «Жалбыр», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» тәрізді кесек шығармаларын сахналаудан бастаған ұжымның тарихында А.Александровтың «Малиновкадағы той», А.Корнейчуктың «Платон кречет», Н.В.Гогольдің «Үйлену», «Ревизор», Ү.Ғаджыбековтің «Аршын – мал алан», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші», Н.Островскийдің «Жарлылық ұят емес», Н.Хикметтің «Махаббат туралы аңыз», Ш.Айтматовтың «Жәмила», Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», т.б. айтар ойы салмақты, режиссердің де, актердің де кеңінен һәм тереңнен ізденуіне ықпал ететін, әрбір өнерпаздың көсіліп ойын көрсетуіне мүмкіндік беретін сом шығармалардың қойылғанына аталған театрдың тарихы куә. Осындай шығармалар арқылы өздерінің қарым-қабілетін, қиял байлығын танытқан Бәйтен Омаров, Есмұхан Обаев, Шопан Кәрібаев сынды білікті режиссерлермен біте қайнасып қызмет еткен Нұритдин Атаханов, Әбілқасым Жаңбырбаев, Гүлсім Әбдірахманова, сексенінде сахнадан түспеген Күләш Сәкиева сынды нар актерлердің көзін көрген, ізін басқан бүгінгі буынның өнерге деген салқынқандылығы көз де, көңіл де қуантпады. Біз көрген спектакльдердің көркемдік деңгейінің тым төмендігіне заманауи көзқарастың жоқтығы, қаражат тапшылығынан арзан (немесе тегін) драматург пен режиссерге жәутеңдеуге мәжбүрлік себеп болған.
Театр басшысының айтуына қарағанда, бір кездері ортақ шаңырақтың астында отырған үш театрдың әрқайсысына облыстық әкімдік тарапынан бөлінетін қомақты қаражаттың көлемі соңғы кездері тым қысқарып кеткен. Әрине, пьеса авторы мен режиссер қаламақысының, бір спектакльге қажетті компоненттердің: декорация, костюм, ән жазу, афиша, жарнама, т.б. қазіргі күнде арзан тұрмайтынын ескерсек, тым аз қаржының қандай театрдың болмасын адымын аштырмайтыны белгілі. Ұжымның көбінде тегін драматургке, арзан режиссерге жүгінуге мәжбүр болып отырғаны осыдан. Демек бұл – арзанның сорпасы татымайды деген сөз.
Әрине, қаражат мәселесі, оның жыл сайынғы бөліну процесіндегі олқылықтар – бір Абай театрына ғана емес, жалпы облыстық әкімдіктерге қарасты ұжымдардың көпшілігіне ортақ мәселе. Алайда Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы өнер ошақтарын айтпағанда, кейде көріп қалған облыстық ұжамдардың гастрольдік қойылымдарының, халықаралық, республикалық театр фестивальдерінде көріп жүрген басқа да спектакльдер мен Семей театры репертуарындағы шығармалардың көркемдік деңгейінің арасы жер мен көктей. Фестиваль демекші, гастрольдерде, халықаралық, республикалық театр фестивальдерінде бір емес, бірнеше мәрте көрсеткен Иран-Ғайыптың пьесасы негізіндегі сахналанған «Керікеткен» («Адасқан бақ құсы») спектаклінің театрдың ізденісіне салмақ қосып, репертуарлық жыртығына жамау бола алмасы анық еді. Бір кездері Алматы қаласының жұртшылығына ұсынған «Махаббат қызық, мол жылдар» спектаклінің де бұл театрға табыс алып келмегенін білеміз.
Осы тұста әрбір спектакль үшін арнайы тігілуге тиісті кейіпкерлер костюмдерінің жұпынылығының да көзге бірден түскенін айтқымыз келеді. Орысша айтқанда «подбор» киімдердің тым ескілігі, кейіпкерге де, рөл орындаушыға да сәйкес келмейтіні көрініп тұр. Бұдан кейін грим мәселесін сөз етудің өзі артық сияқты. Театр әртістері сахналық грим мен күнделікті бояудың (макияж) аражігін ажырата алмайтын сыңайлы. Тақырыбы айтып тұрғандай, жасы жиырмада болғанымен мәңгілік баланың күйін кешкен Ләйләнің рөліндегі Сұлушаш Төлекованың тұрпайы бет бояуы кейіпкердің әлеуметтік, психологиялық-потологиялық ахуалына мүлдем қарама-қайшы. Сол сияқты тұрмысы тым аянышты беріліп, спектакльде өте жұпыны күн кешетін, тұрғылықты үйі тым бейшара күйде безендірілген Қатираның сәнді, таза киімі де сол қарама-қайшылықты одан әрі тереңдеткен. Бұлардың барлығы – «Мәңгілік бала бейне», «Кешір» («Лифт»), ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арнап қойылған «Бес нәрсе» және балаларға арналған «Ойыншықтар» спектакльдерінен байқалған олқылықтар. Алғашқы спектакльдегі өте жұпыны декорация, сахна төріндегі Тамғалы шатқалындағы тастарға қашалып салынған Күн басты құдайдың бейнесі мен түтінге оранған қаланың қатар тұрған сәтсіз әрі түсініксіз плакаты («Бес нәрсе»), «Кешір» қойылымындағы актерлер әрекет ететін тар лифтінің формасы мен сахна төріндегі LED экраннан бейне-жазбамен берілетін лифтінің төмен-жоғары теңселген жүрісінің қатар берілуі театрдың ізденісін аңғартпады. Түпнұсқа атауы «Кешір» деп өзгертілген шығармада рөл орындаушылар тар шеңберде (лифтіде) өнер көрсеткендіктен, сол лифтінің ішінде тоғысқан түрлі тағдырдың драмалық халін, сондай-ақ актерлердің сәтті ойындарын байқаудың қиынға соққанын жасырмаймыз.
Сол сияқты актерлердің барлығында дерлік дауыс-дикцияның жоқтығы, олардың барлық қойылымда да бір орында тұрып сөйлеуі, рөлмен, кейіпкермен жұмыс жасауға деген енжарлық, ең бастысы, режиссердің жоқтығы, жалпы қоғам өміріне, өнерге қазіргі көзқараспен қарайтын, заманауи шешімдер жасауға бейім жастармен жұмыс жасауға немқұрайдылықтың басымдығы анық байқалады. Тағы бір айта кетерлігі – бұл театрда кәсіби білімі бар әртістердің саны тым аз. Көбінде музыкалық, педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындары мен колледждерді тәмамдаған мамандармен, яғни сахнаның сырын сонау іргетасынан бастап меңгермеген жастармен алға жылжимын деп ойлау – абсурд. Осы тұста театр өнерін түсінетін, түсінгісі келетін жастардың барын жоққа шығара алмаймыз, тікелей актерлік мамандықты иеленбесе де репертуардағы қойылымдардың басым көпшілігінде өнер көрсететін солар. Керісінше, сондай ынталы жас буынға жол көрсететін тәжірибелі әртістердің немқұрайдылығы басым деп айтар едік. Осындай мәселелермен қатар жарық беруші маманның шығармашылық ізденіске мойын бұра бермейтіндігін аңғаруға болады. Жарық беруші сол жарықтың спектакль үшін аса қажетті әрі маңызды компонент екендігін түсінбейтін болуы керек немесе өз ісіне немқұрайды қарау орын алған.
Салыстырмалы түрде айтқанда, бірнеше жыл бойы осы ғимаратта Абай атындағы және «Дариға-ай» жастар театрларымен бірге қызмет етіп келе жатқан орыс ұжымының шығармашылық ізденісі өте жоғары деңгейде екен. Мұны үнемі Ресейден режиссерлер мен әртістерді шақырып, көршілес елмен шығармашылық бірлестікте жұмыс істеп отырған театрдың бір ғана қойылымынан байқауға болады. В.Шукшиннің бірнеше әңгімесінің желісінде сахналанған А.Глушковтың «Жить... Жить... Жить» спектакліндегі қарапайым әрі сауатты сценография мен киім үлгілері, рөлдегілердің шынайы ойыны труппаның бүгінгі көрерменнің рухани-эстетикалық талғамына сай жұмыстар атқарып жатқандығын айқындайды. Бір ауылдағы тұрғындардың күнделікті тұрмысын баяндайтын қойылымдағы актерлердің әр көрініс сайын костюмдері мен декорацияны жарықты өшірмей, көрерменнің көз алдында-ақ ауыстырып отыруының өзінде сахналық үлкен мәдениет бар. Ал қазақ театры үшін бірнеше секунд (әрине сахналық өнер үшін 2-3 секундтың өзі тым ұзақ) бойы сахна қараңғы болып тұруы керек екен. Жалпы айтқанда, Ф.Достоевский театры қомақты қаражатты та, дарынды режиссерді де, таланатты өнерпаздарды да табудың жолын тапқан. Демек барлық мәселені қаражатқа тіреп, қол қусырып қарап отырмай, ұжымның бүгінгі заманауи технологияларды қолдануға деген ниетін арттырып, үлкен дүниелер жасауға болады екен. Әрі дәл осы жерде ұлттық намыстың да бой көтергені дұрыс-ақ.
Ал «сен тимесең, мен тиме» қағидасын ұстанған Абай театрында ілгері дамудың жолына әлдеқашан түсіп, адам қиялының шексіздігін байқатып жатқан әлемдік театр үдерісіне ілесуден бұрын, сол ілесуге деген ой да жоқ сияқты. Ұжым мүшелерінің көпшілігінде өнерге деген фанатизмнің жоқтығы табудың көптеген көздері мен мүмкіндіктері бар қаражатты да, заманауи көзқарастағы репертуарлық саясатты да жоқ еткен. Жалпы, соңғы он-он бес жылдың ішінде халықтың рухани-эстетикалық талғамын арттыратын, бүгінгі күнге ХХІ ғасырдың көзқарасымен қарауға мүмкіндік беретін драмалық шығармалардың болмауы, тіпті музыкалық театр мәртебесіне сай спектакльдердің жоқтығы (болса да тым аздығы) аталған театрдың шығармашылық ізденісінің төмен деңгейін танытып-ақ тұр. Аталған ұжымның заман көшіне ілесуге, әлдеқашан техникалық-технологиялық құралдардың қажетті әрі маңызды әдістерін меңгеруге бет бұрған қазіргі кейбір қазақ театрларының шаңына да ілесе алмай отырғаны ойлантады. Абайдың есімін сол ұлы ақын туып-өскен топырақта иеленіп отырған ұжымның осындай мәселелерде селт етпеуі өкінішті-ақ.
Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Жанғалиұлының өткен жылдың қараша айында жарық көрген «Халің қалай, театрым?» деген мақаласында театр өнерінің төңірегіндегі НЕГЕ деген сұрақтарды ортаға салуы осындай ұжымдардың жұмыстарын көріп-білгендіктен туындап отыр. Бұл көп сауалды қойып алып, соған жауап таппай дағдарған басшының осындай алға жылжудың орнына керікеткен театрларға жан ашудан туындаған жан айқайы болатын. Негізінен қазіргі театр, кино мен теледидардың Facebook, Instagram, Twitter сияқты басқа да әлеуметтік желілермен бәсекелестікке түсіп отырған уақытта сахналық өнер үшін атқаруға тиісті істер өте көп. Ал аталған театрға ұжым тарапынан іс пен ізденістің, басшы тарапынан іскерліктің қажеттілігі қатты байқалады.
Зухра ИСЛАМБАЕВА,
өнертану кандидаты, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры